Accessibility links

Жынысын өзгерткен полицейді жұмысына қайта алмады


Полицияның жинаулы тұрған темір қоршаулары. Алматы, 29 мамыр 2014 жыл.
Полицияның жинаулы тұрған темір қоршаулары. Алматы, 29 мамыр 2014 жыл.

Алматы қалалық соты жынысын ауыстырғаннан кейін жұмыстан шығарылған экс-полицейдің қызметіне қайта қабылдау туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Оның бұрынғы жұмыс берушісі – Алматы ішкі істер департаментінен моральдық зиян үшін өтемақы өндіру талабы да орындалмады.

«Жынысымды өзгерту үшін операция жасатқаннан кейін полициядағы қызметімнен кетуге мәжбүрледі» деп мәлімдеген Алматы ішкі істер департаментінің (ІІД) бұрынғы қызметкерінің ісі сотқа жетті.

Полиция старшинасы, полицияға түскен қоңырауларды қабылдап, патрульдік қызметке хабарлап отыратын жедел басқару орталығында оператор болып жұмыс істеген бұл кісі жылдар бойы әйел жынысты болған. Бірақ әйелден ер адамға айналған кезден бастап жұмысынан айырылып қалып, енді қайта тұруға тырысып жүр.

Алматының жедел басқару орталығының бұрынғы қызметкері соттан жұмысына қайта алуды, «еріксіз жұмыстан қалған күндері үшін» жалақы өндіруді және адвокаттың қызмет ақысын төлеуді және 80 миллион теңге көлемінде «моральдық өтемақы» өндіріп беруді сұрайды. Алғашқы сот инстанциясы талаптарын қанағаттандырмағаннан кейін, бұрынғы полицей қалалық сотқа шағымданған.

Бүгін судья Раушан Қуандықова журналистер мен бақылаушылардың сот залынан шығуын өтініп, еңбек дауына қатысты апелляциялық шағым қаралған сот процесін «жабық отырыс» деп жариялады.

Сот процесіне бақылаушы ретінде келген құқық қорғаушы Татьяна Чернобиль судьяның процесті жабық деп жариялауы «қайран қалдырды» деп мәлімдеді

—Тараптар БАҚ өкілдерінің қатысуына қарсы болмағанымен, судьяның қалауынша, бұл іс әлеуметтің жанын жаралайтын шетін іс деп саналғаны ғой, демек, - дейді Татьяна Чернобиль.

Жынысын өзгерткен бұрынғы полицейдің адвокаты Жанар Балғабаева. Алматы, 11 тамыз 2015 жыл.
Жынысын өзгерткен бұрынғы полицейдің адвокаты Жанар Балғабаева. Алматы, 11 тамыз 2015 жыл.

Қалалық соттағы процесте талапкер қатысқан жоқ, оның мүддесін адвокат Жанар Балғабаева мен сенімді өкілі Мәдина Айымбетова қорғады. Екеуі сот тыңдауын баспасөз өкілдері үшін ашық өткізуді сұрады.

— Мұнда мемлекеттік құпия қаралып жатқан жоқ қой, оның үстіне өміріне қатысты жайттардың жұртқа толық жария болуына талапкердің қарсылығы жоқ болса, сотты неге ашық өткізбеске? Өткен аптада ғана бұл сұрақты апелляциялық сот алқасы төрағасына қойғанмын. Ол «процесті жабық өткізіп, бірінші сот инстанциясы қателік жіберген» деген болатын. Бірақ қазір оның қарамағындағы судья да соны қайталап отыр, - дейді Мәдина Айымбетова отырыс аяқталғаннан кейін.

Жауапкер – Алматы ІІД өкілі комментарий бермеді.

— Қызметкер «өз еркіммен жұмыстан кетемін» деп өз қолымен жазған өтінішіне қатысты шағым берген. Апелляциялық шағымы қанағаттандырылмады, - дейді ІІД өкілі Айгүл Имашева.

Азатық тілшісіне жұмыстан шығаруға қатысты шағымданған бұрынғы полицеймен сөйлесудің сәті түсті. Оның айтуынша, жынысын өзгерту үшін жасатқан операциядан кейін жұмысқа шыққан бетте ІІД басшылығы «өз еркімен» кету туралы баянхат жазуға мәжбүрлеген. Бірақ баянхатынан бас тартатыны туралы сол күні жазған арызын қабылдаудан бас тартқан.

Бұрынғы полицейдің айтуынша, ол ішкі істер органдарында 10 шақты жыл жұмыс істеген, бұрын-соңды сөгіс-ескерту алмаған.

— Үнемі жат дененің ішінде өмір сүріп келдім. Полиция басшылығы сырт келбетіме қатысты ешқандай ескерту жасамаған. Мақтау қағаздарым бар, үнемі сыйақы алатынмын, - дейді бұрынғы полицей.

Бірақ жынысты өзгертетін операция (мемлекеттік медициналық квота бойынша тегін жасалған) жасатқан былтыр күзде жағдай өзгерген. Полицейдің айтуынша, операциядан кейін ІІД-де қызметін жалғастыруды жоспарлаған, бірақ басшылық тарапынан қысымға ұшыраған. Жұмыстан шығарып жібергеннен кейін Астанаға жолдаған хат, шағымдарынан еш нәтиже шықпаған. Сондықтан полицияның бұрынғы қызметкері сотқа жүгінген. Ол сот нәтижесін алдын ала болжағанын айтады.

Жеңілетінімді білгенмін. Бұл жұрттың көбі және шенеуніктердің гомофоб екенін білдіреді.

— Жеңілетінімді білгенмін. Бұл жұрттың көбі және шенеуніктердің гомофоб екенін білдіреді. Егер олар маған жеңісті беріп қойса, жүйеге қарсы шыққан болар еді. Оларға жүйе емес, жалғыз кісі, оның үстіне, трансгендермен күрескен оңай, егер мен жеңсем, құқық қорғау органдарында адам құқығы бұзылғанын мойындауына тура келер еді, - дейді бұрынғы полицей.

Талапкер жұмыстан шығаруға қатысты дау бойынша Қазақстанның ең жоғары сот инстанциясына дейін жүгінетінін, ал жеңілсе, БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымданатынын айтады. Ол «Мені жеті ай бойғы қысым мен қиындық шыңдады. Қазір де тұрақты жұмысым жоқ болғанымен, өзімді бақытты сезінемін» дейді. Ол Азаттық тілшісіне ер адамның аты-жөнімен жаңа құжат алғысы келетінін, азаматтық әйелімен заңды некеге тұрып, асыранды ұлының тәрбиесімен айналысқысы келетінін айтады.

XS
SM
MD
LG