Греция компартиясының Inter.kke.gr сайтының хабарлауынша, Еуропа парламентіне Греция коммунистік партиясынан сайланған депутат Костас Пападакис Еуропа Одағының (ЕО) сырты істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Федерик Могериниге Қазақстан түрмесінде отырған азаматтық белсенді Вадим Курамшиннің жағдайына қатысты сауал жолдаған.
Костас Пападакистің сауалында «Ойдан шығарылған айыптармен, ал шындығында Қазақстан режимінің демократиялық құқықтар мен жетістіктерді таптау әрекетіне қарсы қызметі үшін 2012 жылы 12 жылға сотталған Вадим Курамшиннің түрмеде отырғанына төрт жыл толды. Оны ЕҚЫҰ-ның Варшавада өткен мәжілісінде Қазақстан түрмелеріндегі азаптау жайлы мәлімдемесінен кейін бірден қамағаны кездейсоқтық емес. Оның айтуынша, Қазақстан түрмелеріндегі адамшылыққа жат әрекеттердің құрбанына қазір оның өзі айналған» деп жазылған.
Вадим Курамшин жаза мерзімін Солтүстік Қазақстан облысындағы Горный кентіндегі айрықша режимдегі колонияда өтеп жатыр. Жұрт бұл түрмені «Жаман сопка» атап кеткен. Былтырғы көктемнен бері қатал режимде отырған Курамшинге бұл режимді екі ай бұрын тағы бір жылға ұзартқаны жайлы деректер түсіп жатыр. Бұл - түрме ішіндегі түрме сияқты режим, онда түскен тұтқынды ұзақ мерзімді кездесулер мен телефон соғу құқығынан айырады.
КУРАМШИН МЕН ОТБАСЫ
Курамшин қазір бір кісілік камерада отыр. Бірақ әйелі Екатеринаның айтуынша, оның бұған еңсесі түспейді, керісінше ол жерде өзін қауіпсіздеу сезінеді, өйткені жалпы камерада отырған кезде оны арандатуға тырысқан. Қазір жақындарымен ұзақ мерзімді кездесуден айырғаны ғана жанына батады. Оны «бурбарак» деп аталатын тәртібі қатаң баракқа «режимді қасақана бұзушы» ретінде ауыстырған.
Бурбараққа қамауды «қатал режимде ұстау» деп те атайды. Бірақ жалпы режимдегі колонияда «бурбарак» деп колония территориясынан бөлек қоршалған жеке баракты айтса, айрықша режимдегі колониядағы бурбарактар жалпы және біркісілік камералар болып бөлінеді.
Бірақ Екатерина Курамшинаның Азаттыққа айтуынша, күйеуіне «ерекше жағдайда» - жақын адамдарының бірі қайтыс болса немесе ауыр науқастанып қалса - телефон соғуға рұқсат. Оған жылына қысқа мерзімді үш кездесу береді. Екатерина Курамшина онымен екі ай бұрын жүздесіп, әйнек бөліп тұратын бөлмеде екі сағат сөйлескен. «Реңі жақсы, денсаулығына қатысты шағымданбады. Кітабы шығатын сәтті тағатсыздана күтіп жүр» дейді ол. Былтыр кітабының қолжазбасы үшін түрме әкімшілігімен арада жанжал шығып, Курамшинді бурбаракқа қамауға сол жайт түрткі болған деп болжанған.
Тұтқын Курамшинге қатысты «тәртіпті күшейту» былтыр қаңтар айынан бастаған. Оған үш тәртіптік жаза кесіп, «режимді қасақана бұзушыға» айналған. Вадим Курамшин былтырғы тамыздан бері бурбаракта отыр. Курамшин әлгі жазалардың саяси астары бар деп санап, сотқа жүгінген, бірақ одан ештеңе шықпады.
КЕЗЕКТІ ЖАЗА
Курамшинге былтыр көктемде салынған тәртіптік жазалардың мерзімі биыл көктемде аяқталады деп болжанған. Бірақ оның әйелінің айтуынша, екі ай бұрын түрме әкімшілігі Курамшинге тағы жаза тағайындаған.
- Бұл - оны кәдімгі режимге ауыстырмаудың амалымен салынған кезекті жаза, - дейді Екатерина Курамшина.
Оның айтуынша, қазір әлгі жазаға қатысты шағымдану мүмкін емес. Өйткені еріген қар суы Петропавл қаласынан Горный кентіне баратын жолға жайылып кетіп, Курамшиннің адвокаты онымен жолығу үшін түрмеге жете алмай отыр.
Азаттық тілшісімен сөйлескен түрме бастығы Уәлихан Байтасов «тыйым салынған заттар табылғандықтан, екі ай бұрын Курамшин заңды түрде тәртіптік жаза алды» дейді.
Уәлихан Байтасов былтыр Курамшинге тағайындалған жазалардың заңдылығына қатысты «Ол бас прокуратураға дейін жазды емес пе? Бас прокуратура бәрі заңды деген жауап берді. Қаржы полициясы да тексерген. Ол бүкіл инстанцияға жазған» дейді.
Екатерина Курамшинаның айтуынша, былтыр соттар «прокуратура айналысуы тиіс» деген уәжбен Курамшиннің соңғы шағымдарын қараудан бас тартып, оларды кері қайтарып берген. Курамшин мен адвокаты екеуі прокуратураға да арыз жазған, бірақ әйелі «ол жақтан сырғытпа жауаптар келген» дейді.
Тұтқындардың құқығын қорғаумен танылған азаматтық белсенді Вадим Курамшин бопсалау айыбымен 12 жылға сотталған. Ол бұл айыптарды терістейді. Қазақстанның бірнеше құқық қорғау ұйымдары оны саяси тұтқын деп таныған. Билік Вадим Курамшинді қудалаудың саяси астары бар деген айыпты жоққа шығарады.