Accessibility links

«Бұзақыдан» «тонаушыға» айналу


Полицейлер соты. Теміртау, 19 қараша 2015 жыл.
Полицейлер соты. Теміртау, 19 қараша 2015 жыл.

Теміртау қаласының тұрғыны алаяқтық бабымен айыпталған екі полицейді сотқа тартқызды. Судья тараптардың бітімге келуіне уақыт берді.

Қарағанды облысы Теміртау қаласы ішкі істер департаментінің Шығыс полиция бөлімінің кепіл ақшаға босатылған бұрынғы тергеушісі Жасұлан Жолдасов пен қазір қамауда отырған жергілікті жол полициясы батальонының бұрынғы қызметкері Мейіржан Андабаев сотқа тартылды. Жанжалдан кейін екеуі де жұмыстан «өз еркімен» босаған. Сотталушы полицейлер «кісі тонағаның үшін жазаны жеңілдетеміз» деген уәдемен жергілікті тұрғын Ш.Сергейден ақша мен көлік бопсалады деп айыпталады. Сотталушының екеуінің де кішкентай балалары, отбасылары бар.

Теміртау қаласы тұрғыны Ш.Сергейдің айтуынша, ол қылмыстық тергеуге бұзақылық айыбымен іліккенімен, екі полицейге әлдебір тонауға қатысты іс бойынша тұтқындамас үшін 300 мың теңге мен көлігін берген. Іс материалына қарағанда, Ш.Сергей бұзақылық жасағанын мойындайды, бірақ бұзақылық ісіне қатысты тергеу кезінде бопсалауға ұшыраған. Полицейлер оған «сыйақы» берсе, қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуге және «Тонау» бабы бойынша қозғалған қылмыстық істі жазасы жеңілдеу қылмыс түріне ауыстыруға уәде еткен. Ақыры бұзақылыққа қатысты іс екі полицейдің «көмегінсіз-ақ» тараптардың бітімімен тоқтатылған. Арызданушы «полицейлер уәделерінде тұрмады» деген уәжбен екеуіне берген ақшасы мен көлікті қайтаруын талап ете бастаған.

Судья Наталья Щеглетова. Теміртау, 19 қараша 2015 жыл.
Судья Наталья Щеглетова. Теміртау, 19 қараша 2015 жыл.

Арызданған Ш.Сергей «мұның алдау, алаяқтық екенін түсінген кезде полицияға жүгіндім» дейді. Қарағанды облысы прокурорының рұқсатымен жарияланбаған тергеу амалдары жүргізілген. Екі полицейдің арызданушыға параның бір бөлігі – 100 мың теңгені қайтарған сәті видеоға тіркелген.

Сергей Ш. сот отырысына қатысудан бас тартты. Ол «Теміртау – шағын қала, сондықтан жәбірленуші екенімді жұрттың білгенін қаламаймын» деген уәжбен тергеу кезінен бастап БАҚ-та толық аты-жөнін жария еткісі келмеген.

Бұрынғы тергеуші Жасұлан Жолдасовқа «қызмет бабын пайдалану арқылы топтасып алақтық жасау» айыбы тағылған. Ал жол полициясы батальонының бұрынғы қызметкері Мейіржан Андабаевқа бұл баптан бөлек «лауазымды тұлғаға пара беруге итермелеу» бабы мен «алаяқтық» бабы бойынша айып тағылған. Тергеу болжамынша, Андабаев көлікті сатып, алаяқтық әрекеттер жасаған.

Бұрынғы полиция тергеушісі Жолдасов айыбын жарым-жартылай мойындайды. Нақты нені мойындайтыны сотта айтылмады.

Екінші сотталушы Андабаев айыбын толық терістейді. Бүгін оның адвокаты кейбір процессуалдық құжаттарды айғақ заттар ретінде тану туралы өтініш беріп, клиентіне қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтінішін жариялады.

– Менің клиентім сот өндірісі барысына ешқандай ықпал ете алмайды, сондықтан бұлтартпау шарасын қамаудан кепілге босатуға ауыстыруды сұраймын. Екінші сотталушының айтуынша, жәбірленуші ақшаны өзі берген. Сондықтан клиентімнің тарапынан пара беруге итермелеген ешқандай әрекет жасалуы мүмкін емес, – дейді Мейіржан Андабаевтың адвокаты.

Бұдан бөлек сотталушының адвокаты «арызданушы Сергей Ш. пара берген, демек жәбірленуші бола алмайды» деген уәжбен оның бұл істе жәбірленуші тарап ретінде қаралатынына қарсылық білдірді.

Айыбын жартылай мойындаған екінші сотталушы – полиция бөлімінің бұрынғы тергеушісінің адвокаты процессуалдық келісімге келу туралы өтінішін мәлімдеді. Судья Наталья Щеглетова да тараптарға дәл осындай мүмкіндік - процессуалдық мәміле, яғни «сот төрелігімен мәміле жасауға» уақыт берді.

Келесі сот отырысы желтоқсанның 3-іне белгіленді.

XS
SM
MD
LG