Accessibility links

Радиацияның Қазақстаннан тарағанын мамандар жоққа шығарды


Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы қызметкері радиацияны өлшеп тұр. Бұрынғы Семей полигоны аумағы, 13 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы қызметкері радиацияны өлшеп тұр. Бұрынғы Семей полигоны аумағы, 13 қазан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Францияның ядролық және радиациялық қауіпсіздік институты  (IRSN) Еуропаның үстінен радиобелсенді бұлтты анықтағандарын мәлімдеді. Олар «бұлт» Ресейден не Қазақстаннан тараған деп болжайды. Институт «қазір адамдар денсаулығына қауіп жоқ, бірақ радиация тараған кезде сол маңнан бірнеше километр радиуста тұратын адамдарды көшіру керек еді» дейді. Ал Қазақстандағы тиісті мекемелердің өкілдері радиацияның Қазақстаннан тарағанын жоққа шығарады.

Францияның ядролық және радиациялық қауіпсіздік институты (IRSN) ғалымдары «радиобелсенді бұлт Орал тауларының оңтүстігінен тарауы мүмкін» деп болжайды. Институт ядролық реактор апаты болмағанын, негізінен медицинада қолданылатын «рутении-106» изотопы тарағанын хабарлайды. Ауаның изотоппен ластанғанын бұрынырақ Германия да мәлімдеген. IRSN радиацияның тарау аймағының инфографикасын жариялаған.

"Қазақстаннан радиация тарауы мүмкін емес"
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:33 0:00

IRSN инфографикасы. Сурет IRSN-нің ресми сайтынан алынды.
IRSN инфографикасы. Сурет IRSN-нің ресми сайтынан алынды.

Азаттық тілшілері Қазақстандағы ядролық һәм радиациялық қауіпсіздікке және экологияға қатысы бар бірнеше мекемемен хабарласқан еді. Қазақстанның ұлттық ядролық орталығының радиациялық қауіпсіздік және экология институтының филиалы директоры Асан Айдарханов:

- Мен Еуропаның радиациялық қорғаныс институты есебін оқып отырмын. Онда Қазақстан мен Ресей туралы мәлімет жоқ. Былай дер едім: Қазақстанда апатынан ауаға рутений тарауы мүмкін нысан жоқ. Бізде зерттеу реакторлары бар, егер бұл ядролық отын циклінің апаты болса, онда рутенийден де басқа қоспалар тіркелуі керек. Бірақ ақпаратта тек рутений айтылады. Бұл жерде медициналық немесе зерттеу мақсатында радиоизотоп шығаратын кәсіпорын апаты туралы айтылып тұр. Қазақстанда ондай жер бар. Ол - Алматыдағы ядролық физика институты. Мендегі мәліметтер бойынша онда апат болмаған, - дейді.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Айдарханов Азаттық тілшісінің «қыркүйектің соңындағы радиациялық фонда өзгерістер бар ма?» деген сұрағына «Біз мониторинг жүргіземіз, ақпарат қазір өңделіп жатыр, жазбаша сауал жолдаңыз» деп жауап берді.

Ал осы институт филиалының оқу-ақпарат орталығы жетекшісі Юрий Стрельчук:

- Біріншіден, бізде ауаға мониторинг жасайтын станция бар. Фукусимада апат болғанда ауа кеңістігінде кей радионуклидтердің көбейгенін тіркегенбіз. Ал мына ақпаратқа қатысты айтарым: сондай бір оқиға болған жағдайда біз ендігі біліп отырар едік. Ондайды естімедік, меніңше, ондай инцидент болмаған. Екіншіден, Қазақстанда атмосфераға радиоактивті заттарды бөлетін нысандар жоқ. Бізде екі реактор бар: біреуі - Алматыда, біреуі – Курчатовта. Ондай болған күнде ендігі біліп отыратын едік, - дейді.

Азаттық тілшісі Алматыдағы Ядролық физика институтына хабарласқан еді. Қазақстанның энергетика министрлігіне қарайтын бұл институттың директоры Ерғазы Кенжин «Орал тауларының оңтүстігіндегі Қазақстанға тиісті аймақта радиация тарататын кәсіпорын жоқ» екенін айтады.

Қазақстанның “Ядролық физика институтының” бас директоры Ерғазы Кенжин. Сурет институттың ресми сайтынан алынды.
Қазақстанның “Ядролық физика институтының” бас директоры Ерғазы Кенжин. Сурет институттың ресми сайтынан алынды.

- Біздің институтқа ол аймақта Ақсайдың ғана қатысы бар. Ақсайдағы Қарашығанақ кен орнын толық бақылап отырмыз. Қандай да бір заттың тарағаны тіркелмеді. Батыс Қазақстандағы осы кен орны маңындағы штольнялар осыдан 30-40 жыл бұрын жабылған. Ол жерде 1980 жылдары жерасты полигондарында, бір-бір жарым километр тереңдікте, ядролық жарылыстар жасалған. Бірақ кейінгі 30-40 жылда онда радиоактивтілік шығаратын ешқандай жұмыстар мүлде жасалған жоқ, - дейді Ерғазы Кенжин.

Институт директоры Орал тауларының оңтүстігіндегі Ресейге тиесілі аумақта жүздеген кәсіпорындар орналасқанын айтады.

- Франция мен біздің арамызда Ресейдің қуатты өндірістік аймағы жатыр. Онда ондаған, жүздеген кәсіпорын орналасқан. Ақпараттың Қазақстанға жүз пайыз қатысы жоқ. Орал тауларының оңтүстігінің Қазақстан жағының ондай оқиғаларға қатысы болуы мүмкін де емес, ол жерде мұнай өндірісі мен ауыл шаруашылығы ғана бар – дейді Кенжин.

Ресей билігі өздерінің ядролық нысандарында қандай да бір инциденттер болмағанын хабарлап, «Роспотребнадзор» мекемесінің Свердлов және Челябинск облыстарындағы радиация дәрежесін бақылауға алғандарын мәлімдеді.

Алайда бір ай бұрын ресейлік «Коммерсантъ» басылымы Челябинск облысында атмосфераға "Рутений-106" изотопының тарағаны туралы ақпарат жариялаған еді. Алайда "Росатом" бұл мәліметті кейіннен жоққа шығарған.

  • 16x9 Image

    Рахат МАМЫРБЕК

    Рахат 2010 жылдан бері Азаттықтың Алматы бюросында редактор және жүргізуші болып қызмет атқарып келеді. ҚазҰПУ-ді саясаттанушы мамандығы бойынша бітірген. "Қазақстан", "31-арна", КТК және "Алматы" телеарналарында жүргізуші, редактор болып тәжірибе жинаған. Жергілікті телеаудиторияға кең танылған "Күлтөбе" телехабарының авторы әрі модераторы болған.

XS
SM
MD
LG