Қыркүйектің 11-інде парламентте таныстырылған латынша қазақ әліпбиінің жобасы қоғамда қарама-қайшы реакция туғызды. Қазақ жазуының латынша таңбалы әліпбиіне көшетіні және оған дайындық жасалатыны жайлы биліктің бірнеше мәлімдемесінен кейін жұртшылық бұл мәселеге ерекше назар аударғаны байқалды. Жаңа жобаны ұнатпағандар әліпбиді қазақ жазуына бейімдеумен бірнеше жыл шұғылданып келе жатқан зерттеу ұйымдарын әлеуметтік желіде жиі сынап, бұрын көпшілікке байқалмаған нұсқаның парламентке жеткеніне таңырқады. Қыркүйектің 14-інде бұл дауға қатысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та пікір айтты.
- Латынға өту барлығын алаңдатып отыр. Ол туралы көп айтылды, ғалымдар ұзақ жұмыс істеді, бүкіл тарихты, басқа елдердің тәжірибесін қарады. Мен [латынша жазудағы қазақтың төл әріптерінде] ілмек болмасын деп айттым. Таза қазақша дыбысты білдіретін сегіз әріп бар. Міне, осыларды ойластыру керек, мәселе осы жерде, - деді Назарбаев.
«ІШТЕЙ ҚАРСЫ БОЛУ»
Азаттық тілшісі парламентке латынша әліпбиі нұсқасын ұсынған Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының, Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының мамандарымен және осы әліпбиді енгізумен шұғылдануға тиіс мемлекеттік комиссияның мүшелерімен сөйлесіп көрді.
Парламенттегі таныстыруға қатысқан кейбір зерттеушілер Азаттыққа қандай да бір пікір айтудан бас тартса, кейбірі «қысым жасалатынын» айтып, аты-жөнін атамауды өтінді. Олардың сөзінше, парламентте таныстырылған латынша қазақ әліпбиіне байланысты «жоғары басшылықтан» баспасөзге пікір немесе сұхбат беруге тыйым салынған.
Парламенттегі таныстырылымға қатысқан, аты-жөнін атамауды өтінген зерттеушілердің бірі қатты таңырқағанын айтты.
- Мұндай өте маңызды мәселе парламентте айрықша талқыланады деп күттім. Таныстыру аяқталғанда бойымды үрей биледі. Өйткені таныстыру барысында шынайы жанашырлық сезбедім, сұрақтар мен жауаптардың алдын ала дайындалғаны анық байқалды. Ол жерге шақырылған зерттеуші мамандардың бәрі де латын әліпбиінің бұл нұсқасына қарсы еді, бірақ оларға сөз бермеді. Тіпті, осы нұсқаны қолдаған зерттеу ұйымдарының кейбір басшысы да іштей қарсы болатын. Сондай басшылардың бірі іссапармен кетіп қалмақшы болғанын, парламентке амалсыз келгенін де білетінмін, - дейді ол.
ВИДЕО: Парламентке жеткен "латын"
«ҚЫСЫМҒА АЛА МА ДЕП ҚАУІПТЕНЕМІЗ»
Парламенттегі таныстырылым кезінде латынша қазақ әліпбиінің нұсқасын ұсынушы ұйым ретінде Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы аталған болатын.Талқылаудан кейінгі баспасөз жиынында «қазақ тіліне ғана тән бір дыбысты екі әріппен белгілейтін қосар әріптері бар әліпбиді» ұсынғанын мәлімдеген.
Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығынан қайта пікір алудың сәті түспеді. Орталық басшысы Ербол Тілешов телефон тұтқасын алмады.Осы орталықтың PR менеджері Жазира Әкімқызы «сұрақтың бәрін Тіл білімі институына қою керек. Латын әліпбиін дайындауға негізгі жауапты – сол институт» деді.
Мәдениет және спорт министрлігі қызметкерлерінің айтуынша латынша қазақ әліпбиі мәселесімен осы министрліктің тіл саясаты және геральдикалық жұмыс басқармасы айналысқан. Бірақ басқарма басшысы Жомарт Әймешовпен сөйлесу мүмкін болмады.
Азаттық тілшісі сөйлескен Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының қызметкерлері Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы латынша қазақ әліпбиінің жобасын ресми түрде парламентке ұсынғанымен нұсқаны жасаған тіл білімі институты екенін ішінара растайды және «бірлесіп жасады деген дұрыс болар» дейді.
Институт қызметкері, латынша әліпбиге байланысты ғылыми жұмыс авторы Нәзира Әміржанованың айтуынша, латын әліпбиімен 15 жылдан бері шұғылданып келе жатқан ғылыми институттың екі-үш зерттеушісі парламентке ұсынылған жобаны «биліктің нұсқауымен» үш-төрт күнде жасап, «ғылыми кеңесте талқыламастан» беріп жіберген.
Тіл білімі институты дайындаған «бір фонема – бір графемаға» негізделген әліпби жоғары жаққа ұсынылған, бірақ оны билік керек етпеді. Билік тек экономикалық шығын келтірмеу керек деп есептейді. Лингвистикалық, әдістемелік, психологиялық, педагогикалық факторлардың бар екенін де білмейтін сияқты.
- Тіл білімі институты дайындаған «бір фонема – бір графемаға» негізделген әліпби жоғары жаққа ұсынылған, бірақ оны билік керек етпеді. Билік тек экономикалық шығын келтірмеу керек деп есептейді. Лингвистикалық, әдістемелік, психологиялық, педагогикалық факторлардың бар екенін де білмейтін сияқты. Бізде қазір 106 баптан тұратын емле ережесі болса, ұсынылған жоба бойынша ол 200-ден асуы мүмкін. Мысал көп, - дейді ол.
Нәзира Әміржанованың сөзінше, парламентте таныстырылған латынша қазақ әліпбиіне Тіл білімі институтының зерттеушілері «түгелге жуық қарсы». Бірақ олар қарсылығын айта алатындар мен айта алмайтындар болып бөлінген.
- Қарсылығымызды айтсақ, қысымға ала ма деп қауіптенеміз, бірақ айтпауға ар-ожданымыз жібермейді, институт жастары шындықты айтуға бел будық, - дейді ол.
Нәзира Әміржанованың сөзіне қарағанда парламенттегі таныстыру кезінде депутаттар қойған сұрақтар мен оған жауаптарды жобаны ұсынушылар Тіл білімі институтының мамандарына «алдын-ала дайындатып алғанға ұқсайды». Яғни, латын әліпбиіне өтудің маңызы жайлы институт мамандары дайындаған сұрақ-жауаптарға қатты ұқсайтын сұрақ-жауаптар депутаттардың сұраулары кезінде естілген.
ВИДЕО: Депутаттар латынша әліпби туралы
Азаттық тілшісімен сөйлескен Тіл білімі институтының басқа зерттеушілері «тапсырма үкімет үйінен түсті» деп жалпылама айтады. Осы институттың зерттеушісі, парламенттегі талқылауға қатысқан Бауыржан Жонкешев білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің жаңа жобаны көпшілік алдында «ұнатқанын», бірақ институтқа тапсырма бермегенін айтады.
Ал жобаны ұсынған Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мәдениет және спорт министрлігіне қарайды.
- Институтта бұл жобаны ешкім қолдаған жоқ. Байқауымша, латын әліпбиін енгізу бойынша жұмыс істеген комиссия да қарсы. Сөйте тұра мына жобаның аяқ астынан парламентке жеткеніне таңғалдық. Мұны қолдаушылар тек билік айналасында жүргендер, - дейді Бауыржан Жонкешов.
«СОҢҒЫ НҰСҚА ЕМЕС»
Азаттық тішісі Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының директоры, әрі латынша қазақ әліпбиінің жобасын жасаумен шұғылданатын комиссия төрағасы Ерден Қажыбекпен де әңгімелесті. Парламенттегі талқылау кезінде латынша әліпбидің жобасына жауапты адам ретінде депутаттар сұрағына жауап берген ол да «жоғарыдан тапсырма бойынша» жұмыс істегенін» айтады.
- Тіл білімі институтының жобасы көпшілікке белгілі. Ол – «бір дыбыс - бір әріпке» негізделген. Бізге «26 әріптен тұратын жоба жасаңдар» деді. Оның да артықшылықтары бар. Қазір компьютер заманы, заман өзгеріп жатыр, уақыт зымырап барады. Сондықтан ұсынысты қабылдап, Ербол Тілешов басқаратын орталық жасаған нұсқаны біздің институт та қарады, - дейді ол.
Ерден Қажыбектің айтуынша, «институт тапсырманы орындаған, ал таңдайтын – қоғам». Оның сөзінше, латынша әліпбидің жобасын жасаумен шұғылданатын комиссия жүзден астам жобаны қарастырған. Тамыз айында екі нұсқаны қалдырып, қыркүйекте соның бірін парламент талқылауына апару керек болған.
- Қазіргі нұсқа - соңғы нұсқа емес. Жылдың аяғына дейін басқа ұсыныстар да қабылданады. Елдің көңілінен шыққан ұсыныс қабылданады, - дейді ол.
Латынша әліпбидің жобасын парламентте таныстыруға қатысқан Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының зерттеушісі Әлімхан Жүнісбек баспасөзге берген сұқбатында «26 әріптен тұратын нұсқа өзіне ұнасын-ұнамасын биліктің талабына бағынатынын» айтқан болатын. Әлімхан Жүнісбек осыған дейін Тіл білімі институты жасаған 32 әріптен тұратын латынша әліпби нұсқасының авторларының бірі еді.
Парламентте талқыланған латынша қазақ әліпбиінің нұсқасын ғылым және білім министрі Ерлан Сағадиев «ұнататынын» айтты. Парламент депутаттары Шаймардан Нурумов пен Ирина Унжаковалар Азаттыққа айтқан пікірлерінде парламентте таныстырылған латынша әліпбидің нұсқасын қолдап, оның «компьютерге ыңғайлы» және «экономикаға тиімді» екеніне назар аударған.
Алматылық компьютер бағдарламасының маманы, АҚШ-тың Рочестер технология университетінің ақпарат технологиялары магистрі Кенесары Төлембек компьютерлік бағдарлама жазу тілінің ағылшынға да, латынға да қатысы жоқ «екілік санау жүйесі» («двоичный код») екенін айтады. Оның пайымдауынша, компьютер кез-келген тіл таңбасын еш қиынсынбай қабылдай береді. Маман парламентке ұсынылған латынша әліпбиде тілдік қолданыста жиі кездесетін «і» әрпінің еш негізсіз әлдеқайда сирек қолданылатын «и»-мен біріктірілгенін сынайды. Жобаны ресейлік ГОСТ 16876-71 «Правила транслитерации русского алфавита латиницей» жүйесіне ұқсатады. Кенесары Төлембектің пікірінше, пернетақтадағы әріптердің орналасу реті ағылшынша пернетақтаға бейімделмей, қазақ тіліндегі сөз қолданысы ерекшеліктеріне сәйкес жасалуы тиіс.
- Қазақша пернетақта жүйесі орыстың машинкада жазу жүйесінің негізінде жасалып, РСТ ҚазССР 903-90 стандартымен бекітілген. Қазақ тіліне тән барлық әріптер жоғарғы қатарға қойыла салынған, пернетақта жүйесін жасау принциптері қаперге алынбаған. Қазіргі пернетақта жүйесі қазақ тілінің емес, ағылшын тілінің лексикасының ерекшеліктеріне ыңғайланған. [Латынша] жаңа алфавит қабылдағанда бәрібір қазақ тілінде жазу ерекшеліктерін ескеріп, жаңа пернетақта жүйесін жасау керек болады. Ағылшынша пернетақта жүйесін механикалық түре көшіру тиімсіз, - дейді Кенесары Төлембек.
«НАЗАРБАЕВТЫҢ НҰСҚАСЫ»
Парламент депутаты Зәуреш Аманжолованың Азаттық тілшісіне айтуынша, парламентте басқа да латынша әліпби нұсқалары қарастырылады. Бірақ әліпби жобасын өз бетінше жасаушылар бұл пікірге күмәнмен қарайды.
Соның бірі бірнеше жылдан бері латынша әліпби жобасын ұсынып жүрген Арман Байқадам парламентте таныстырылған жобаның қисынға келмейтінін, бірақ «26 әріптен құралғаны жөн» дейтін пікірді қолдайтынын айтады.
- Парламентте 26 әріптен құралатын әліпбидің тиімді болатыны жайлы айтылған пікірлер дұрыс. Мен жасаған әліпби де 26 әріптен тұрады. Барлық филологиялық талаптарға, бағдарлама тіліне және әлемдік кодтау жүйесіне сай, терминдерге өте тиімді, шетел тәжірибелері де ескерілген осы нұсқаны парламент басшыларына бірнеше рет жолдадым. Бірақ олар министрлікке, министрлік тіл білімі институтына жібереді. Ал тіл білімі институты мен ұсынған жобаны не себептен талқылағысы келмегенін түсіне алмадым, - дейді ол.
Арман Байқадамның сөзінше, парламентте таныстырылған нұсқаның «тиімсіздігі дәлелденген». Бірақ ол Тіл білімі институтының әуелгі нұсқасы ғана парламент талқысына түскенін қаламайтынын айтады.
Алайда парламентте таныстырылған 26 әріптен тұратын жоба мен Тіл білімі институты жасаған 32 әріптен тұратын жобадан өзге де латынша қазақ әліпбиінің бірнеше нұсқалары бар.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев биыл жыл басында жасаған мәлімдемесінде «2017 жылдың аяғына дейін латынша қазақ әліпбиінің жобасын әзірлеу, үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырған еді. Биыл тамыздың 17-сінде «Хабар» агенттігіне берген сұхбатында президент Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінде қолданылатын латын әліпбиінің нұсқасы қандай болуы тиіс екенін айтқан. «Түркия Ататүрік кезінде латын әліпбиін асығыс қабылдады, сөйтіп төбесінде артық нүктелері бар әріптерді қосып жіберді. Менің ойымша, бізге компьютерге лайықталған, ешқандай нүктесіз әліпби жасауға болады. Мысалы, неміс тілінде «ш» деген дыбысты үш әріппен береді. Ағылшын тілінде де солай» деген еді Назарбаев.
Қыркүйектің 11-інде парламентке Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы парламентке таныстырған латынша қазақ әліпбиінің жобасы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясына ұқсас. 26 әріптен тұратын бұл әліпбиде қазақ тіліндегі сегіз дыбыс диграфпен (қосарланған әріптермен) берілген. Ал Тіл білімі институты «бір дыбыс – бір әріп» принципімен жасаған нұсқада 32 әріп бар, қазақ тілінің төл дыбыстары қосымша белгілері бар әріптермен таңбаланған.