Үлкен қалалардың әр орамында дерлік екі, әйтпесе одан да көп мини-маркет бар. Олар негізінен тұрғын үйлердің төменгі қабатында орналасқан. Әдетте жұрт бұл жерден ең қажетті тауарлар – азық-түлік және тұрмыстық химия заттарын сатып алады.
Ал кейінгі жылдары супермаркеттер мен сауда орталықтары қатарының көбеюі шағын дүкендерді клиенттерінің бірсыпырасынан айырып, табысының кеми түсуіне әсер етіп жатыр. Бірақ, ірі сауда желілерімен бәсекелес болу – шағын дүкен иелері кезігіп отырған жалғыз проблема емес.
АЛЫМ-САЛЫҚ ЖАЙЫНДА ДА АЙТА БАСТАДЫ
Алматы тұрғыны Жанерке Әлімоваға екі жыл бұрын ата-анасы «Таугүл» шағын ауданындағы тұрғын үйдің бірінші қабатынан кішігірім дүкен ашуға көмек қылған еді. Жас кәсіпкер Азаттыққа салықтар мен тексерулер бизнесін алқымнан алып жатқанын айтады.
– Ай сайын мың доллар көлемінде салық төлеймін. Тағы да санитарлық-эпидемиологиялық станциядан, өрт сөндіру қызметінен, әкімдіктен келеді – барлығына ақша бересің. Спиртті ішімдіктер сата бастаған кезімде салықты уақытылы төлемегенім үшін 200 мың теңгеге дейін айыппұл салған болатын. Біз тіпті салықты да, айыппұлды да ірі кәсіпкерлермен тең төлейміз, ал табысымыз тең емес қой, - дейді ол.
Кәсіпкердің айтуынша, бизнесті жүргізу оңай емес – азық-түлікті сатып алу, оны сақтаудан бастап логистика және дүкеннің күзетіне дейінгі барлық мәселені өзі қадағалауына тура келеді. Сөйте тұра ол заңдық тұрғыда еш қорғалмағанын айтады.
Шағын сауда орындары иелерінің проблемаларын Қазақстан кәсіпкерлерінің ассоциациясы қолға алды – ол шағын бизнестегі проблемаларды тізімге алумен айналыса бастады. Ассоциация көпқабатты үйлердің аулаларындағы мини-маркеттер иелерінің бетпе-бет келетін қиындықтары реестрін күзге дейін әзірлеп, үкіметке жолдамақ.
Қазақстан кәсіпкерлері ассоциациясының президенті Ермек Әбілдин кеңсеге күн сайын көптеген кәсіпкердің келетінін айтады. Олар банк несиесінің пайыздық үстемесі мен салық мөлшерінің көптігіне және коммуналдық қызмет тарифтерінің артқанына шағынады.
Бұған қоса жуырда салық заңнамасында жаңа ереже пайда болды – енді ішімдік саудасы үшін жыл сайынғы лицензия алымы жүз айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде (яғни 185 мың теңге – мың доллар шамасында) болмақ. «Шағын дүкендердің иелері үшін бұл – елеулі сома, Салық кодексіндегі жаңа шектеулер де оларды жұтатуы мүмкін» деп санайды ассоциация президенті.
– Қазір біз шағын бизнес өкілдері арасында сауалнама жүргізіп жатырмыз, олардың проблемаларын айқындаймыз, бизнестің осы санатындағы проблемалар реестрін құрастырамыз. Көптеген даму институттары, Ұлттық палата бұлардың проблемаларынан сырт айналды. Осы сегментті қолдауға бағытталған талай мемлекеттік бағдарламалар бар, бірақ олар жұмыс істемейді, – дейді Азаттыққа Ермек Әбілдин.
Ол шағын дүкендердің иелері электр тарифін де ірі кәсіпкерлермен бірдей – әр киловатына 18 теңгеден төлейтініне назар аударды. «Көптеген айыппұлдарға қатысты да дәл осындай жағдай» дейді ол.
ДЕР ШАҒЫНДАҒЫ ИДЕЯ
Zertteu Research Institute қоғамдық қорының директоры, экономист Жәнібек Хассан Қазақстан кәсіпкерлері ассоциациясының идеясын қолдап отыр. Ол мұндай бастамалармен шағын кәсіпкерлік саласындағы проблемаларды шешуге болатынын айтады.
– Бұл көңіл бөлуге тұрарлық шаруа, мұндай реестр шағын бизнес субъектілері арасында міндеттер мен проблемалармен тиімді алмасуға мүмкіндік жасайды. Екіншіден, білім институттарын жетілдіру проблемасын бір жүйеге келтіреді, қатерлерден сақтандырады. Ірі кәсіпорындарда қатерді азайту үшін заңгерлер жұмыс істейді, шағын кәсіпорындар болса, отбасы есебінен ғана әрекет етеді. Үшіншіден, мұндай реестрлер мемлекеттік органдарды тартады да, ШОБ (шағын және орта бизнес) жұмысы министрлік деңгейінде қадағаланатын болады. Ал бұл тиімсіз тексерістерді азайтуға мүмкіндік береді, – дейді Жәнібек Хассан.
Алматы қалалық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Әдіс Сейдакматов қалада шағын бизнесті қолдау жөніндегі жұмыстар жүріп жатыр деп санайды. Ол Алматыда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы алғаш осыдан екі жыл бұрын, «Даму» қорының ғимаратында ашылғанын айтады.
Орталықта бизнесмендерге қолдау жасалады: грант алуларына, банктерден несие алу мен өтеуге көмек көрсетіледі. Шағын бизнес проблемалары реестрін құру идеясын Әдіс Сейдакматов құптайды.
– Қазақстан кәсіпкерлері ассоциациясы үкіметке әзірлеп жатқан бұл құжат ШОБ өкілдерінің біз шеше алмаған проблемаларын шешеді деп үміттенемін, – деді Әдіс Сейдакматов Азаттыққа.
Алматыда қанша мини-маркет бар екені жөнінде ресми мәліметтер жоқ.
Құрметті оқырман, ал сіз көпшілік қолды тауарларды қайдан алуды жөн көресіз – үй жанындағы шағын дүкеннен бе әлде ірі супермаркеттен бе?