Accessibility links

Полиция ұстаған жігіт екі операциядан кейін қайтыс болған


Солдан оңға қарай: ауруханада қайтыс болған Ринат Малыбековтің әйелі Айнұр Есімбекова, ағасы Серікжан Малыбеков, жеңгесі Шолпан Ертаева полиция бөлімінің алдында тұр. Алматы, 1 наурыз 2016 жыл.
Солдан оңға қарай: ауруханада қайтыс болған Ринат Малыбековтің әйелі Айнұр Есімбекова, ағасы Серікжан Малыбеков, жеңгесі Шолпан Ертаева полиция бөлімінің алдында тұр. Алматы, 1 наурыз 2016 жыл.

Полиция ұстап әкеткеннен кейін қайтыс болған алматылық тұрғын Ринат Малыбековтің қазасына қатысты екі қылмыстық іс қозғалған. Туыстары «ол соққыға жығылған кезде алған жарақатынан қайтыс болды» деп мәлімдейді.

36 жастағы алматылық құрылысшы-арматурашы Ринат Малыбеков ақпанның 20-сы күні ауруханада қайтыс болған. Медициналық куәлікте «қайтыс болу себебі анықталмады» деп көрсетілген.

Ринат Малыбековтың ісі
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:46 0:00
Жүктеп алу

Ринат Малыбековтің туыстары ол полиция учаскесінде азаптауға ұшыраған кезде алған жарақатынан қаза тапты деп мәлімдейді. Полиция өкілдері оның өліміне қатысты қозғалған қылмыстық іс пен «полицейлер қызметтік өкілеттігін асыра қолданған» деген болжамментағы бір істі тексеріп жатқандарын айтады.

ЖОҒАЛЫП КЕТУ - ЖАРАҚАТ АЛУ - ҚАЙТЫС БОЛУ

Ақпанның 6-сы түн ортасында құжаты мен ұялы телефонын алмай дүкеннен темекі сатып алу үшін үйінен шығып кеткен Ринат Малыбековті қайта оралмағаннан кейін іздей бастаған.

Оның жесірі Айнұр Есімбекова таныстарына телефон соғып, оны таппаған соң ақпанның 7-сі күні кешкісін Алатау аудандық ішкі істер басқармасына телефон соққанын еске алады. Ақпанның 8-іне қараған түні шамамен сағат екі жарымда олардың жалға алған пәтеріне үш полицей келіп, ерінің жоғалып кеткені туралы арыз жаздырып алған. Ринат Малыбековтің Алматы облыстық ауруханасында жатқанын оның туыстары ақпанның 8-і күні таңертең онымен бір палатада жатқанын айтып, телефон соққан науқастан естіген. Оның жеңгесі Шолпан Ертаева «Өзінің телефон соғуына шамасы келмес еді» дейді.

Ерлі-зайыпты Айнур Есімбеков мен Ринат Малыбековтің тойда түскен суреті. Алматы облысы, Талғар, 26 қазан 2014 жыл. Сурет отбасылық арзивтен алынды.
Ерлі-зайыпты Айнур Есімбеков мен Ринат Малыбековтің тойда түскен суреті. Алматы облысы, Талғар, 26 қазан 2014 жыл. Сурет отбасылық арзивтен алынды.

Туыстары Ринат Малыбековті хирургия бөлімшесінен тапқан. Шолпан Ертаева «Маған емдеуші дәрігерлер полицейлер оны 7 ақпан күні таңғы сағат үш-төрт шамасында әкелгенін айтты. Оған операция жасапты. Дәрігерлер оның ащы ішегі жарылып, перитонит жайылып кеткенін айтты. Мен бөлімше меңгерушісіне жолығып, сөйлестім. Маған оның жағдайы бір қалыпты, жарылып кеткен ащы ішегін тігіп қойдық, ревизия жасадық деді» дейді.

Туыстарының айтуынша, Ринаттың сөйлеуге шамасы келмей, өзін полицияда ұрып-соққанын келесі күні айтқан. Жеңгесі Шолпан Ертаева «Ол Алатау аудандық ішкі істер басқармасында үш полицей ұрғанын айтты. Қол-аяғын белдікпен байлап қойып, ішінен тепкілеген, сосын жалаңаш күйінде еденге жатқызып қойған. Ол есімді ауруханада бір-ақ жидым деп айтты» дейді.

14 ақпан күні кешкісін Ринат Малыбековке екінші операция жасаған. Туыстарының айтуынша, ол есін жимастан ақпанның 20-сы күні қайтыс болған.

Бір жасар қызы мен үш жарым жастағы ұлымен жесір қалған Айнұр Есімбекова жалға алған пәтерінен көшкен. Оларды күйеуінің ағасы Серікжан Малыбековтің отбасы паналатқан.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР МЕН ПОЛИЦИЯ БОЛЖАМЫ

Ринат Малыбековтің туыстарының айтуынша, олардың арызы негізінде екі қылмыстық іс қозғалған. Оның қазасына қатысты қозғалған істі Алатау аудандық ІІБ тергеушісі Арман Дүйсебаев тексеріп жатыр. Ал Алматы қаласы ІІД-не қарасты ішкі қауіпсіздік қызметкері подполковник Базарбек Оралбаевтың Азаттыққа хабарлауынша, аудандық ІІБ полицейлерінің қызметтік өкілеттігін асыра пайдалануы мүмкін деген болжаммен қозғалған екінші істі ішкі қауіпсіздік басқармасы тексеріп жатыр.

«Ауыр дене жарақатын алу мен оның қазасына байланысты қозғалған істі тергеу басқармасы, ал өзіміздің қызметкерлерге қатысты қылмыстық істі мен жүргіземін. Тиісті тергеу шараларын атқарып жатырмыз» дейді Базарбек Оралбаев Азаттыққа.

Ауыр дене жарақатын алу мен оның қазасына байланысты қозғалған істі тергеу басқармасы, ал өзіміздің қызметкерлерге қатысты қылмыстық істі мен жүргіземін. Тиісті тергеу шараларын атқарып жатырмыз.

Алматы қаласы ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Салатанат Әзірбектің Азаттыққа хабарлауынша, «көлік қозғалысына кедергі жасап әрі өз өміріне қауіп төндіріп мас күйінде» жолда келе жатқан Ринат Малыбеков жол-патрульдік полиция қызметкерлеріне құжаттарын көрсете алмаған соң оны ІІБ-на апарған.

- Тәртіпке сәйкес, оны Алатау аудандық ІІБ-на апарып, кезекші учаскелік инспекторға өткізген. Қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін кезекші инспектор әкімшілік құқық бұзушылықтар кодексінің 440-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған. Малыбековтің туыстарының арызында баяндалған жайттар тексеріледі, - дейді Салтанат Әзірбек.

АЗАПТАУ ФАКТІЛЕРІН ТЕКСЕРУ

Марқұм Ринат Малыбековтің туыстары қылмыстық істің екеуі де дұрыс тексерілмей, азаптау фактісі ашылмай қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Олар Қазақстандағы адам құқығы бюросы көмегіне жүгінген. Ұйым қызметкері Андрей Гришиннің Азаттыққа хабарлауынша, олардың өтініші қазір бюрода қаралып жатыр.

Азаптауға қатысты ахуалды бақылайтын құқық қорғаушылар азаптау немесе қатігездік әрекеттері жайлы хабарламалар Қазақстанда дұрыс тексерілмейтінін айтады. Бүгін Amnesty International халықаралық ұйымы Алматыда таныстырған баяндамасында Қазақстанда 2015 жылдың алғашқы жеті айында 10 іс қана сотқа дейін жетіп, бесеуіне қатысты ғана айыптау үкімі шыққаны жайлы деректер келтірген.

Өткен аптада Астанада Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров 2015 жылы «азаматтар көбінесе құқық қорғау органы өкілдері әрекеттеріне қатысты шағымданды» деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG