Accessibility links

Біртұтас зейнетақы қоры саясатынан қысқарғандар


Макбал Құсаинова, банк қызметкерлері мен қаржыгерлер кәсіподағының мүшесі. Алматы, 10 сәуір 2013 жыл.
Макбал Құсаинова, банк қызметкерлері мен қаржыгерлер кәсіподағының мүшесі. Алматы, 10 сәуір 2013 жыл.

Қазақстан билігі бірыңғай зейнетақы қорын құру туралы ұсыныс айтқан соң жекелеген қорларда қысқарту басталды. Жұмыссыз қалғандар кәсіподақ құрып, өздерін қорғауға кірісті.

Роза Шекербекова Қазақстанның ең ірі зейнетақы қоры – «Халық банкі жинақтаушы зейнетақы қорында» он жылдан аса қызмет еткен. Ол бірыңғай зейнетақы қорын құру аясында өзінің «далада» қалғанын айтады.

- Бір ай бұрын «Мамырдың 1-інен бастап сіздер қысқартылдыңыздар» деген ескерту берді. Қарапайым қызметкерден жетекші маман қызметіне көтеріліп, көше-көшені, мекемелерді аралап, салымшы мен клиент іздеп, қорға миллиондаған қаржы алып келген біздер енді керек болмай қалдық, - деді ол сәуірдің 10-ы күні.

Оның сөзінше, Алматы филиалында «клиенттермен тікелей жұмыс істейтін жүз маман қысқарған».

- Басшылық бізге «сақтандыру компанияларына барыңдар» дейді, ондағысы жүгіріп жүріп, көлігін сақтандырғысы келетін жүргізушілер іздеуің керек, айлығы – 30 мың теңге. Мындағы айлығым 150 мың теңге еді, жұмыстан шыққан кезде бір айлық көлемінде төлемақы береміз деп отыр. Ол не болады? Жасым болса 40-тан асты, үш балам бар, оның екеуі – студент, оларды оқыту керек. Күйеуім болса мемлекеттік қызметкер – олардың жалақысы белгілі ғой, - деді Роза Шекербекова.

«ҚАЛҚАН»

Сәуірдің 10-ы күні Роза сияқты қиын жағдайға ұшыраған зейнетақы және банк саласы қызметкеріне көмек көрсететін кәсіподақтың тұсауы кесілді. Кәсіподақ жетекшісі Дильнар Инсенова «әрбір қаржыгер мен банк қызметкеріне білікті қалқан болуды көздейміз» дейді.
Дильнар Инсенова, Қазақстан банк қызметкерлері мен қаржыгерлері кәсіподағының төрағасы. Алматы, 10 сәуір 2013 жыл
Дильнар Инсенова, Қазақстан банк қызметкерлері мен қаржыгерлері кәсіподағының төрағасы. Алматы, 10 сәуір 2013 жыл

- Бірыңғай зейнетақы қоры туралы ұсыныс айтылған қаңтардың 23-інен кейін штатты қысқарту жайлы шешім қабылданды. Қысқартуға 12 мың адам ілінген. Зейнетақы қорларының ассоциациясының есептеуінше, жұмыссыз қалған мамандардың 80 пайызы Алматы тұрғындары, - деді кәсіподақ өкілі Мақбал Құсаинова.

Оның сөзінше, зейнетақы мен банк қызметкерлерінің айлығы – оклад пен бонустық жүйеден тұрады. Әдетте оклад айлықтың 30-40 пайызын құрайды. Егер қызметкер 300 мың теңге алып келсе оның 100-120 мыңы ғана – оклад. «Қазір жұмыстан шығып жатқан қызметкерлерге сол окладына байланысты өтемақы төленіп отыр» дейді ол.

Әлі тіркеліп үлгермеген «Банк қызметкерлері мен қаржыгерлердің кәсіподағы» жұмыссыз қалғандарға заңгерлік көмек көрсетіп, оларды жұмыспен қамту мәселесін қарастырмақшы.

«ӘЗІРШЕ АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ»

Зейнетақы саласындағы өзгерістердің жақтаушысы Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы Григорий Марченконың айтуынша, әзірге алаңдайтын түк жоқ.

- Біріншіден, заң әлі қабылданған жоқ. Сондықтан қазір біз қолданыстағы заң аясында жұмыс істеп жатырмыз. Әзірге 11 зейнетақы қоры жұмыс істеп жатыр, - деді Алматыда сәуірдің 9-ы күні баспсөз маслихатын өткізген төраға.

Зейнетақы жүйесі туралы заң жобасы сәуірдің басында үкіметтің қолдауымен парламентке жіберілген. Жобада қарастырылған негізгі мәселе - жұмыскердің зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарнасын аударуы және 2014 жылдан бастап әйелдердің зейнетке шығу жасын біртіндеп өсіру. Марченконың сөзінше, зейнетақы қорлары жұмыскерлерінің тағдырын өздері ойлағаны жөн.
Григорий Марченко, Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы. Алматы, 9 сәуір 2013 жыл
Григорий Марченко, Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы. Алматы, 9 сәуір 2013 жыл

- Біз зейнетақы қорларының акционерлері қандай шешім шығаратынын білмейміз. Оларға үш вариант ұсынылған; біріншісі – олар басқарушы компаниялар болып қайта құрылады, екіншісі – олар ерікті зейнетақы қоры болып қайта құрылуы мүмкін, ал үшіншісі – өзін-өзі таратып, нарықтан кетеді. Егер олар нарықта қалса, жұмыспен қамту мәселесі күрделі болмайды. Ал егер барлығы нарықтан кетіп қалса, сол кезде ойластырамыз. Сондықтан әзірге біз бұл мәселенің көлемін білмей отырып, «барлығын жұмыспен қамтимыз» деп айта алмаймын. Дегенмен, біз өзімізге «жұмысқа қабылдамаймыз» деп те айта алмаймын, - деді Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Григорий Марченко.

«ҚАУІПТІ ТӘУЕКЕЛ»

Қазақстанда мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының негізінде ұлттық біртұтас зейнетақы қоры құрылатыны туралы премьер-министрдің орынбасары Қайрат Келімбетовке сілтеме жасаған үкіметтің ресми сайты ақпан айында хабарлаған еді. Бұл хабар бойынша, ұлттық зейнетақы қорының иесі Қазақстан үкіметі болады. Азаматтардың барлық зейнетақы салымдары 2013 жылғы шілденің 1-іне дейін осы қорға жинақталуы тиіс.
Мемлекеттік монополист қор құрып, оның қолына 20 миллиард доллардан астам қаржыны ұстата салу - түрлі қауіптерге қарамастан, тәуекелге бел буу.
Айдар Әлібаев

Қайрат Келімбетов ұлттық біртұтас зейнетақы қорының құрылуы «зейнетақы жинақтау жүйесінің ұстанымдарын өзгертпейтінін», барлық міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына "мемлекет кепілдік беретінін" айтқан. Ресми ақпарат бойынша, жинақталған зейнетақы қаржысы ұлттық банкте сақталмақ. Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қорының акцияларына қазір ұлттық банк иелік етеді.

Үкіметтің 2013 жылы қаңтардың 23-і күні өткен кеңейтілген мәжілісінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірыңғай зейнетақы қорын құру туралы ұсыныс жасаған болатын. Бұл бастаманы бірқатар қоғамдық белсенділер мен қарапайым тұрғындар «қаржы саласында ірі монополистің пайда болуы» деп бағалаған. Олар жинақтаушы зейнетақы қорларының (ЖЗҚ) арасындағы бәсекенің азайып, клиенттер үшін таңдау еркінің шектелетініне алаң білдірген.

Ал ЖЗҚ қауымдастығының төрағасы Айдар Әлібаев Азаттыққа: «мемлекеттік монополист қор құрып, оның қолына 20 миллиард доллардан астам қаржыны ұстата салу - түрлі қауіптерге қарамастан, тәуекелге бел буу» деп мәлімдеген еді.
XS
SM
MD
LG