Accessibility links

Сайлауға сай инаугурация


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инаугурация кезінде. Астана, 8 сәуір 2011 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инаугурация кезінде. Астана, 8 сәуір 2011 жыл.

Сарапшылар сайлау қалай асығыс өтсе, инаугурация да дәл солай «мезгілінен бұрын» өтті дейді. Қазақстанда президенттің инаугурациясына тұңғыш рет шетелдік лауазымды қонақтар қатыспады.


Жұма күні Астана қаласында президент Нұрсұлтан Назарбаев төртінші рет инаугурациясын өткізді. Салтанатты шараға АҚШ, Еуропа елдерін айтпағанда, көршілес елдердің өздерінен ешкім қатысқан жоқ. Тек Мәскеу қаласының бұрынғы мэрі Юрий Лужков келіп, журналистердің назары соған ауды.

– Біз онымен (Назарбаевты айтып отыр – Азаттық) бірдей бастадық: ол – президент болып, мен – мэр болып, бір айдың ішінде сайландық, – деген Юрий Лужков әңгіме барысында Назарбаевтың қызметіне «жоғары баға бере кетті».

БАСҚА ЕЛ БАСШЫЛАРЫ КЕЛМЕГЕН ИНАУГУРАЦИЯ

Мамандардың айтуынша, биылғы инаугурацияның бұған дейінгілерден екі түрлі айырмашылығы бар.

Біріншіден, биылғы ұлықтау рәсімі (сайлау мерзімінің жариялануы сияқты) «мезгілінен бұрын өткен». 2005 жылғы президенттік сайлауда инаугурация түпкілікті қорытынды шыққаннан кейін бір айдан кейін (2006 жылдың 11 қаңтарында) өткен. Ал биыл үш күннен кейін өтті.

Екіншіден, сарапшылар президенттің инаугурациясының бұрын-соңды осыншалықты жұпыны өтпегенін айтады. Мысалы, Назарбаевтың 2006 жылы инаугурациясына 70-тен астам елден өкіл келіп, бірнеше ел
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инаугурация кезінде. Астана, 8 сәуір 2011 жыл.
басшылары қатысқан. Олардың арасында Владимир Путин, Виктор Ющенко, Құрманбек Бакиев, Степан Месич, Хамид Карзай, Эмомали Рахмон, Ислам Каримов, Михаил Саакашвили де болыпты.

Биыл бұлардың бірде-бірі де жоқ. Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ілияс Омаров биыл инаугурацияға халықаралық қонақтардың шақырылмағанын айтып отыр.

«АРТЫҚ ШЫҒЫН»

Мамандардың ойынша, инаугурацияның асығыс өткізілуіне бірнеше себеп бар. Саясаттанушы Расул Жұмалының пікірінше, бұл – биліктің елде тым созылып кеткен «елбасының өкілетін ұзарту» мәселесін доғармақ болғаны.

– Жалпы сайлаудың өзі сәуірдің 3-і күні өткенмен, елбасының тағайындалуы, оның өкілеттілігінің ұзартылуы сияқты мәселелер соңғы төрт айда ақпарат құралдарында қызу талқыланып келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл тым созылып кетті. Сәйкесінше, инаугурацияны да бір айға созбай, тез өткізуінің астарында осы жатқан сияқты, – дейді Расул Жұмалы.

Оның ойынша, билік «осылайша сайлауға қатысты айтылып жатқан уәждерді, түрлі сыни пікірлерді тоқтатуды көздеуі де ықтимал».

Саясаткер Жасарал Қуанышәлин. Алматы, 21 ақпан 2011 жыл.
Оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлиннің пікірінше, шетел басшыларының келмеуі кездейсоқтық емес.

– Олардың барлығы мұнда келуге арланды. Өздерінің беделін түсіріп алудан қорықты. Өйткені олар бізде болған сайлаудың әділ өтпегенін, заңсыз өте масқара жағдайда өткенінен хабардар. Мұндай сайлауға қатысып, «жеңіске жеткен» Назарбаев шын мәнінде - бұл сайлауда жеңілді. Соны олардың барлығы түсініп отыр, – дейді Жасарал Қуанышәлин.

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының өкілі Антон Морозов «мұның себебін білмеймін» деп шорт кесті. Саясаттанушы Сайын Борбасов бұған «объективті себептер» әсер еткенін айтады.

– Меніңше, бұл сайлаудың жылдам өтуіне байланысты. «Еліміздің немесе мемлекет басшысының абыройы түсіп қалды» деп айту – дұрыс емес. Шетел өкілдері жуырда ғана елімізге ЕҚЫҰ саммитіне келіп кетті. Оның үстіне елбасының өзі де алдында Қытайға, одан кейін Ресейге барып қайтты. Бұған қоса халықаралық қонақтарды қабылдау – артық шығын, көп ақшаны талап етеді. Қашанғы жинай береміз мемлекетімізге?! – деді Сайын Борбасов Азаттық тілшісіне.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG