Accessibility links

Қазақстанда жаңа бас мүфти сайланды


Ержан Маямеров 2013 жылы 19 ақпанда Қазақстанның бас мүфтиі болып сайланды.
Ержан Маямеров 2013 жылы 19 ақпанда Қазақстанның бас мүфтиі болып сайланды.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы Әбсаттар қажы Дербісәлі «өз өтініші бойынша» қызметінен кетіп, орнына жаңа мүфти сайланды.

Бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақстан мұсылмандарының жетінші құрылтайында бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі «мүфтиліктен ғылым саласына қайта оралғысы келетінін» айтып, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа өтініш жасағанын мәлімдеді.

– Баршаңызға мәлім, Қасиетті Құранның 719 жерінде білім-ғылым жайлы баяндалған. Мен әуелде бас мүфти лауазымына дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қызмет еттім. Қалған күш-қайратымды білім-ғылым саласына жұмсасам деген ойымды Елбасына жеткіздім. Нұрағаң, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл ойымды құптап, дінбасының және діни басқарманың атқарған іс-шараларына алғысын білдіріп, рахметін айтты, – деді ол.

Құрылтайда жаңа мүфтилікке кандидат ретінде ҚМДБ-ның аймақ бойынша өкіл имамы Ержан Маямеров ұсынылып, оның кандидатурасы "бірауыздан қолдау тапқан".

40 жастағы Ержан Маямеров Египеттің Әл-Азһар ислам университетін тәмәмдаған. Сол елде 15 жыл бойы діни білімін жалғастырып, 2011 жылы ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша өкіл имамы болып тағайындалған.

БҰРЫНҒЫ МҮФТИДІ МАҚТАУШЫЛАР

Бұрынғы мүфти, 66 жастағы Әбсаттар қажы Дербісәлі ҚМДБ-даға қоса Орталық Азия мүфтилері кеңесінің төрағасы қызметін де атқарды. Ол - филология
Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 16 шілде 2012 жыл.
Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 16 шілде 2012 жыл.
ғылымдарының докторы, профессор, академик және дипломат.

ҚМДБ-ны 13 жыл басқарған Әбсаттар Дербісәлінің атқарған ісі жайлы пікірлер әртүрлі.

Сенатор Әділ Ахметов қызметінен кетіп бара жатқан бұрынғы бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлінің қызметіне разы екенін айтты.

– Президенттен артық айтқан ешкім жоқ қой: «Әбсаттар қажы тек дін саласының ғана үлкен маманы емес, үлкен ғалым» деген баға берген. Ол шынында да солай. Ол – бұрынғы істеген қызметінде үлкен шаруа бітіріп кеткен азамат. Дін саласына көптеген маман даярлап, ақыл-парасатымен қызмет жасаған таза азамат, – деді ол ақпанның 18-і күні Азаттық тілшісіне.

Ислам Жеменей.
Ислам Жеменей.
Шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы Ислам Жеменейдің айтуынша, «Әбсаттар қажы Дербісәлінің қызметін жоғары бағалау керек».

– Шейх Әбсаттар қажы исламның ұлттық мүддеге сай дамуы үшін үлкен қызмет атқарды. Бүкіл халықты руханият пен дінмен жақындастырды, имамдар мен зиялылардың бір-бірімен тіл табысуына мүмкіндік жасады. Имамдардың білімін мемлекеттік мүддеге сәйкес жетілдірді. Ол – ғалым және ұйымдастырушы, – деді Ислам Жеменей.

БҰРЫНҒЫ МҮФТИДІ СЫНАУШЫЛАР

«Қазақстан қажылары» діни бірлестігінің төрағасы Бақтыбай Айнабеков Ислам Жеменейдің бұл пікірімен келіспеді.

– Бұл кісі (Әбсаттар қажы Дербісәлі – ред.) – дінге қатысы жоқ, әдебиеттанушы адам. Оның әдебиет саласында істеген жұмысын ешкім жоққа шығара алмайды, бірақ дінге өте қатты қиянат жасады. Осы қиянаттың ауыртпалығы – қазір елде діни ағымдар көбейіп кетті. Өйткені діннің көсемі болмағаннан кейін әркім өз білген дәрежесінде көсем болуға тырысып, дінге қатысы жоқ адамдардың өзінің арнайы топтары пайда болды, – дейді ол.

Дінтанушы Бейбіт Сапаралы «Дін туралы заңды» даярлау кезіндегі бас мүфти Әбсаттар Дербісәлінің үнсіз отырғанын сынады.

– Сол заңға мұсылмандардың пікірлерін жинап, өте білікті ғалым ретінде көмектесудің орнына ол кісі әліптің артын бағып отырды. Кейін заң
Дінтанушы Бейбіт Сапаралы. Алматы, 31 қазан 2012 жыл.
Дінтанушы Бейбіт Сапаралы. Алматы, 31 қазан 2012 жыл.
парламент мәжілісі мен сенат қабылдағаннан кейін ғана өзінің заңға қарсы тұстарын көрсетіп, үндеу тастады. Бұдан бөлек, өткен жылдың желтоқсан айында Дербісәлінің бірінші орынбасары Мұхаммет Хусейн Алсабеков екеуі бір-біріне «Шейх-уль-ислам» атағын берді. Оны құрылтай шешпеген, Қазақстан мұсылмандары бермеген. Бұл - көзге көрініп тұрған мәселелер. Сондықтан мен Дербісәлі қажының 12 жыл бойғы қызметіне теріс баға беремін, – дейді Бейбіт Сапаралы.

Ол «біздің билік, елбасымыз дінге қатты қолдау көрсетті», «Қазақстандағы осы күнге дейін салынған мыңдаған мешіт президенттің нұсқауымен салынды» дей келе:

– Ал Әбсаттар Дербісәлі өзі бас болып, қолдап, басынан аяғына шейін мешіт салдырды дегенді білмеймін, естімедім. Ең соңғы кезеңі – мешіттің ашылуына ғана барады, – деді.

Ал «Қазақстан мұсылмандары одағының» жетекшісі Мұрат Телібеков Әбсаттар қажы Дербісәліні «артына не жақсы, не жаман естелік қалдырмайтын сұр шенеуніктер қатарында» деп сипаттады.

Мұрат Телібеков.
Мұрат Телібеков.
– Оның бірде бір есте қалатындай уағызын еске түсіре алмай отырмын. Қоғам оның құрметтеуге тұрарлықтай бірде-бір әрекетін еске түсіре алмас. Меніңше, ол әрдайым өз-өзін аман сақтап қалу инстинктімен жүрген адам. Дәл осы мінезінің арқасында қызметте ұзақ отырды. Сондықтан мен оның қызметінен кетіп, жаңа адам тағайындалғанын құптаймын. Шыны керек, мен бас мүфти үшін мақтанған емес, ұялған кездерім көп болды, – деді Мұрат Телібеков.

Бұрынғы мүфти туралы пікірлерімен бөліскен бұл адамдардың бәрі де қызметке жаңадан сайланған Ержан Маямеров туралы ештеңе білмейтіндерін айтты.

Астанадағы құрылтайда бұрынғы мүфтидің жұмысы "қанағаттанарлық" деп бағаланды. Жиналғандар оның "ерен еңбегін ескеріп сый ретінде автокөлік кілтін табыстауға бірауыздан дауыс берді".

Жиыннан кейін діни басқарма өкілдері президент Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті. Назарбаев дінбасылармен кездесуде "елді адастыруға жол бермеу керек" екенін айтты.
XS
SM
MD
LG