Accessibility links

Нұрғазиева жетпей, Дуванов бармай қалған жиын


Жаңаөзенде наразылық танытқан құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиеваны полицейлер қоршап тұр. Көрнекі сурет
Жаңаөзенде наразылық танытқан құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиеваны полицейлер қоршап тұр. Көрнекі сурет

ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы конференциясы қазақстандық оппозиционерлер ресми Астананы қатты сынайтын алаңға айналды. Бірақ оған «ештеңе шешпейтін форум» деген уәжбен бармағандар бар.

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқығы бюросының қыркүйектің 22-сі күні басталған конференциясы қазанның 2-сі күні аяқталуы тиіс. Бұл форум Варшава қаласында жыл сайын өтеді. Конференцияның алғашқы күндері қазақстандық бірнеше оппозиционер мен азаматтық белсенді сөз сөйледі. Ресми Астана олардың сын-айыптауларымен келіспейді.

ТРИБУНАДА - ҚАЗАҚ ЭМИГРАНТТАРЫ

Германияда тұратын қазақстандық эмигрант, театр режиссері әрі оппозициялық саясаткер Болат Атабаев өз сөзінде президент Нұрсұлтан Назарбаевты «диктатор» деп атады. Ол Астана саясатына ЕҚЫҰ-на төрағалық еткен 2010 жылға дейінгі және кейінгі кезеңге салыстырмалы баға берді.

Атабаевтың айтуынша, 2010 жылға дейін режимнің саяси қарсыластарының көзі жойылып, билікке жақпаған журналистер өлтіріліп немесе қылмыстық сипаттағы айыптармен қудаланып келген. Ақын әрі диссидент Арон Атабек «Қазақстанның үй-күйсіз азаматтарының мүддесін қорғағаны үшін ғана» 18 жылға сотталды. Болат Атабаев «Қазақстан ЕҚЫҰ-на төрағалық еткеннен кейін азаматтық құқық пен сөз еркіндігі саласындағы ахуал мүлде нашарлап кетті» деп қорытады.

Жаңаөзендегі қырғыннан соң мәйітханаға түскен мүрделер
Жаңаөзендегі қырғыннан соң мәйітханаға түскен мүрделер

Болат Атабаев «Жаңаөзеннің ереуілге шыққан мұнайшыларын қуып таратып, қанды қырғынға ұшыратты, ал саясаткер әрі оппозициялық партия жетекшісі ретінде өз парызын орындағаны үшін Владимир Козлов түрмеге қамалды. Қазір түрмеде отырған мұнай өндіру кәсіпорны жұмысшысы Роза Төлетаеваны «қылмысын» мойындату үшін азаптаған. Құқық қорғаушы Вадим Курамшин түрмеде отыр, ал адвокат Зинаида Мухортованы психиатриялық клиникаға тағы жапты. Профессор-ғалым Саят Ыбыраев сопылық көзқарастары үшін 12 жылға сотталды» деген мысалдар келтірген.

Шаңырақ кентіндегі бір полицей қаза тапқан оқиғаларға қатысы бар деген айыппен сотталған ақын, әрі диссидент Арон Атабектің баласы Асқар Айдархан «саяси тұтқын деп танылған әкемнің денсаулығын түрме жүйесі құртты» деп мәлімдеді.

Қамаудағы Арон Атабек
Қамаудағы Арон Атабек

Асқар Айдархан «Арон Атабектің карцерде отырғанына көп жыл болды. Оның рухын сындыра алмаған соң билік туған үйінен 1000 шақырым жердегі Павлодардағы тергеу абақтысындағы карцерді лазарет ретінде көрсетіп, әкемнің денсаулығына зардап келтіріп отыр» деп мәлімдеді.

Польшада тұратын қазақстандық эмигрант, оппозиционер Мұратбек Кетебаев қызметіне тыйым салынған «Алға» партиясының бұрынғы төрағасы Владимир Козловқа қатысты жайттарды қозғады. Козлов 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларына қатысы бар деп айыпталып, сотталған.

Мұратбек Кетебаевтың айтуынша, «қауіпсіздік қамымен» деген желеумен отбасы тұратын Алматыдан жырақтағы басқа түрмеге этаппен жөнелту үшін түрме басшылығы тұтқындарды Козловқа қарсы қойып отыр.

АСТАНА АЙЫПТАРДЫ МОЙЫНДАМАЙДЫ

Мұратбек Кетебаевтың Facebook желісіндегі парақшасына жазуынша, конференцияға Қазақстаннан ресми делегация мен билікті қолдайтын ҮЕҰ өкілдері қатыспаған.

Мұратбек Кетебаев «Бұрын шетелдіктерді таң қалдырып, топ-топ болып жүруші еді. Биыл жергілікті елшіліктен жалғыз өкіл ғана қатысып, біздің не айтқанымызды жазып алды» деп жазады ол.

Азаттық тілшісімен сөйлескен Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұржан Айтмаханов Мұратбек Кетебаевтың ақпаратын терістейді.

- ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқығы бюросының конференциясына Қазақстан Республикасында тіркелген 40-тан аса ҮЕҰ өкілдері қатысып жатыр, - деді ол.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясының мүшелерімен кездесуге келген сәті.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Нұр Отан" партиясының мүшелерімен кездесуге келген сәті.

Қазақстан СІМ баспасөз хатшысы қазіргі билікті демократиялық емес деп айыптаумен де келіспейді. Оның айтуынша, Қазақстан «саяси тұрақтылық орнаған әрі серпінді дамып келе жатқан демократиялық әрі жас мемлекет».

- Қазақстан мүлдем авторитарлық ел емес. Елде демократиялық қоғам құрудың өзіміздің даму тәжірибемізге негізделген реформалары біртіндеп жүргізіліп келеді. «Джефферсондық демократия» талаптарына толық сай емес екенімізді мойындаймыз, бірақ беталысымыз дұрыс. Елде сөз еркіндігі бар. Мысалы, Қазақстанда тіркелген екі мыңнан аса БАҚ-тың 79 пайызы - тәуелсіз БАҚ болып саналады. Азаматтық қоғам да қарқынды дамып келеді. Қазір елде 300-ге жуық ҮЕҰ тіркелген, - дейді Қазақстан СІМ-нің баспасөз хатшысы.

Оның айтуынша, сыртқы істер министрлігі жанында «Адами өлшем жөніндегі диалог алаңы» жұмыс істейді. Оның аясында мемлекеттік органдар ҮЕҰ-мен бірлесіп мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның Қазақстандағы негізгі адам құқықтарының қамтамасыз ету тетіктерін жетілдіру жөніндегі жұмысын оңтайландыру туралы 162 ұсыныс құрастырған.

ВАРШАВА РЕЙСІ

Қазақстандық оппозиционерлер микрофонды өшіріп тастайды немесе полиция ұстап әкетеді деп қауіптенбей, ашық сөйлей алатын дәстүрлі мінбер болып саналатын Варшава конференциясына қатысқысы келетіндердің кейбірі бармай қалды. Құқық қорғаушы әрі оппозициялық журналист Сергей Дувановтың айтуынша, ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы форумы сияқты мұндай конференциялардың әсері жоқтың қасы.

- Іс жүзінде ештеңе шешпейтін мұндай жиындарға қымбат уақытымды шығындауға тұрмайды деп есептеп, оларға қатысудан саналы түрде бас тартқанмын, - дейді Сергей Дуванов.

Бірақ ол ЕҚЫҰ-ның жыл сайын Варшавада өтетін конференциясы сияқты форумдар жалпы алғанда қажет деп санайды.

Сергей Дуванов, тәуелсіз журналист
Сергей Дуванов, тәуелсіз журналист

- Тым болмағанда қатысушылар өзара пікір бөлісіп, біреулер Назарбаев режиміне қатысты көзқарасын айтады, енді біреулер мұның әлдебір себебі бар деп ақтауға тырысады, - дейді Сергей Дуванов.

Қыркүйектің 24-і күні Алматы халықаралық әуежайында «Заман» құқық қорғау ұйымының жетекшісі Әсел Нұрғазиеваға Алматы-Амстердам-Варшава рейсімен ұшуға рұқсат етілмеді. Оның айтуынша, шекарашылар «борышкерлер тізіміндесіз» деп ұшаққа мінгізбей қойған. Заң бойынша, салық төлеуден және сот кескен ақша төлеуден жалтарғаны үшін ресми «қара» тізімге ілінген жандардың Қазақстаннан шығуына тыйым салынған.

Атыраулық құқық қорғаушы Әсел Нұрғазиева ЕҚЫҰ-ның Варшавадағы конференциясына қатыспақ болған. Ол енді Алматыдан Еуропаға келесі күні ұшып кетуге тырысып көрмек.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG