Accessibility links

Әкімдік сквоттер әйелдің талабымен келіспеді


Гүлжаз Әбжамалова кіріп алған пәтерінің бір бөлмесінде отыр. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.
Гүлжаз Әбжамалова кіріп алған пәтерінің бір бөлмесінде отыр. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.

Гүлжаз Әбжамалова Сәтбаев қаласы әкімдігінен өз бетімен кіріп алған пәтерді заңдастырып беруді сұрап отыр. Ол «жұмыссыз, үш баланы бағып отырған жалғызбасты ана әрі екінші топтағы мүгедек» екенін айтады. Әкімдік оны үйден қуып шығуды талап етіп сотқа берген.

Пәтерде жылу батареялары, асүйде терезе жоқ. Өзге біреуге тиесілі коммуналдық қарыздардың мөлшері 100 мың теңгеге (500 доллардан астам) таяп қалған. Алайда Гүлжаз Әбжамалова бұған да наразы емес. Төрт ай бұрын үш балалы жұмыссыз әйел екі бөлмелі пәтерге өз бетімен кіріп алған. Бұл – Қарағанды облысының кішігірім өнеркәсіптік қаласы Сәтбаевта болған оқиға.

40 жастағы Гүлжаз Әбжамалова әрекетінің заңға қайшы екенін мойындап отыр. Бұндай азаматтарды, яғни бос не иесіз орындарды өз бетімен басып алатындарды сквоттерлер деп атайды.

ЕЛЕС ҚАЛАДАҒЫ ИЕСІЗ ПӘТЕР

Сәтбаев – Қазақстандағы моноқалалардың бірі. Бұндағы өмір 1990 жылдардағы өнеркәсіп дағдарысынан кейін тоқырап қалмақ түгіл, кері кетті десе де болады. Қалада бірнеше кеніш бар, түсті металдар өндіріледі, алайда қала тұрғындарына бұл байлықтан келіп-кеткен ештеңе жоқ секілді.

Гүлжаз Әбжамалова баспаналы болу үшін бәріне дайын екенін айтады. Осы уақытқа дейін ол үш баласымен жалдамалы пәтерден пәтерге көшіп

Гүлжаз Әбжамалова тұрып жатқан үйдің терезесі жоқ асханасы. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.
Гүлжаз Әбжамалова тұрып жатқан үйдің терезесі жоқ асханасы. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.

келген. Гүлжаздың үлкен ұлы он бірде, кіші ұлы сегізге келген, ал қызы алтыда ғана.

Жолдасы бес жыл бұрын жүрек талмасынан қайтыс болған. Бір жылдан соң өзі туберкулезге шалдыққан. Қазір ол – екінші топтағы мүгедек. «Осы себепті жұмысқа орналаса алмаймын» дейді ол. Гүлжаздың арнайы орта білімі бар – машинист-хатшы. Ол осы өлкеде, Ұлытау ауданының Амангелді ауылында туып-өскен. Қалаға барып, сонда орнығуды армандаған. Алайда қазір жесір әйелге күнкөрістің өзі мұң болып отыр. Енді ол өзі кіріп алған күтімсіз пәтерде тұруға биліктен рұқсат алуға барын салып жүр.

Гүлжаз Әбжамалова 2014 жылдың басында Сәтбаев қаласының 5- шағынауданындағы үйлердің бірінде иесіз пәтердің барын таныстарынан естіген. Оның сөзінше, бұл пәтерді «жергілікті маскүнемдер мен қаңғыбастар жайлап алған».

– Пәтер иесі қайтыс болған, оның еш туысы болмаған. Жылдар бойы пәтер иесіз қаңырап тұрды. Бұл жайында мен кездейсоқ білдім. Сосын Сәтбаев қаласының әкімдігіне барып, осы пәтерге мені жіберулерін сұрадым. Олар рұқсат етпеді, мән-жайды тексеретіндерін айтты, – дейді Гүлжаз Әбжамалова.

Алайда ол жергілікті биліктің жауабын күтпей, бос пәтерге орналасып алған. «Мені бұл қадамға шарасыздық итермеледі» дейді Гүлжаз. Жалға

Гүлжаз Әбжамалова кіріп алған пәтерінің бір бөлмесінде отыр. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.
Гүлжаз Әбжамалова кіріп алған пәтерінің бір бөлмесінде отыр. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.

алып отырған үйге ай сайын төлеуге 35 мың теңге (200 доллар шамасында) табылмағанын айтады.

– Мен нансыз, ештеңесіз өмір сүрдім. Барлық ақша пәтердің ақысына кетіп отырды. Әкімдікке барып, мүгедек ретінде пәтерге кезекте тұрғанымды және кезегім жылжымай жатқанын сан рет айттым. 2011 жылдың мамырында кезекке тұрғанмын, алайда әлі күнге кезегім 239-дан алға жылжыған емес, – дейді Гүлжаз Әбжамалова.

Төрт адамнан тұратын отбасының кірісі мемлекеттік жәрдемақылардан құралады. Асыраушысын жоғалтқан отбасы ретінде 13 мың теңгеден астам (70 доллар) алады, мүгедектігі бойынша 23 мың теңге шамасында (126 доллар) және әр балаға тоқсан сайын 5 мың теңге (27 доллар) төленеді.

ӘКІМДІК ПӘТЕРДІҢ БОСАТЫЛУЫН ТАЛАП ЕТЕДІ

Гүлжаз Әбжамалова пәтерде шамасы келгенше жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал Сәтбаев қаласының әкімдігі «өзге пәтер бермей, мемлекеттік қордағы пәтерден шығарып жіберу» үшін әйелді сотқа берген.

Азаттық әкім мен оның орынбасарларынан түсініктеме ала алмады. Жергілікті билік өкілдері «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңмен таныс болмаса керек. Халықты қабылдайтын күндері сұраныс жасауды

Гүлжаз Әбжамалова пәтер басып алған үй. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.
Гүлжаз Әбжамалова пәтер басып алған үй. Сәтбаев қаласы, 10 шілде 2014 жыл.

ұсынды. Бірталай қоңырау шалынған соң әкімдіктен «әкімнің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі орынбасары іссапарда жүр, ал бірінші басшының өзі кезекті жиналыс өткізіп жатыр» деген жауап алдық.

Сәтбаев қаласының әкімі Әнуар Омар қол қойған арызда Гүлжаз Әбжамалова тұрып жатқан пәтер «қаланың мемлекеттік (коммуналдық) тұрғын үй қорына кіреді» делінген. Себебі «бұл пәтерге деген жекеменшік құқығы ешкімге тіркелмеген».

Сәтбаев қаласының әкімдігі бұндай пәтерлерге кімді және қандай кезекпен кіргізетіні арызда «Тұрғын үй қатынастары» заңының баптарымен түсіндірілген. Әуелі Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен жетім балалар тұр, содан соң әлеуметтік жағдайы нашар азаматтар, одан кейін мемлекеттік қызметкерлер мен апатты жағдайдағы үйлерде тұрып жатқан азаматтар тұр.

Сотқа берілген арызда Гүлжаз Әбжамалованың қай санатқа жататыны айтылмаған. Алайда әлеуметтік пәтер алуға тұрған кезектік номері ретінде 239 көрсетілмеген. Гүлжаз пәтерге өз бетімен кіріп алғандықтан билік соттан «басқа пәтер бермей, шығарып тастауды» сұрап отыр.

Бұл іс бойынша бірінші отырыс Сәтбаев қаласында 22 шілдеге жоспарланған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG