Accessibility links

Тараздық «супер-терроршы», Алдар көсемен күрес және сол баяғы атақ


Беларусь президенті Александр Лукашено (сол жақта), Ресей президенті Дмитрий Медведев (ортада) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия экономикалық интеграциясы келісіміне қол қойды. Мәскеу, 18 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Беларусь президенті Александр Лукашено (сол жақта), Ресей президенті Дмитрий Медведев (ортада) және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия экономикалық интеграциясы келісіміне қол қойды. Мәскеу, 18 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет).

«Жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» (Абайдың сөзі), әйтеуір тағы бір аптаның аяғын көрдік. «Алысқан, жұлысқан, айтысқан, тартысқан – әурешілікті көре-көре келдік». Бірақ мен оның бәрін емес, осы аптада өзіме әсер еткен үш жаңалықты ғана айтайын.


І. ТЕРРОРИЗММЕН КҮРЕС

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қарашаның 14-інде үкімет мүшелерін жинап, Тараздағы террорлық шабуылдан кейін – 1977 жылы туған Мақсат Қариев деген азамат ҰҚК-нің екі қызметкерін, үш полицейді, екі бейбіт тұрғынды өлтіріп кеткен соң – елдегі қауіпсіздік жайын талқылады.

Кеңес жұмысына премьер-министр Кәрім Мәсімов, мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев, президент әкімшілігінің жетекшісі Аслан Мусин, жоғарғы сот төрағасы Бектас Бекназаров, президенттің көмекшісі – қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, бас прокурор Асхат Дауылбаев, ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев, «Сырбар» сыртқы барлау қызметінің директоры Аманжол Жанқұлиев, қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов, әділет министрі Рашид Түсіпбеков қатысты.

– Қазақстанға қарсы жасалған терроризмнің кез-келген түрімен күресуге мемлекеттің мүмкіндігі де, күші де, кәсіби қарымы да, шамасы да жетеді. Қазақстандықтарды сақ болуға шақырамын. Мұндай оқиғаны байқасаңыздар, бірден тиісті құқық қорғау орындарына хабарлаңыздар. Бұл оқиғаны анықтап, барлық бағыттағы істі күшейтеміз, – деді Қазақстан президенті.

Президент Назарбаев халыққа «Мұндай оқиғаны байқасаңыздар, бірден тиісті құқық қорғау орындарына хабарлаңыздар» деген сөзді айтпай тұрып
Атыс болған жерді тексеріп жүрген полицей. Тараз, 12 қараша 2011 жыл.
Атыс болған жерді тексеріп жүрген полицей. Тараз, 12 қараша 2011 жыл.
алдында отырған 11 адамға мынандай «аңқау» сауалдар қойып, лайықты жауап естіген шығар деп сенемін:

1. Қариев «қарулы шабуыл жасап, оны сыртынан бақылап отырған ұлттық қауіпсіздік комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің екі қызметкерін өлтіргенде» (бас прокурордың орынбасары Исаевтың сөзі) комитетке неге ешкім хабарламаған?

2. Қариев «таңғы сағат 11 шамасында «Мазда 626» автокөлігінің иесі Т.Закировқа қарақшылық шабуыл жасап, қару қолданамын деп қорқытып, оны байлап, автокөлігін тартып алғанда» жәбірленген азамат неге полиция шақырмаған?

3. «11 сағат 35 минутта Қариев қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, оқ-дәрімен атылатын қарудан күзетші В.Федорченконы өлтіріп, кездейсоқ келген Н.Оразбасовты оққа ұшырғанда» жұрт неге аттандамаған?

4. «Қариев дүкеннен екі жартылай автоматты қаруды («Сайга» және «СZ») оқтарымен алып, «ВАЗ 21099» автокөлігін мініп, ізіне түскен мамандандырылған күзет бөлімінің екі қызметкері – полиция сержанты П.Аямкулов пен Ж.Байсейітовті өлтіріп, олардың қызмет қаруларын – Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын және алып кеткенде» полиция неге шаппаған?

5. «Осы іс-әрекеттерден кейін Қариев өзінің тұрғылықты жеріне барып, өзімен бірге РПГ-26 гранатометін алып, ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаменті ғимаратының қабырғалары мен терезелеріне гранатометтен бір рет, автоматты қарудан бірнеше рет атқанда» ҰҚК қызметкерлері неге сыртқа жүгіріп шықпаған?

6. «Осыдан кейін Қариев 12 сағат 45 минутта атты полиция патрулінің екі қызметкерін жарақаттағанда» басқа полицейлер неге атқа қамшы баспаған?

7. Үйіне бір барғанда РПГ-26 гранатометін алып шыққан Қариев түскі асын ішуге шаңырағына қайта келсе, танк мініп шықпас па еді?

8. Таңертең «іске кіріскен» Қариев қаланың қақ ортасында қалай ғана бірнеше сағат тайраңдап жүрген?

9. ҰҚК қызметкерлерінің аңдуында жүрген Қариевтің ісі мынау болса, «бағусыз кеткендерінен» не күтпек керек?

P.S. Негізі, Тараздағы жарылыстан соң көңіліме үрей кіре бастап еді. Бірақ «Терроризмнің кез-келген түрімен күресуге мемлекеттің мүмкіндігі де, күші де, кәсіби қарымы да, шамасы жетеді» деген сөзден кейін қорыққанымды қойдым.

Тараздағы «жихадшы» Қариевтің қолынан 5 «үкімет адамы» өлгенін де, былтыры Алматыда 3 қылмыскерді ұстар кезде арнайы жасақтың 11 сарбазы жараланғанын да ұмытып кеттім. Бұлар терроризмге қарсы күрестің қазақстандық «ноу-хауы» екеніне сенемін ғой.

ІІ. АЛДАР КӨСЕМЕН КҮРЕС

Президент Назарбаев алты күн бұрын өтініш айтқан 53 депутаттың тілегін қарашаның 16-сында орындап, Қазақстан парламентінің мәжілісін таратып жіберді.

Тараған мәжіліс жайлы бір-екі ауыз жақсы сөз жазайын деп едім, 107 депутаттың бірен-саранының ғана аты-жөнін біледі екенмін – өзімнің саяси сауатсыздығыма қатты ұялып отырмын.

Төрт жылда 107-нің нешеуі қандай бастама айтып, қандай іс тындырды – оны өздері білсе керек. Бұрыннан танымал бірер депутаттың қазақстандық бірнеше «ұятсыз» фильмге наразы болып, қатты ашуланғаны ғана есімде
Парламент сессиясынан көрініс. Астана, 14 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Парламент сессиясынан көрініс. Астана, 14 қаңтар 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
қалыпты. Кейін сол депутаттың бірі «…кейбір БАҚ-та жезөкшелер мен қаңғыбастармен қатар депутаттар да аталды. Мұны ұят және әдепсіз деп есептеймін. Ақпарат құралдары бізді осындай санатпен бірге атауға қалай жол береді, біз халық қалаулылары емеспіз бе?!» деп, өз сайлаушыларынан жиіркенген еді – сол ғана есімде қалыпты.

Кеше тараған мәжілісте мені разы қылған жалғыз депутат – Камал Бұрханов. Тарих ғылымының кандидаты, саясат ғылымының докторы, профессор депутат бір сұқбатында жас ұрпақтың тәрбиесіне, білім беру жүйесіне жаны ашитын адам екенін дәлелдеген.

– Тәрбиені сәби кезінен бастау керек. Өзіңіз қараңызшы, әлі күнге дейін балаларға Алдар көсе туралы ертегі айтамыз. Осы дұрыс па? Бала деген ертегі кейіпкерлерін үлгі тұтуға лайық деп ойлайды ғой. Алдар көсе деген кім өзі? Ол алаяқ, алдамшы біреу. Оның үйретері – заң бойынша жазалауға лайық қылмыс – алаяқтық, – деген еді бір газетке берген сұқбатында.

Менің өкінетінім – депутат «алаяқ» Алдар көсені қылмыстық кодекс бойынша соттата алмай, арманда кетіп бара жатқан шығар.

P.S. Осыған орай маған бір идея келіп отыр. 2012 жылы қаңтардың 15-інде өтетін сайлауда мәжіліс депутаты болудан үміткер адамдар Бұрханов мырзаның осы бастамасын жалғастырып, сайлауалды бағдарламаларына ауыз әдебиетіндегі жағымды кейіпкерлерді өзек етсін.

Мәселен, Қожанасырды – «алаяқ», «өтірік әпенді болып жүретін психикалық ауытқуы бар сайқымазақ» деп, Жиренше шешенді – «президентті сыйламайтын саясаткер», «елбасының жоқ мінін тауып, бетіне басып отыратын мәңгі оппозиционер», «сирағы үйіне сыймай, далаға шығып жататын жалқау кедей», «Шаңырақ ауылының тіркеусіз тұрғыны» деп, Қаңбақ шалды – «тұрақты жұмысы жоқ кезбе», «кәсіпкерлерді (яғни дәулерді) алдап, бопсалаумен күн көретін азамат» деп дәлелдеп шығуға болады.

Оларды заң бойынша соттау мәселесін депутат болып алған соң тындырады ғой.

ІІІ. АТАҚТЫҢ ЖЫРЫ

Бұл аптада мені қуантқан... жо-жоқ, Қазақстанның Еуразия одағына қосылмағы зор қуаныш қой – айтпағым ол емес.

Айтайын дегенім – кеше Қазақстанның іскер әйелдері «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы – болашақ бағытындағы өрлеу» атты республикалық конференцияда президент Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын беруіміз керек деген ұсынысты тағы айтты.

Бұл жолғы бастаманың иесі – Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, бір кездері жоғарғы кеңес төрағасының орынбасары болған Зинаида Федотова.

– Түрлі әлеуметтік сауалнамалар нәтижесі бойынша мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев белгілі саясаткерлер арасында көш бастап тұр. Ол – әлемдік ауқымдағы тұлға. Бізге дейін де парламент депутаттары, Қазақстан халықтары ассамблеясы, қарапайым адамдар Нұрсұлтан Әбішұлын
Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтадан президент болып сайланғанына қуанып жатқан жұрт. Астана, 4 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Нұрсұлтан Назарбаевтың қайтадан президент болып сайланғанына қуанып жатқан жұрт. Астана, 4 сәуір 2011 жыл. (Көрнекі сурет).
Қазақстанға сіңірген еңбегі үшін «Халық қаһарманы» атағын беруді ұсынған болатын. Алайда елбасы оларға алғыс сезімін білдіре отырып, бұл атақтан сыпайы түрде бас тартқанын білеміз. Ал біз осы жолы әйелдер қауымының атынан жасалған ұсыныс ескерусіз қалмайды деп сенеміз, – дейді Зинаида Федотова.

Федотова ханымның сөзіне қоса кетейін, Нұрсұлтан Назарбаевқа «Халық қаһарманы» атағын берейік деген парламент депутаттары Астананы сол кісінің есімімен де атамақ болған.

Сондықтан мен де «осы жолы әйелдер қауымының атынан жасалған ұсыныс ескерусіз қалмайды» деп сенемін.

P.S. Әйелдер Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығы құрметіне бұған дейін де бір ірі жиын өткізген. Наурыздың 5-інде өткен әйелдер съезіне Қазақстан президенті Назарбаев та келген. Ол жиында ашыла сөйлеген адам - президенттің өзі еді. Президент залдағы жұртты халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтап, мынандай анекдот айтып, елді күлдірген:

– Бір әйел такси тоқтатып: «Тезірек перзентханаға апарыңыз!» депті. Көлік бар шамасынша қатты жүріп келе жатса, жолаушы әйел таксистен: «Неге асығып келесіз?» деп сұрайды дейді. «Сіз жетпей босанып қаласыз ғой» десе: «Мен перзентханада жұмыс істеймін» депті әлгі әйел.

Сол айтқандай, «Халық қаһарманы» атағын алуға президенттің өзі асықпаса да, асығуға болатындай бір себепті халқы көріп-біліп отырған шығар.

Онсыз да биылғы Нобель сыйлығынан құр қалдық...
XS
SM
MD
LG