Accessibility links

"Емізуді тек рефлекс деп қабылдаймыз"


Бала емізіп отырған аналар. (Көрнекі сурет.)
breast feed
Бала емізіп отырған аналар. (Көрнекі сурет.) breast feed

Қазақстанда анасы емізетін нәрестелер саны туа сала 98 пайыз болса, бір жаста 15 пайызға бір-ақ азаяды. Мұның себебі мен салдары қандай? Азаттық тілшісі педагог-психолог Елена Асадчаямен сұхбаттасты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Қазақстанда жаңа босанған аналардың 98 пайызы баласын бірден кеудесіне басып, емізеді. Бұл – болашақ аналардың бала емізудің пайдасынан хабардар екенін байқатады. Бірақ, нәресте алты айға жеткенде бұл көрсеткіш 30 пайызға азайып, ал бір жасқа келген балалардың тек 15 пайызы ғана табиғи жолмен қоректенеді екен.

Әлемнің 170 елінде тамыздың 1-7 аралығында Бала емізу апталығы өтіп жатыр. ЮНИСЕФ пен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бірлескен 2017 жылғы баяндамасында туа сала алты айға дейін ему көрсеткішін елу пайызға өсіру арқылы 10 жыл ішінде әлем бойынша бес жасқа дейінгі 520 000 баланы аман алып қалуға болатыны жазылған. Мұндай жолмен бес жасқа дейінгі балаларда кездесетін ауру-сырқауды азайтып, денсаулық сақтау саласына жұмсалатын қаржыны азайтып, 300 миллиард доллардай қаражатты үнемдеуге болады.

Азаттыққа сұхбат берген "Молочная помощь" қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, педагог-психолог Елена Асадчая бала емізу кезінде аналар бірқатар қиындыққа ұшырайтынын айтады.

Азаттық: - Елена, жаңа босанған аналар үшін бала емізуде қандай қиындықтар тууы мүмкін?

Елена Асадчая: - Біз емізуді тек рефлекске негізделген процесс деп қабылдаймыз. Иә, бала туғанда ему рефлексімен туады, нәресте нені болсын қалай болса солай еме береді. Ал дұрыс емудің икемі алғашқы аптада қалыптасады. Егер анасы омырауын дұрыс бермесе, әрі қарай балаға да, анасына да оңай тимесі анық. Проблемалар көп, мәселен, уақытына жетпей шала туған балалар өздігімен еме алмайды, нәресте жансақтау бөліміне түсіп қалуы мүмкін, мұндай кезде анасы омырауындағы сүтті не істеу керек? Ал егер босанған соң дәрі-дәрмек ішсе, баланы емізуге болады ма? Нәрестенің тілінің астындағы жүгеншегі тым қысқа болса ше? Баланың ерні мен таңдайында жарығы болса қайтпек керек? Емізгенде емшектің ұшы жарылып, жараға айналуына жол бермеу үшін не істеу керек, ал егер жараға айналса, не істеген жөн? Көрдіңіз бе, мәселелер өте көп, алайда олардың барлығын аналар өздері шешуге мәжбүр.

Азаттық: - Шынымен де ойланатын жайт екен...

Елена Асадчая: - Жалпы баланы емізуде көмек қажет дегенді түсінбейтіндерді үш топқа бөлуге болады. Біріншілер, мұнымен ешқашан кездеспеген адамдар, яғни ерлер мен балалары жоқ әйелдер. Екіншілері, алғашқы емізу кезінде қатты қиналған аналар. Олар бұл жағдайда мүлдем ешкім һәм ешқашан да көмектесе алмайды деп санайды. Үшіншілері, емізу кезінде ешқандай қиындықтарға кездеспеген аналар. Олар шынымен де емізудің қандай оқуы бар екенін түсінбейді, себебі барлығы өздігінен болады деп сенеді.

Бесіктегі баласын емізіп отырған келіншек. Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.
Бесіктегі баласын емізіп отырған келіншек. Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.

Азаттық: - Статистика Қазақстанда жаңа босанған аналардың 98 пайызы баласын бірден емізетін, бірақ бір жасқа келген балалардың тек он бес пайызы ғана еметінін айтады. Мұның себебі неде?

Елена Асадчая: - Меніңше оның үш себебі бар. Біріншісі, құрғақ қоспалардың белсенді жарнамасы. Екіншісі, осы салада білікті маманның аздығы. Үшіншісі, қоғамда қолдаудың болмауы. Әсілінде ана сүтімен мейлінше ұзақ қоректендіру үшін оған қатысты ақпарат қолжетімді болуы тиіс. Емізудің пайдасы ғана емес, оның техникалық жолын, ана мен бала үшін қайткенде ыңғайлы болатын жолын көрсету. Мамандар мен қоғам (анасы, құрбылары мен интернет қауымдастық) қиналған анаға, баланы "емшектен шығарып, құрғақ қоспалар бер" деп емес, сапалы көмек көрсету керек. Сонда ғана бізде баласын ұзаққа дейін емізетін аналар көбейеді. Ал ол, өзіңіз білесіз, денсаулық кепілі.

Азаттық: - Елена, енді ұйымыңыз жайлы айтсаңыз? Оны құруға не түрткі болды?

Елена Асадчая: - Біріншіден бұл идеяның бізден бұрын пайда болғанын айта кету керек. 1956 жылы америкалық аналар бала емізуде кездесетін қиындықтарды бірлесе шешуге бел буып, La Leche League ұйымын құрған. Кейін 1980 жылдары Ресейге, 2000 жылдардың басында Қазақстанға келген. Қазақстанда бала емізу бойынша сауат ашуға қатысты алғашында бастамашыл топ ретінде жұмыс істеп, тек 2014 жылы "Молочная помощь" қоғамдық бірлестігі ресми тіркелген. Қазір Қазақстанның бірнеше (Алматы, Ақтөбе, Жезқазған, Петропавл мен Өскемен) қаласында 30-ға жуық қызметкеріміз бар. Ұйым еріктілерден құралған, сондықтан мұндағы кеңесшілер интернет пен телефон арқылы, және перзентханаларда тегін кеңес береді. Әрбір маманның жеке тәжірибесі де әртүрлі, сондықтан егер босанған аналарға қашықтан берілген көмектен пайда болмаса, олар жеке маман ретінде үйлеріне барып ақылы кеңес береді.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рақмет.

XS
SM
MD
LG