Азаттық бүгін өзінің "Онлайн-талқы" деп аталатын жаңа жобасын бастады. Әуелде күнара жүргізілетін "Онлайн-талқыда" Қазақстандағы және Қазақстанға жақын елдерде болып жатқан мәселелер талқыланатын болады.
Жоба тікелей видео-трансляция арқылы жүргізіледі. Оған Азаттық оқырмандары да қатыса алады. Бұл үшін оқырман Азаттықтың +777 328 38 88 WhatsApp-нөміріне хабарласып өз пікірін білдірсе, жетіп жатыр.
Бұған қоса осы анонстың төменгі жағындағы форумға да жазып, ой бөлісуге болады.
"Онлайн-талқыға" ұсынылатын пікірлер мен сұрақтардың форум ережесіне сай болуы сұралады.
"Онлайн-талқының" бүгінгі алғашқы хабары Қырғызстанда кеше өткен парламент сайлауына арналды.
Азаттықтың Алматыдағы студиясына Орталық Азия демократияны дамыту орталығының директоры Толғанай Үмбетәлиева келіп, осы сайлау жайлы талдауға қатысты. "Онлайн-талқыда" Қырғызстан саясаткерлері де сөйледі.
Хабардың модераторы - Қасым Аманжолұлы.