Ақтауда Қазақстан тәуелсіз кәсіподақ конфедерациясын тіркеуді талап етіп, қаңтардың 5-сінен бері аштық жариялаған мұнайшылар жайлы Қазақстандағы кей телеарналар біржақты ақпарат таратты.
«Қазақстан» ұлттық телернасы мен оның Ақтаудағы бөлімшесі материалдары және КТК телеарнасынан шығатын «Портрет недели» бағдарламасы мазмұны ұқсас болды. Екі телеарна да «мұнайшылардың аштық жариялауына сыртқы күштер ықпал етті» деген сарында сөйлеп, бірнеше жүз жұмысшының наразылығын арандатушылардың айдап салуы ретінде көрсетуге тырысты.
САРАПШЫ НАРАЗЫЛЫҒЫ
«Қазақстан» ұлттық телеарнасы тілшісі Ақтауға барып әзірлеген сюжет «Ақтаулық Oil Construction Company (ОСС) мұнайшылары, міне, бір апта болды судан өзге нәр тартпай наразылық акциясын өткізіп жатыр» деп басталады. Ұзақтығы сегіз минутқа таяу «Журналистік зерттеуде» мұнайшыларды айыптау сарыны басым және тілшінің «сыртқы күштер ықпалы бар» дегенге саятын жеке пікірі насихатталады.
Тілші көзқарасына «көмек» ретінде «Журналистік зерттеуге» Расул Жұмалы сияқты сарапшылар пікірі қосылған.
Азаттық репортажда «сыртқы күштер» туралы айтқан Расул Жұмалыға хабарласты. Ол «басқа сауалға берген жауабы мұнайшыларға қарсы қолданылғанын» айтады.
- Осыдан екі-үш күн бұрын Facebook әлеуметтік желісі арқылы бірнеше адам маған «Расул, сенен мұндайды күтпеп едік» деп ренжіді. Олар жіберген сілтемені ашсам, Маңғыстаудағы мұнайшылар туралы сюжет екен. Онда менің «жалпы әлемдегі болып жатқан оқиғаларға сыртқы күштердің әсері» туралы қойылған сұраққа қатысты айтқан пікірімді үзіп-үзіп, монтаждап, мұнайшыларға қарсы қойыпты. Айтпаған нәрсемді айтқандай етіп келтіргені намысыма тиді. Кейін «Қазақстан» телеарнасынан жігіттер қоңырау шалып, «бізден ағаттық кетіпті» деп кешірім сұрады. Мәселе сонда - нақты мұнайшыларға және Маңғыстаудағы аштық акциясына байланысты сұрақ қойылған жоқ, - дейді ол.
«ЕКІ ЕСКЕРТУ»
Азаттық тілшісі «Қазақстан» телеарнасының эфир саясаты дирекциясы бас редакторы Қайнар Олжайға да хабарласты.
- Мен "сыртқы күштер қаржыландырып жатыр" дегенге қатысты ештеңе айта алмаймын. Мен репортажға екі ескерту айттым. Біріншісі – "Дос Көшіммен неге телефон арқылы сөйлестің" деп, екіншісі – графикаға қатысты. Одан басқа сұрақтарға журналист жауап бермесе, ондай материалдарды қайдан алғанын мен білмедім. Мен дайын алып келген материалды қарағанымды айта аламын, ал тапсырма беру менің тарапымнан болмайды, - деді Қайнар Олжай.
«Қазақстан-Ақтау» телеарнасы сайтында жарияланған материалдардың көбі Маңғыстау облысы тұрғындарының жұмысшылар акциясына қарсы пікірлері және «Журналистік зерттеу» үзінділерін пайдаланып жасалған.
Өзін «Жаңалықтар қызметінің шығарушы редакторы» деп таныстырған Әлия Таласова «жауап бере алмайтынын, материалды өзі дайындамағанын» ескертіп, «толық жауапты бірер сағаттан соң өзіміз хабарласып берейікші» деді. Бірақ уәде етілген уақытта хабарласып, мән-жайды түсіндірген ешкім болмады.
«ФЛОРА АЛИЕВА ЖАУАП БЕРЕДІ»
Мұнайшыларға «сыртқы күштердің әсері» мәжіліс депутаты Артур Платонов КТК телеарнасында жүргізетін «Портрет недели» бағдарламасында қаңтардың 22-сінде айтылды. Ол «аштық акциясын әлдебіреулер қаржыландырып, өз мүдделерін көздеп отыруы мүмкін» деген жорамал жасап, «2016 жылдың көктеміндегі жер митингілерін қаржыландырды» деп сотталған шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовті еске алып, оған қарсы куәлік еткен адамдардың сөздерін пайдаланады.
«Мұнайшыларды кім алдады? Адамдарды аштық жариялауға кім көндірді?» деген сұрақтарға жауап ретінде теріс қарап тұрған адамның сөзі берілген. «Мені де аштық жариялауға шақырды. Бармадым. Шет елге алып кетеміз деді. Түсінбеймін, онда не істейміз? Егер бәрі жақсы болса, ақша төлейміз деді. Ақша керек емес, маған шындық керек. Оған сеніп қалған адамдар енді аштық жариялап жатыр» дейді теріс қарап тұрған белгісіз адам.
Азаттық тілшісі КТК арнасына хабарласқанда телефон тұтқасын көтерген әйел адам «сұрақтарға «Портрет недели» бағдарламасының редакторы Флора Алиева жауап беретінін, бірақ ол сенбі-жексенбі жұмыс істеуі себепті жұмысқа сәрсенбі ғана шығатынын» айтты. Алиеваның ұялы телефонына хабарласу мүмкін болмады.
Депутат Платонов мұнайшылардың аштық жариялағаны жайында қаңтардың 19-ы күні Азаттыққа да мәлімдеген. Депутат ол жолы «заң шеңберінен шығып кететін де, әділ де талаптар болатынын және мәселені анықтап, сәйкес шараларды іске асыратындарын» айтқан.
СЕНЕТІНДЕР МЕН СЕНБЕЙТІНДЕР
Азаттық тілшісі «сыртқы күштер» жайлы журналистер жорамалына сенетін-сенбейтіндерін сұрап, қоғамға белгілі бірді-екілі тұлғамен хабарласқан еді.
Қазақстан коммунистік халықтық партиясы өкілі Владислав Косарев елде "мемлекетке жақсылықтан гөрі жамандық ойлайтын адамдар тобы бар" екенін айтады.
- Кейбіреулер Қазақстанда хаос болғанын қалайды. Егер «Қазақстан» телеарнасы сондай ақпарат таратса, онда ақшаны кім бергенін, қайдан келгенін талқылауға ешкімнің құқығы жоқ. Бұл - мемлекеттік мәселе, - деп қысқа қайырды Владислав Косарев.
Ал «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай бағдарламаларды көргенін айтып, «ақпараттардың шынайылығы күмәнді» дейді. Оның пікірінше, «жүздеген адам қатысқан аштық шарасына қарсы пікір айтушыны теріс қаратып қойып сөйлету де сенімді шықпаған».
- Оның мұнайшы екеніне де күмәнім бар. Мұнайшының киімін кигізген. Ол неге жұртқа қарап айтпайды? Шындықты жақтайтын адам екен ол. Елдің тыныштығын ойлайтын адам жүзін жасырмайды, - дейді Рысбек Сәрсенбай.
Кей сарапшылар қазақстандық кейбір БАҚ-тың наразылық шараларын арандатушылармен байланыстыратын не оқиғаларды хабарламайтын әдеті СССР дәуірінен қалғанын айтады. Қазақстанда тәуелсіз журналистиканың қалыптасуы туралы пікірлер де әрқилы.
Қаңтардың 22-сі күні Ақтаудағы аштық жариялап жатқан мұнайшыларға келген қала прокуроры Марат Тойжан олардың тарауын талап етіп, мұнайшылар әрекетін «мемлекетке қарсы шығу» деп бағалаған. Мұнайшылар аштығы сол күні толық тоқтаған. Сот шешімімен 27 адам 3,3 миллион теңге төлеуге тиіс болған. Oil Construction Company кәсіподағы ұйымы төрағасы Әмин Елеусінов пен еңбек инспекторы Нұрбек Құшақбаев сот шешімімен тұтқынға алынған.