"Шыңжаңдағы жаппай қамау мен саяси тәрбие орталықтарына жабу науқаны" салдарынан ондағы үй-ішімен хабарласа алмай, қаражатсыз қалған Атырау мұнай және газ университетінде оқитын Қытайдан келген этникалық қазақ студенттеріне оқу ақысына жеңілдік жасап, жатақхана пұлын төлеуге жәрдемдесуге Атырау облыс әкімі Нұрлан Ноғаев уәде берді. Студенттердің оқу ақысын дер кезінде төлемегені үшін емтиханға кіргізілмеуі себепті мойындарына ілінген академиялық қарыздарының құнын да билік өтеп бермек.
УНИВЕРСИТЕТТЕГІ КЕЗДЕСУ
Мамырдың 19-ы күні Атырау мұнай және газ университетінде Қытайдан келіп оқып жатқан этникалық қазақ студенттері, университет ректоры Әли Әбішев және оқытушылармен Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев кездесті. Жиынға құқық қорғау органдары қызметкерлері, жергілікті қоғамдық белсенділер, мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері де қатысты.
Кездесу өтетін орынды бірнеше полиция көлігі қоршап тұрды.
ВИДЕО: Қытайлық қазақ студенттерінің қарызын әкімдік өтейді
Облыс әкімі алдымен студенттердің оқу ақысына жеңілдік сұрауына қатысты сын айтты. Оның сөзінше, Қытайдан келген қазақ жастарының оқу ақысына 25 пайыздық жеңілдік беру жайлы шешім қоғамда "Неге оларға жасалғандай жеңілдік бізге берілмейді?" деген сауалдар туғызған.
- Біз 2018-2019 жылдардың төлемақысына биылғы жылды қосып келесі жылы елу пайыз жеңілдік беру туралы шешім қабылдадық. Осылайша сіздердің талаптарыңыз орындалды. Сіздердің тәртіп сақтамағандарыңыз туралы осы жердегі құқық қорғау орындары өкілдерінің қолында дәлел бар, - деді Ноғаев залда отырған прокуратура мен полиция өкілдерін нұсқап.
Кездесуге қатысқан "Оралман-Жайық" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Құдабай Қаржауов облыс әкіміне Қытайдан келген қазақ студенттерінің оқу ақысын университет әкімшілігі талап еткен көлемде төлей алмаулары салдарынан жинақталған барлық қарыздарын шешіп беруін сұрады.
- Менің қолымдағы құжат бойынша, 13 баланың мойнында 3 миллион теңгеден астам қарыз бар. Сіз 25 пайыздық оқу ақысы үшін жеңілдікке қатысты проблема шешілді деп отырсыз, ал сол ақшаны төлей алмай қалғандықтан бұлардың мойнына ілінген өзге қарыз мәселесін шешуге болмай ма? Керек болса тіпті ел болып жылу жинап берейік, бұларды оқудан кетіру елдігімізге сын емес пе? Онсыз да Қазақстанға оқуға келген жүз баланың қазір 56-сы ғана қалған. Неге біз оларды өңменінен кері итереміз? – деп сауал қойды қоғамдық белсенді облыс әкіміне.
Оқи отырыңыз: Атыраудағы қытайлық қазақ студенттердің зары
ӘКІМНІҢ УӘДЕСІ
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен жиында сөйлеген Атырау мұнай және газ университетінің студенті, Қытайдан келген этникалық қазақ Арай Толқын университетке оқу ақысына қоса құлаған сабақтары үшін төленетін кредит қаржысы жиналып, қомақты ақша қарыз болып қалғанын айтты. Сол себепті ол әкімнен студенттердің оқу ақысына байланысты жеңілдікті келесі жылға қалдырмай биыл бергізуге көмектесуін сұрады.
- Ақшасын уақытылы төлей алмауым себепті менің басымда бірнеше кредит бар. Мойындарына ілінген академиялық ақша қарыздарын өтейміз деп арамызда тамақ іше алмай жүрген балалар бар. Сондықтан бізге уәде етілген 25 пайыздық жеңілдікті қазір берсе деп өтініш айтамын. Және мойнымызда тұрған кредит қарыздарын да, "Platonus" жүйесіне [кредиттік жүйемен оқыту технологиясы процесін кешенді автоматтандыруды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе – ред.] енгізілмеген қарыздарды да шешіп беруді сұраймыз. Себебі, біз енді Қытайдағы үйімізге бара алмаймыз не ол жақтағы әке-шешемізбен хабарласа алмаймыз, - деді ол.
Жиында оқу төлемінен өзге мәселелер де айтылды. Өзін Есхат Болатбек деп таныстырған студент төменгі курста оқитын баламен кикілжіңнен кейін оқудан шығарылғанын айтып шағымданды. Ол бұл жағдайды университет ұстаздарына өзі хабарлағанын және әлгі баланың өзіне қояр еш талабы жоқ екені туралы қолхат жазып бергенін де айтты.
- Маған кешірім етіп, оқуда қалдыруды сұраймын. Мен Қазақстаннан не аламын деп келгенім жоқ, еліме не беремін деп келдім. Оқуды бітіруге бір жылым ғана қалды, - деп өтінді ол университет ректорынан.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бұл мәселеге араласпайтынын айтты. Бұдан соң әкім студенттердің барлық қарызын өтеп беруге уәде етті.
- 25 пайыздық жеңілдік студенттерге тізіммен ақшалай беріледі. Сабақтарын тапсыра алмаған 39 баланың 3 миллион 374 мың теңге қарызын өтеуге қаржы да қолдарыңызға беріледі. Келесі жылғы оқу ақысына да 25 пайыздық жеңілдік беріледі. Және жатақхана пұлына да төлем жасалынады. Бірақ бұдан соң ондай төлем деген болмайды, - деп мәлімдеді әкім.
Университет ректоры Әли Әбішев студенттерді заң талабын сақтауға шақырды.
- Осы мәселеге байланысты көп тексеруден өттік. Барлық ісіміз заңды деген қорытынды бар. Әр ісіміз заңды түрде болуы керек, - деді ректор. Жиын соңында ол студенттерге Есхат Болатбектің мәселесін келесі аптада қарайтынын хабарлады.
ҚЫТАЙДАН ОҚУҒА КЕЛГЕН ҚАЗАҚ ЖАСТАРЫ
Әкімнің уәдесін естігеннен кейін Қытайдан Атырауға оқуға келген қазақ жастарының кейбірі қуаныштан көздеріне жас алып, бір-бірін құттықтап жатты. Азаттық тілшісіне ойын білдірген студент Арай Толқын: "Әділдік бар екен, бірақ оған жету жолы ұзақ болады екен" деді.
Қытайдан Атырау мұнай және газ университетіне оқуға 2015 жылы 106 этникалық қазақ жасы келген. Олардың ата-аналары Қытайдың Іле, Алтай және Тарбағатай аймақтарында, Қарамай, Құлжа, Майлы, Үрімжі, Фукан қалалары мен өзге де елді мекендерінде тұрады. Қазір университтете 60-қа жуық шетелдік қазақ жасы оқиды.
Бұған дейін олар оқу ақысына жеңілдік жариялап, тегін жатақхана ұсынған қазақстандық оқу орнының хабарламасын Қытайдағы танымал сайттардың бірінен оқып-білгендері жайлы Азаттыққа айтып берген еді. Алайда студенттер оқу жылының бірінші және екінші курстарында айтылған жеңілдікке үлкен даумен қол жеткізген.
2018 жылы сәуірде студенттер университет әкімшілігінің өздерінен биыл тағы да оқу ақысын әрі былтырғы және биылғы жатақхана пұлын толық өтеуді талап етіп жатқандарын айтып, әу баста уәде етілген 25 пайыздық жеңілдікті алып беруді сұрап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдаған болатын.
Оқи отырыңыз: Қытайдан келген студенттер Назарбаевтан көмек сұрады
Студенттер өздерінің оқу ақысын толық өтемеуі себепті мойындарына ілінген кредиттік қарыздары туралы Атырау облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне де арызданған. Олар сол себепті оқу ақысын университет талабына сай 347 мың теңге көлемінде төлей алмағандарын мәлімдеген.
Қытайдан келген қазақ жастары оқу ақысына былтырғы және биылғы сессияларда емтихан мен сынақ тапсыра алмай құлаған сабақтары үшін төленетін кредит бағасы қосылып, қомақты сомаға айналғанына да шағым айтқан.
Іргесі 1959 жылы қаланған Атырау мұнай және газ институты негізінде Қазақстан үкіметінің 2016 жылғы шілденің 25-індегі қаулысымен жарғылық капиталы толықтай мемлекет иелігіндегі Атырау мұнай және газ университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылған. Бұл жоғары оқу орнында жалпы саны 3800 студент білім алады.