Accessibility links

Оққа ұшқан Яковенко ісі бойынша екі полицей ұсталды


Дмитрий Яковенконың фотосының ар жағында отырған - оның анасы Елена Яковенко. Алматы облысы, 3 қыркүйек 2015 жыл.
Дмитрий Яковенконың фотосының ар жағында отырған - оның анасы Елена Яковенко. Алматы облысы, 3 қыркүйек 2015 жыл.

Тұтқындау кезінде оққа ұшқан талдықорғандық Дмитрий Яковенко ісі бойынша екі полицей ұсталды. Бірақ қаза тапқан жігіттің туыстары «кінәлілер бұдан да көп» деп мәлімдейді.

Бүгін Алматы облысы прокуратурасы Талдықорған қаласы ішкі істер басқармасына қарасты әкімшілік полициясының ұсталған екі қызметкерінің бірі – 30жастағы Дмитрий Яковенкоға оқ атқан полиция аға лейтенанты Азамат Нұрлыбаев екенін хабарлады. Оған қылмыстық кодекстің 362-бабы бойынша «Билігін және қызмет өкілеттілігін асыра қолдану» айыбы тағылған. Жұртты шулатқан іске қатысты екінші айыпталушы – Айдос Байбеков. Ол қылмыстық кодекстің 416-бабы – «Ауыр қылмысқа қатысты дәлелдерді бұрмалау» бабы бойынша айыпталады. Болжам бойынша, ол қаза тапқан жігіттің қолына пышақ ұстатқан.

– Бұл полицейдер өздерінен күдікті сейілтіп, тергеуді теріс жолға салу үшін қылмысқа барған, – деп мәлімдеді журналистерге облыс прокуроры Ғабит Миразов.

Алматы облысы арнайы прокурорлары ұстаған полицейлер Нұрлыбаев пен Байбеков уақытша тергеу абақтысына қамалды.

Жанында Дарья Ильченко және Ксения Дятлова деген екі бойжеткен бар Дмитрий Яковенко шілденің 30-ы күні танысының көлігінде келе жатқанда оққа ұшқан. Көлік жүргізушісі Андрей Пак полицейлер құжат тексерген кезде көлігін от алдырып, қашып кетуге әрекеттенген және көліктің капотына ілініп қалған полицейді 200-дей метр жерге сүйреп әкеткен. Қазір жүргізуші Пак тергеу абақтысында отыр, оған «Билік өкілдеріне қарсылық көрсету» бабы бойынша айып тағылған. Полицияның мәлімдеуінше, оның жанындағы жолаушы Дмитрий Яковенко да полицейге пышақ кезеп, қатер төндірген.

Дмитрий Яковенконың жақындары наразылық шарасын өткізіп тұр. Талдықорған, 16 тамыз 2015 жыл.
Дмитрий Яковенконың жақындары наразылық шарасын өткізіп тұр. Талдықорған, 16 тамыз 2015 жыл.

Оқиғаға іле-шала баспасөз жиынын өткізген Талдықорған қалалық ішкі істер басқармасы бастығы Ерлан Сансызбаев «қарамағымдағы қызметкерлер нұсқаулыққа сәйкес әрекет етті, ал қаруды өзін қорғау мақсатында қолданған» деп мәлімдеген.

Азаттықтың екі полицейдің ұсталуына байланысты сұрағына Алматы облысы ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Ерлан Сансызбаев қазір демалыста екенін айтты.

Ұсталған полицей Азамат Нұрлыбаевтың зайыбы күйеуі жұртты шулатқан іс айналасындағы жағдайдың құрбанына айналды деп санайды.

– Күйеуімнің қандай адам екенін жақсы білемін, ол жұмысын бізден – отбасы, екі баласынан артық көретін. Ол нұсқаулыққа сәйкес әрекет етті. Туыстарыммен бірге оны ақырына дейін қорғаймыз, – дейді Сәния Нұрлыбаева.

Есімін атамауды өтінген айыпталушы полицейлердің әріптесі облыстық прокуратураның ресми позициясын сөгеді.

– Әлі сот та болған жоқ, бірақ олар «лейтенант Нұрлыбаев пен сержант Байбеков қылмыс жасады» деп жар салып жатыр. Сонда кінәсіздік презумпциясы қайда? Мен мұндай мәлімдемелерді сотқа қысым жасау деп санаймын, – дейді полицей.

ИНТЕРНЕТТЕ АҚША ЖИНАУ

Оққа ұшқан жігіттің анасы Елена Яковенко екі полицейдің тұтқындалғаны туралы хабардан онша үміт күтпейді. Оның айтуынша, баласының қазасына ұсталған екі полицейден өзгелердің де қатысы бар. Ол басшыларының қолдауынсыз оққа ұшқан адамның қолына пышақ ұстатып қою мүмкін емес деп санайды.

– Әрине, бұл бүкіл БАҚ жазған, интернетті шулатқан қылмыс болғандықтан, прокурорлар жоқ дегенде екі айыптыны табайық деп ұйғарған шығар. Бірақ бұл іске өзге де лауазымды адамдардың қатысы барына сенімдімін. Оларды бәрібір жазаға тарттырамын. Аймақтың ішкі істер басқармасы үстінен де талап-арыз беремін. Олар үлкен ұлымды өлтірді, енді кіші баламды құтқарсын. Ол ауыр науқас, – дейді Елена Яковенко.

Анасының айтуынша Дмитрий Яковенко бір бүйрегін 28 жастағы інісі Николайға беруді жоспарлап жүрген. 10 жасынан бері денсаулығы нашар Николай шұғыл орган ауыстыруға мұқтаж.

Дмитрий Яковенконың танысы Ирина Титовская наразылық шарасын өткізіп тұр. Талдықорған, 16 тамыз 2015 жыл.
Дмитрий Яковенконың танысы Ирина Титовская наразылық шарасын өткізіп тұр. Талдықорған, 16 тамыз 2015 жыл.

Қаза тапқан жігіттің достары интернетте оның отбасына көмектесу науқанын ұйымдастырған. Олар «виртуалды есепшот» ашып, адвокаттардың қызметінің ақысы мен Николайды емдетуге ақша жинай бастады.

– Білікті адвокаттар 5 мыңнан 10 мың долларға дейін сұрайды. Қазір әке-шешесінде ондай ақша жоқ. Сондықтан көмектесуді ұйғардық. Жұрт шамасына қарай біреу 200 теңге, біреу 5 мың теңге беріп жатыр. Әзірше адвокаттың ақшасын төлей аламыз, – деді мерт болған жігіттің достарының бірі Ирина Титовская Азаттыққа.

XS
SM
MD
LG