Accessibility links

Шетпелік әйелдің «әділет үшін» күресі


Шетпелік кәсіпкер Шынар Сарходжаева. Маңғыстау облысы Шетпе селосы, 16 сәуір 2016 жыл.
Шетпелік кәсіпкер Шынар Сарходжаева. Маңғыстау облысы Шетпе селосы, 16 сәуір 2016 жыл.

Маңғыстаулық кәсіпкер әйел «полиция жаласынан зорға құтылып», өзін «қылмыскер жасауға тырысқан» оларға қарсы арыз түсіргенін айтады. Сарапшы «полиция әрекеті астарында пара бопсалау жатуы мүмкін» десе, полицейлер «кәсіпкер қызыл балықты заңсыз сатты» дейді.

Азаттыққа хабарласқан Маңғыстау облысы Шетпе селосында (Маңғыстау ауданы орталығы – ред.) тұратын кәсіпкер әйел Шынар Сарғоджаева өзін полицейлердің «жазықсыз айыптағанын» айтады.

Ол аудандық ішкі істер бөлімі (ІІБ) бастығы мен іс қозғаған полицейлерді «қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін» қылмыстық жауапқа тартуды сұрап, 2015 жылы желтоқсанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Маңғыстау облысы департаментіне шағым түсірген.

Кәсіпкер «ішкі істер қызметкерлері кесірінен қылмыскер атанып кете жаздағанына» наразы. Оның айтуынша, 2015 жылы қазан айында Маңғыстау аудандық ІІБ қызметкерлері оны «тыйым салынған балық түрін сатып алды, сақтады, сатты» деп айыптап, үстінен қылмыстық іс қозғаған.

«ЖАЙ ҒАНА КУӘ БОЛАСЫҢ»

Шетпеде дүкені бар кәсіпкер Азаттық тілшісіне оқиға қалай болғанын баяндады. Оның сөзіне қарағанда, 2015 жылы қазанның 9-ы күні «полиция қызметкеріміз» деген төрт адам дүкеніне келіп, «ештеңе түсіндірместен» тоңазытқыштағы балықтарын алып кеткен.

Шетпедегі ішкі істер бөлімінің ғимараты. Маңғыстау облысы, 17 сәуір 2016 жыл.
Шетпедегі ішкі істер бөлімінің ғимараты. Маңғыстау облысы, 17 сәуір 2016 жыл.

- Жұрт сауда жасап, ақшасы жоғы жаздырып алып жатқан күнделікті тіршілік болатын. Дүкенге кірген жас жігіт балық сатып жүргенін айтты, «сазан» деген соң екеуін алған едім, - дейді Шынар Сарғоджаева.

Кәсіпкердің айтуынша, полицейлер дүкенге екі сағаттан кейін келген. «Тәркілерде олар екі балықты видеоға түсіріп, аудандық ішкі істер бөліміне келуі керек екенін айтқан» да кетіп қалған.

- Полиция капитаны Айнұр Сақтағанова «жай ғана куә боласың, «балық сатып жүрген адамды табу керек» деген соң дайын хаттамасына қол қойдым. Сөйтсем көздегендері басқа екен,- дейді кәсіпкер.

Оның сөзінше, дүкеніне кейін тағы келген тергеуші «қорғаушы қажет емес», «қылмыстық істі жедел түрде қазақ тілінде жүргізуді сұраймын» деген арыздар мен «күдіктіден жауап алу хаттамасына» қол қоюды сұраған. Ал полиция жедел уәкілі Миржан Таңатар жеке куәлігін алып кеткен. Шынар Сарғоджаева өзіне қарсы «тыйым салынған балық сатты» деген айыппен қылмыстық іс қозғалғанын «кейін білген».

- Істің басқаша бет алып бара жатқанын түсініп, адвокат жалдадым. Алайда адвокат жалдау туралы өтінішімді қылмыстық іске тіркемей, оны іске қатыстырмай қойды, - дейді ол.

Шынар Сарғоджаеваның Маңғыстау аудандық ІІБ қызметкерлері әрекеттері жайлы арызын қараған аудан прокуроры Батыр Шағыров балықтардың кәсіпкердің дүкенінде сатылғаны туралы дәлел жоқ екенін көрсетіп, оны қылмыстық жауапкершіліктен босату туралы қаулы шығарған.

Маңғыстау ауданы прокуроры Батыр Шағыровтың шетпелік кәсіпкер Шынар Сарходжаеваға қозғалған істі тоқтату туралы қаулысының фотокопиясы. Маңғыстау облысы, 15 сәуір 2016 жыл.
Маңғыстау ауданы прокуроры Батыр Шағыровтың шетпелік кәсіпкер Шынар Сарходжаеваға қозғалған істі тоқтату туралы қаулысының фотокопиясы. Маңғыстау облысы, 15 сәуір 2016 жыл.

Кейін оның Маңғыстау облысы прокуратурасына жазған арыздарынан соң Маңғыстау аудандық ІІБ бастығы Абылхан Төленов пен орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылып, «қылмыстық істі» тергеген Айнұр Сақтағанова мен жедел уәкіл Миржан Таңатар, Дәурен Нысанбаев сөгіс алған. Бірақ ол мұның «тым жеңіл жазалар» екенін айтады.

- Бас аман болсын деп, кешіре береміз. Мен олай еткім келмеді. Неге менқұқығым бұзылғанына көнуім керек? Президент Назарбаев та «жемқорлықпен халық күресуі керек» деп айтады ылғи телевизордан. Соның қалай жүзеге асатынын көргім келді,- дейді Сарғоджаева.

«ЖАЗА БЕРСІН»

Маңғыстау аудандық ІІБ бастығы Абылхан Төленовпен сөйлесу мүмкін болмады. Кезекшінің айтуынша, «ауырып қалған, жұмыста жоқ». Ал істі жүргізген тергеуші Айнұр Сақтағанованың уәжіне қарағанда, «Сарғоджаева қызыл балықты тоңазытқышта сақтап, сатып жүрген». Азаттық тілшісі таққан айыптарын неге дәлелдей алмағанын сұрағанда ол:

- Ол адам мейлі жаза берсін, қайда жазса да. Мен ол туралы ақпарат бермеймін, - деп қысқа қайырды.

Полиция өкілі Дәурен Нысанбаев өзіне қатысты жазылған арыз туралы «оған келіссем де, келіспесем де ештеме өзгермейді» дегеннен басқа сөз айтпады. Ал Азаттық тілшісі хабарласқан тағы бір полицей Миржан Таңатар «кәсіпкердің қызыл балықты сатып тұрғанын көзімен көргенін» айтып:

Шынар Сарходжаеваға қарсы қылмыстық іс қозғаған полицейлерге берілген сөгістің (27.01.2016) фотокопиясы.
Шынар Сарходжаеваға қарсы қылмыстық іс қозғаған полицейлерге берілген сөгістің (27.01.2016) фотокопиясы.

- Заң жолымен қаралып жатыр. Шамалы қателік кеткен шығар қағазда. Бәрін камераға түсіргенбіз. Ары қарай жазам десе, жаза берсін, - деді.

Маңғыстау облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің тергеушісі Ғалымжан Ибрагимов «балық сату» ісі тергеуі әлі жүріп жатқанын растады, бірақ:

- Істі тергеп жатырмыз. Сарғоджаева Жаңа жыл алдында құқығы бұзылғаны туралы арыз жазды. Мен қазір көп жайтты ашып айта алмаймын,- деп, егжей-тегжейлі ақпарат беруден бас тартты.

«БҰЛ АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМ ОЯНҒАНЫН БІЛДІРЕДІ»

«Демос» қоғамдық бірлестігі жетекшісі, құқық қорғаушы Тоғжан Қизатованың пікірінше, «полицейлерге қылмыстық істі қолдан жасау қиын емес» және «ондай жағдай әр облыста кездеседі».

- Бұл жерде сыбайластық болуы мүмкін. Өйткені, заңгер көмегімен кәсіпкер қылмыскер атанудан құтылған, полицейлер әрекеті түкпірінде одан пара бопсалау жатуы мүмкін. Бірақ оның ақ-қарасын жемқорлыққа қарсы бюро анықтауы тиіс, - дейді құқық қорғаушы.

«Демос» қоғамдық бірлестігі жетекшісі, құқық қорғаушы Тоғжан Қизатова
«Демос» қоғамдық бірлестігі жетекшісі, құқық қорғаушы Тоғжан Қизатова

Қизатованың ойынша, «алақандай Шетпеде тыйым салынған балықты дүкен аралап сатып жүрген жігіттің әлі қолға түспеуі де күдік тудырады».

- Заңда «жазасыз қалдырмау» туралы ұғым бар. Полицейлер енді әрекеттерін түсіндіруі керек, – дейді құқық қорғаушы.

Оның сөзінше, «кәсіпкердің қылмыстық істен құтылған соң оқиғаны жылы жауып қоя салмай, ары қарай шағымдануы азаматтық қоғамның ояна бастағанын білдіреді».

Ақтаудан 108 километр жердегі Шетпе селосы - 12 елді мекені бар Маңғыстау ауданының орталығы. Ауданда 31 мың адам тұрады. Маңғыстау аудандық ішкі істер бөлімінде 80-нен астам полиция қызметкері жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG