Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев Пекинде Ху Цзиньтаоның орынбасары Си Цзиньпинмен және "Қытай ұлттық мұнай компаниясының" (CNPC - China National Petroleum Corporation) басшысы Цзян Цземиньмен де кездесу өткізді.
«БІРЛЕСКЕН ЖҰМЫСТЫ АРЫ ҚАРАЙ ЖАЛҒАСТЫРУ»
Кездесуде Назарбаев Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің тереңдеп дамып жатқанын айтса, Ху Цзиньтао екі ел арасындағы қарым-қатынас орнағанына 20 жыл болғанын айтып өткен.
Ал Ху Цзиньтаоның орынбасары Си Цзиньпин кездесуде Қазақстанның Орталық Азиядағы жетекші ел екенін айтып, энергетика мен аграрлық саладағы ынтымақтастық мәселесіне назар аударған.
Назарбаевтың Цзян Цземиньмен кездесуінде Қазақстанда жұмыс істейтін компаниямен бірлескен жұмыстарды ары қарай да жалғастыру туралы сөз болған. Президенттің баспасөз қызметі бұдан өзге ақпарат бермеген.
CNPC (China National Petroleum Corporation) - Қытайдың кешенді халықаралық энергетикалық құрылымы. CNPC әлемнің 29 елінде мұнай және газ саласына инвестиция салып, жұмыс істеп жатыр. Компания Қазақстанда 1997 жылдан бері жұмыс істейді.
«ҚҰЛЫБАЕВҚА ПАРА БЕРГЕН»
2010 жылы ақпан айында қуғындағы қазақстандық саясаткер Мұхтар Әблязов Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевқа қатысты әшкерелеуші құжаттарды Қытайдың мемлекеттік орындарына жолдаған. Мұхтар Әблязов өз хатында ресми Пекиннен «Құлыбаевқа пара берген» қытайлық корпорациялардың басшыларын жазалауды сұраған.
Әблязовтың хаты Қытай төрағасы Ху Цзиньтаоның, сондай-ақ сол елдің бірқатар мемлекеттік органдары басшыларының атына жазылған еді.
Мұхтар Әблязов «Қазақстан үкіметі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясы акцияларының тұйықталған пакеті сатылатындығын жариялаған соң CNPC оффшорлық CNPC International (Caspian) Ltd кәсіпорынын құруға мәжбүр болды, оның 49 пайыз үлесі кейін Тимур Құлыбаевтың бақылауындағы оффшорлық Darley Investment Services Inc компаниясына бар болғаны 49 долларға сатылды» деп жазды.
Әблязовтың мәліметі бойынша, «Кейін бұл 49 пайыз үлесті CNPC және оның құрамдас бөлімдері сатып алды, екі келісімшарттың аясында Darley Investment Services Inc жалпы көлемі 165,9 миллион доллар төледі».
Мұхтар Әблязов Қытай басшылығының әділдігіне сенім білдіре отырып, мәлімдемеде көрсетілген «қытайлық компаниялардың бірқатар басшыларының заңды және моралдық-этикалық ережелерді өрескел бұзғандығын айғақтайтын құжаттардың көшірмесін» жолдағандығын мәлім еткен.
2010 жылы ақпанына дейін Әблязов сөз болып отырған құжаттардың көшірмелерін Қазақстанның билік органдарына жолдағандығын жариялаған болатын.
Алайда Қазақстан және Қытай билігі Әблязовтың компраматтарына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
«СНПС-АҚТӨБЕМҰНАЙГАЗ» БЕН ЖҰМЫСШЫЛАР ТАРТЫСЫ
Ал «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясымен қазақстандық жұмысшылардың арасындағы келіспеушілік жыл сайын ереуілге ұласып келеді.
2010 жылы маусым айында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына қарасты Жаңажол кенішінде (Ақтөбе облысы) мұнайшылар ереуілге шықты. Кеңқияқ кенішіндегі мұнайшылар да осы ереуілге қосылды. Қытайлық инвесторлар еңбекақы мөлшерін көбейтуді талап еткен ереуілшілерге басы артық ақша да жоқ» екендігін мәлімдеген.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» ереуілге шыққан жұмысшыларды сотқа беріп, Ақтөбе соты ереуілді заңсыз деп тапты.
2012 жылы мамыр айында Ақтөбе облысында мұнай өндіруші «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясын 80 жұмысшы сотқа берген еді. Олар қытайлықтарға тиесілі компания «Қазақстан республикасы еңбек кодексінің талаптарын өрескел бұзып отыр» деп айыптаған.
2011 жылы тамыз айында еңбек инспекторларының ескертуінен соң ғана шарт жасасқан компания жалақыны 20 пайызға көбейтуі тиіс болатын.
Алайда Ақтөбе қалалық сотының судьясы Гүлнәр Ибрайымова 23 мамыр күні үкім шығарып, қазақстандық жұмысшылар талабын орындамай тастады.
Жұмысшылар «табан ақы, маңдай терімізді жеті ай бойы күттік» дейді. «Арман-Құрылыс» ЖШС басшылары іс сотқа жеткеннен кейін ғана – сәуір айында жалақыларын 10 пайызға өсірген.
– Айлығымыздың аздығын айта-айта шаршадық. Әлеуметтік наразылық күшейе бастаса, итке сүйек лақтырғандай бір мың теңгеден қосады. Өз басым бастықтардың жарқын болашақ туралы «ертегісін» сегіз жылдан бері тыңдап келемін, – деген еді көлік жүргізушісі Александр Григоренко.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қытаймен меморандумға қол қойып, көршілеріміздің ел аумағында еңбек етуіне рұқсат берген жоқ па?
Жұмысшылардың айтуынша, мұнда жергілікті жұмысшылардың орнын қаптаған қытайлар басқан. Олар «қытайлар қазақстандық жұмысшыларды мемлекеттік мекемелерге көз қылып қана ұстап отыр» деп СНПС-дегі қақтығыстың шындығын айтып салған. Жұмысшылар сот кезінде «Бар мақсатымыз – өз отанымызда өгей баланың күйін кешпеу. Әрбір қазақстандық жұмысшыға бізде қытайлық екі кеңесшіден келеді екен. Осы ақылға сыя ма» деп наразылықтарын білдірген.
«Арман-Құрылыс» ЖШС-ның адвокаты Зоя Дружинина «Бұл мекеменің техникалық жабдықтары негізінен Қытайда шығарылған. Демек, жергілікті жұмысшыларға кеңес беретін мамандар ауадай қажет. Сондықтан да компанияның негізгі құрылтайшысының Ақтөбеге өз өкілдерін жіберіп тұруға құқы бар. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі Қытаймен меморандумға қол қойып, көршілеріміздің ел аумағында еңбек етуіне рұқсат берген жоқ па?» деген болатын.
Назарбаевтың Қытай басшыларымен маусымның 6-сы басталған Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің басшыларының екі күндік саммитінде кездесті. Саммиттің күн тәртібінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен Ауғанстандағы жағдай бірінші кезекте тұр.
Ұйымға Ресей, Қытай, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан мүше.
Саммитке Ауғанстан, Үндістан, Моңғолия және Пәкістан бақылаушы ретінде қатысып отыр.