ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ҚОС ФЕДЕРАЦИЯ БАР
Қазақстан қазақ күресін әлемге шығаруға алғаш рет 2004 жылы талпыныс жасады. Сол жылы Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы құрылып, 2010 жылы бұл ұйым Бүкіләлемдік күрес ұйымына (UWW) қабылданған.
– 2004 - 2017 жылдар аралығында қазақ күресінен алты әлем чемпионаты, 11 Азия чемпионаты, үш әлем кубогы, екі Еуропа чемпионаты, жастар арасында әлем чемпионаты (Иран), кадеттер арасындағы әлем чемпионаты (Бразилия) және ОАР-да Африка біріншілігі ұйымдастырылды. Бұл ресми жарыстардың бәрі UWW аясында өтті. 2016 жылы қазақ күресі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне кірді. Қазақ күресі 2017 жылы қыркүйекте Түркіменстан астанасы Ашғабатта өтетін жабық алаңдағы Азия ойындары бағдарламасына енді. Бұл – Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының атқарған ісі. Ендігі жоспарымыз – қазақ күресін олимпиада ойындары бағдарламасына енгізу, - дейді осы федерацияның құрметті президенті Серік Төкеев.
«Қазақстан барысы», «Әлем барысы» жарысын ұйымдастырып жүрген «Қазақстан барысы» қоры құрылтайшысы Арман Шораев, Қазақстан энергетика министрі Қанат Бозымбаев бастаған топ 2017 жылы Халықаралық қазақ күресі федерациясын құрған. Оның президенті болып Қанат Бозымбаев тағайындалған. Қазақстан спорт және мәдениет министрлігі мен Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті ресми түрде қолдаған ұйымды UWW ресми түрде таныған жоқ. Енді қазақ күресінен Қазақстан чемпионатын, «Әлем барысы», «Еуразия барысы» жарыстарын осы федерация ұйымдастырмақ. Халықаралық қазақ күресі федерациясының Азия және әлем чемпионатын өткізуге UWW тарапынан лицензиясы жоқ. Әйткенмен ұйым қазақ күресін олимпиада ойындарына енгізуді басты мақсаты санайды.
«Олимпиада ойындары бағдарламасына қазақ күресін қосуы мүмкін. Бірақ бірден қосу екіталай. Қосқан жағдайда қазақтың ұлттық спорт түрін әлем мойындағаны деп білер едік. Біз осы бағытта жұмысты бастадық. Ол үшін жұмыс жүргізу қажет, жаттықтырушыларды дайындап, қаржылай қолдау жағын ойластыру керек» деді Қанат Бозымбаев Астанада өткен Халықаралық қазақ күресі федерациясының алғашқы конгресінде.
Ұлттық спорт түрлерін зерттеп жүрген маман Қайрат Бекен қазақ күресінен екі әлемдік ұйымның қатар жұмыс істеуі бұл күрес түрінің дамуына кері әсерін тигізеді деген пікірде.
– Екі ұйым екі түрлі ереже жасамақ. Екі түрлі киім, екі түрлі ұпай беру әдісі болады. Қазақстандағы ішкі жарыстарды Халықаралық қазақ күресі федерациясы ұйымдастырады. Ал әлем және Азия чемпионаттарын Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы ұйымдастырады. Береке кетірмей, қазақ күресін дамытамыз десе екі федерация бірігуі тиіс, - дейді ол.
ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚ ФЕДЕРАЦИЯСЫНА 23 ЕЛ МҮШЕ
Қазақстанның бастамасымен 2008 жылы Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылған. Бұл ұйымды алғашқы күнінен Әлихан Байменов басқарып келеді.
– Әуелгі кезде қазақстандық жаттықтырушылар шетелдерге барып, тоғызқұмалақ үйірмелерін ашты. Сол елдердің азаматтарына тоғызқұмалақ ойнауды үйретті. Қазір бізден тәлім алған шетелдіктер көрші елдеріне барып үйретіп жүр, - дейді дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының бас хатшысы Мақсат Шотаев.
Қазақстандық мамандардың шетелдердіктерге тоғызқұмалақ үйрету жобасының алғашқы кезеңі аяқталған соң 2010 жылы Астанада тоғызқұмалақтан тұңғыш әлем чемпионаты өткен. Алғашқы әлем біріншілігіне 16 елден өкілдер қатысты. Содан кейін 2012 жылғы әлем біріншілігі Чехияда, 2015 жылғы әлем чемпионаты Алматыда ұйымдастырылды.
- Қазір Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясына ресми түрде АҚШ, Англия, Антигуа және Барбуда, Бразилия, Гана, Германия, Колумбия, Кот Д’Ивуар, Қытай, Франция және бізбен көршілес мемлекеттерді қосқанда барлығы 23 ел мүше. Азия, Еуропа чемпионаттарын да өткіздік. Биыл қыркүйекте Астанадағы EXPO көрмесі аясында әлем чемпионатын өткізу жоспарланған. Оған қатысуға 30 ел өтініш берген, - дейді Мақсат Шотаев Азаттыққа.
Дүниежүзілік федерацияның басты мақсаты – тоғызқұмалақты төрт жылда бір рет өтетін әлемдік зияткерлік ойындары бағдарламасына енгізу және екі жылда бір рет тоғызқұмалақ олимпиадасын өткізу. Бас хатшы Мақсат Шотаевтың айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін дүниежүзілік федерацияға кем дегенде 45 ел мүше болуы керек.
«КӨКПАРДА ОРТАҚ ЕРЕЖЕ ЖОҚ»
Қазақстан көкпардан 2013 жылы Астанада Азия чемпионатын өткізген. Ол жарысқа Қазақстанмен бірге Моңғолия, Қырғызстан мен Қытай көкпаршылары қатысқан. Кейін көкпардан Азия чемпионаты екі жылда бір рет өтеді деп жарияланған. Бірақ 2015 жылы құрлық біріншілігі өтпей қалды. Биыл Астанадағы ЕХРО көрмесі кезінде Қазақстан көкпардан алғашқы әлем чемпионатын ұйымдастырмақ. Ұлттық спорт федерациясы сайтында әлем біріншілігіне нақты қанша ел қатысатыны туралы ақпарат жоқ.
Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін зерттеп жүрген ғылым магистрі Нұржан Сапарғали көкпардың ережесін толық өзгертуді ұсынады.
– Көкпар қазақ, қырғыз, ауған елдеріне ортақ спорт. Қазақтар көкпарға серке тартады. Жануарлар құқығын қорғайтын Батыс елдерінде, Еуропада малды жұлмалау ерсі көрінеді. Сондықтан оның орнына балама зат енгізген жөн. Сонда ғана көкпарды әлемге насихаттап, шынайы халықаралық жарыстар өткізуге мүмкіндік туады, - дейді ол.
Ұлттық спорт түрлерін зерттеп жүрген журналист Бек Төлеуов қазақ күресі, көкпарды олимпиада бағдарламасына енгізу алдағы 15-20 жылда да мүмкін емес деп санайды.
- Самбо спорты [олимпиада бағдарламасына] кіре алмай жүр. Оны 1980 жылы Мәскеу олимпиадасына да кіргізе алмаған. Демек қазақ күресін де олимпиадаға енгізу қиын. Себебі, қазақ күресінің ережесі мен тәсілдері дзюдо мен самбоға ұқсас. Халықаралық олимпиада комитеті бір-біріне ұқсайтын спорт түрлерін олимпиада бағдарламасына енгізбейді. Көкпарда нақты жүйе жоқ. Бір ел қазандыққа, екінші ел шеңберге салады. Нақты ережесі мен жүйесі жоқ ойынды әлемдік деңгейдегі спорт дәрежесіне шығару қиын. Тоғызқұмалақтан әлемдік олимпиада өткізу үшін шахмат сияқты деңгейге жетіп, 200-ге жуық астам елде танымал болуы керек, - дейді спорт шолушысы.
Қазақстан спорт және мәдениет министрлігі Астанадағы EXPO көрмесі кезінде теңге алу мен бәйге жарысынан да әлем чемпионатын өткізуді жоспарлап отыр.