Accessibility links

Медицина – тегін, дәрі – қымбат


Фармацевтика фабрикасының конвейеріндегі дәрілер. (Көрнекі сурет)
Фармацевтика фабрикасының конвейеріндегі дәрілер. (Көрнекі сурет)

Қазақстанда мемлекет меншігіндегі емдеу мекемелерінің көпшілігі заң бойынша медициналық қызметті тегін көрсетеді. Ал фармацевтика нарығы жеке меншіктің қолына өткен.

Мемлекет жүргізген реформаның нәтижесінде дәріханалар желісі дамып, ірі дистрибьютерлік компаниялар пайда болды. Павлодар қаласындағы РОМАТ компаниясы былтыр қазан айында чех фирмасымен екі фармацевтикалық өндіріс орнын салу туралы келісім-шартқа отырды. Бұл келісімге сәйкес, Семейде инфузиялық ерітінділер мен инъекциялық препараттар, ал Павлодарда қатты дәрі түрлерін шығару жоспарланған.

SMD (Support in Market Development) зерттеу компаниясының деректері бойынша, Қазақстанның дәрі-дәрмек нарығындағы сауда айналымының көлемі өткен жылы 1 миллиард 288 миллион теңгеге жеткен. Бұл – бұрынғы советтік кеңістікте Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші көрсеткіш. Егер Қазақстан халқының саны мен дәрі-дәрмек сату көлемін ескерсек, былтыр әр қазақстандық медициналық препарат сатып алуға 76 доллар жұмсаған. Украиндықтар да осы шамада, ал ресейліктер орташа есеппен 215 доллар жұмсапты.

ДӘРІ НЕГЕ ҚЫМБАТТАЙДЫ?

Қазақстанның фармацевтика нарығы госпитальдар мен ауруханаларға дәрі-дәрмек сату көлемі ұлғаю, амбулаториялық емдеуге кеткен қаржыны мемлекеттік бюджеттен өтеу есебінен өседі. SMD зерттеуінде «мемлекет науқастың стационарда емделу шығынын өз мойнына алып, аурудың 39 түрін емдеуге жұмсалатын шығынды өтейді» деп жазылған.

Дәріханадан шығып келе жатқан адам. (Көрнекі сурет)
Дәріханадан шығып келе жатқан адам. (Көрнекі сурет)
Фармацевтикалық нарықтың қаржылық көрсеткіші сату ғана емес, баға өсімі есебінен де ұлғайып отыр.

Қазақстан статистика агенттігінің деректері бойынша құрастырылған төмендегі кесте фармацевтикалық өнімдердің бағасы мен тарифтері индексінің тұрақты өскенін көрсетеді.

Кесте көрсеткендей, 2008-2012 жылдары баға индексі жыл сайын орта есеппен 9 пайызға өскен.

Өткен жылмен салыстырғандағы баға индексі (пайызбен) 2008 жыл 2009 жыл 2010 жыл 2011 жыл 2012 жыл
Фармацевтикалық өнім,
оның ішінде:
107,2 118,9 111,7 104,2 102,8
антибиотиктер 107,1 114,0 110,7 104,6 101,9
витаминдер 105,9 123,3 113,3 105,6 102,7
қан тамырын кеңейтетін дәрілер 107,1 120,1 115,0 105,8 102,9
қызу түсіретін дәрілер 108,9 122,6 111,5 105,0 103,0
антисептик дәрілер 107,6 111,5 106,7 104,0 104,8

Статистикалық деректерге қарағанда, мысалы, «Пенталгин» дәрісінің 10 таблеткасы 2008 жылы 16 теңгеден сатылса, 2012 жылдың аяғына қарай баға 14,4 есе өсіп, 231 теңге болған.

«ДӘРІ САТЫП АЛУ АЗАЙҒАН ЖОҚ»

Мамандардың түсіндіруінше, баға дәрі-дәрмек сапасының жақсаруы мен халықтың негізгі бөлігінің әл-ауқатының артуы сияқты себептерге байланысты өседі. Олар елдегі орташа жалақының жыл сайын өсуін уәж етеді. Кеден Одағына кірмейтін елдерден келетін импорттық дәрі-дәрмектердің нарықтағы қомақты үлесі де баға деңгейіне әсер етеді.

Дәріхана сөресіндегі дәрі-дәрмектер. Алматы, 12 қыркүйек 2012 жыл.
Дәріхана сөресіндегі дәрі-дәрмектер. Алматы, 12 қыркүйек 2012 жыл.
Алматы қаласындағы «Аза» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 4-дәріханасының қызметкері Маржанның айтуынша, баға үздіксіз қымбаттағанымен, жұрт дәрі-дәрмек сатып алуды азайтқан жоқ.

– Соңғы айларда біздің дәріханада баға орташа есеппен 100-200 теңгеге қымбаттады. Дәріні көбінесе қан қысымы жоғары, қант диабетімен ауыратын, қан құрамында холестерині көп зейнеткерлер сатып алады. Клиенттеріміз бір келгенде 1 мыңнан 10 мың теңгеге дейін сауда жасайды. Мысалы, 8 мың 140 теңге тұратын «Лазикс» деген жүрек дәрісін қымбатсынбай алады, – дейді ол.

Қазір Қазақстанда шетелдік фармацевтика компанияларының жүзден аса өкілдігі жұмыс істейді. Дәрілік өнімдер ең көп келетін елдер – Ресей, Германия, Франция және АҚШ.

Мақаланы дайындауға Азаттық тілшісі Мәншүк Асаутай қатысты.
XS
SM
MD
LG