Маңғыстау облысындағы мұнайшылар ереуілінің басталғанына 4 айдан асты. Алайда елдің өзге аймақтарында бұл туралы білетіндер некен-саяқ. Алматылықтар арасында жүргізген сауалнамамыз да осы құбылыстан хабар береді.
Алматылықтардың сөзінше, Қазақстанның батысындағы жағдайды баяндайтын басылым өте аз. Сондықтан көпшілік одан бейхабар көрінеді.
«ӘРКІМ ӘРҚАЛАЙ АЙТАДЫ»
Мемлекетке қарасты «Нұр-Медиа» холидингіне кіретін басылымдардың бірі - «Түркістан» газеті. Басылым тілшісі Көлбай Адырбековтың сөзінше, «елдегі ақпарат құралдары өз ұжымының негізгі бағытына лайықты етіп хабар беріп отыр».
- «Аз жаз, көп жаз» деп бізге айтпайды. Қалай хабар болады, солай береміз ғой. Негізі тілшілердің барып, көріп келгендігі дұрыс. Әркім әрқалай айтады. Мәселен, мен бардым - көргенімді «Текетірес» деген мақаламда жаздым, - деді Көлбай Адырбеков.
Сұхбаттасымыздың сөзінше, өзінің сапарын «Қазмұнайгаз» компаниясы қаржыландырған.
- Бірақ олар біздің не жазатынымызға араласпайтындығын ескертті. Мен тек өз көргенімді ғана жаздым, - дейді тілші.
«МҰНАЙШЫЛАРДЫҢ АЙЛЫҒЫ КӨП ЕКЕН»
Қазақ радиосының бас редакторы Көпен Әмірбек те мұнайшылардың «жағдайын білу» мақсатында Батыс Қазақстанға барған. Айтуынша, оның да сапарын «Қамұнайгаз» компаниясы қаржыландырған. Әмірбек мырза да жағдайдың басқаша екендігін айтады.
- Маңғыстаудағы, Жаңаөзендегі мұнайшылардың көңілі көншімей, көтеріліп жатқанын әр саққа жүгіртуге болады. Мен ойлағанмын, айлықтары аз шығар деп. Жоқ, осы Қазақстандағы барлық мұнайлы өлкелердің ішіндегі ең айлығы көбі Жаңаөзен, «Маңғыстаумұнайгаздың» мұнайшылары екен, - дейді Көпен Әмірбек.
Ол бұл сөзіне облыс әкімі берген ресми статистика дәлел бола алатынын айтты. Көпен Әмірбектің пікірінше, жағдайды ушықтырып отырған - «белгісіз бір күштер».
«ШЫНДЫҚТЫ АЙТСАҢ, ҚЫСЫМҒА АЛЫНАСЫҢ»
Елдегі тәуелсіз басылымдар Маңғыстаудағы шынайы жағдайды көрсету қиын екенін айтады.
Мәселен, мұнайшылар мәселесін күнделікті баяндап келген «Стан.ТВ» бейнепорталы қазір соттан босамай отыр. Ал оның журналистері белгісіз біреулердің қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын айтады.
- Біздің журналистер ереуіл басталған мамыр айының басынан бері сол жақта жұмыс істеп, күнделікті ақпарат беріп келеді. Бұл, әрине, Қазақстандағы қазіргі билікке ұнай қоймасы анық, - дейді порталдың продюссері Дәнеш Байболатов.
Ереуіл де, оны айтып, жазып жатқан тәуелсіз ақпарат құралдары да Қазақстанда емес, өзге Гондурас сияқты елдің проблемасы секілді әсер қалдырады.
Тәуелсіз «Общественная позиция» басылымының бас редакторы Бақытгүл Мәкімбайдің сөзінше, мұнайшылардың қазіргі халі Қазақстандағы сөз бостандығының жағдайымен пара-пар.
- Ереуіл де, оны айтып, жазып жатқан тәуелсіз ақпарат құралдары да Қазақстан емес, Гондурас сияқты басқа бір елдің проблемасы секілді әсер қалдырады. «Ереуілді саясатқа айналдырмаңдар» деп жатады. Ал егер бұл саясат болмаса, неге мемлекеттік арналар, газеттер ол туралы ашық жазбайды? Атырауда болған «арнайы операцияларды» күнде жазған мемлекеттік арналар ереуілшілер туралы неге тіс жармайды? - дейді Бақытгүл Мәкімбай.
Басталғанына төрт айдан асқан ереуіл барысында мұнайшылар белсендісі Жақсылық Тұрбаев, белсенді Құдайберген Қарабалаевтың 18 жастағы қызы Жансәуле Қарабалаева, ереуілші Абай Әбенов көз жұмды.
Ал ереуілшілер белсендісі, заңгер Наталья Соколова 6 жыл түрмеге кесілді.