Мерекеге жиналған жұрттың алдына шыққан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев елді наурыз мерекесімен құттықтады. «Наурыз жер шарындағы ең көне мейрамның бірі екенін, бес мың жылдан бері тойланатынын» айтқан Қазақстан президенті:
– Қайта оралған наурыздың тарихы – тәуелсіздігіміздің тарихы. Бұл күні еліміз түгел жаңарады. Бар күшімізді, бар ниетіміз бен ісімізді Қазақстанның гүлденуіне арнаймыз, – деді.
Президент Назарбаевтың құттықтауы аяқталған соң алаңда театрландырылған көріністер қойылды.
Бүгін Астананың кейбір жолдары жабылды. Қалалық жол полициясы басқармасы бұған дейін жеке көліктеріңді мінбей қоя тұрыңдар деп ескерту айтқан еді.
– Көршілес аумақтағы көлік тұрақтарының аздығын ескере отырып, оған қоса көліктің көп жиналып қалмауы үшін қоғамдық көлікке мінуді ұсынамыз, - деп хабарлады Астана қалалық жол полициясы басқармасының бастығы Бақыткелді Айқымбеков.
Қала басшылығының сөзіне сенсек, Астанада арнайы бағыттағы автобустар жүргізіледі. Астананың басты мерекелік орталықтарына апаратын көлік таңғы 11-ден кешкі 11-ге дейін жүруі керек.
Қала тұрғындарының айтуынша, биылғы наурыз мейрамы өте ауқымды өтіп жатыр.
– Бұл мерекені асыға күтеміз, – дейді астаналық Жәзира Төлеубекова Азаттық радиосына. – Жаңа жылда елімізде, отбасымызда жақсылық болады деп сенеміз. Бұл мейрам қазақ үшін – достық пен махаббаттың баламасы.