Қазақстан парламентінің сенаты "1 желтоқсан - Қазақстан республикасының тұңғыш президенті күні" деген мемлекеттік мерекені бекіткен заң қабылдады. Ұсынысты сенат депутаттарының бір тобы ел тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесі тойланар қарсаңда жасаған.
«Мемлекеттің негізін салған тұңғыш президенттің орасан зор үлесін ескере отырып, депутаттардың бір тобы сенат отырысына Конституцияның 1-бабына және «Қазақстан парламенті мен оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңның 15- бабына сәйкес, сондай-ақ «Қазақстан республикасындағы мерекелер туралы заңға» орай 1-ші желтоқсанды мемлекеттік мейрам деп жариялауды ұсынамыз» деп сөйлеген сенбі күні сенаттың жалпы отырысында сенатор Анатолий Башмаков.
Бұдан әрі сенатордың «Дәл осы күні біздің мемлекеттігіміздің дамуына әсер етіп, өлшеусіз үлес қосқан бірінші президент сайланды, Қазақстан республикасының президенттік институты қалыптасты. Ендеше оған лайықты бағасын берейік. Егеменді Қазақстанның негізін қалап, оны бектіудегі тарихи миссия тұңғыш президент, елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісінде» деп атап көрсеткенін хабарлайды Қазақстан жаңалықтар агенттігі.
"Президенттің басшылығымен өлшеусіз экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асты. Қазақстан мемлекеттігінің негізін қалаушы бірінші президент қазақстандықтар мойындап, халықаралық қауымдастықтың құрметін туғызған ғаламдық бастамалардың иесі.Тәуелсіздік және Назарбаев – бұл Қазақстанның көпғасырлық тарихы қол жеткізген ең жоғарғы дүние" деп түйіндеген сөзін сенатор Башмаков.
Осы күні Астанада "Қазмедиа" орталығын аралаған президент Назарбаев өзіне "Халық қаһарманы" мәртебесін беретін заңға қол қоймайтынын айта келіп, дегенмен де 1 желтоқсанды тұңғыш президенттің күні деген мемлекеттік мерекеге айналдыруға қарсы болмайтынын білдірді.
Осыдан бірер жыл бұрын Астана қаласының күні де президенттің туған күні - 6 шілде күніне өзгертілген еді.
"ТҮРКІМЕННІҢ АЛДЫНДАҒЫ, ҚЫРҒЫЗДЫҢ АРТЫНДАҒЫ ЭКЗОТИКАЛЫҚ БАСТАМАЛАР ЕЛІ"
Парламент сенатының бүгінгі қабылдаған заңына орай Азаттық радиосының тілшілері пікір-көзқарастарын сұраған саясаткерлер мен саясаттанушылар, қоғам өкілдері өз ойларын білдірді.
Оппозициялық саясаткер Әміржан Қосанов:
- "Қазақ айтады: «артық қыламын деп тыртық қылады» деп, меніңше қазір Назарбаевқа жағымпаздану науқанының көрнекті өкілдері дәл осы қызметті атқарып жатқан сияқты. Өйткені обьективті тұрғыдан қарайтын болсақ, шынымен де Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан президенті ретінде сіңірген еңбегі бар. Оны ешкім жоққа шығармайды. Мүмкін оған белгілі бір дәрежеде баға да беру керек шығар. Бірақ дәл осындай шексіз жағымпаздық біріншіден президенттің өзіне абырой бермейді, екіншіден елге абырой бермейді, үшіншіден жағымпаздану жарысындағы жүйріктерге абырой бермейді.
Ең бастысы бұл өскелең ұрпаққа, пікір алуандығы, сөз бостандығы, демократия тұсында өмір сүруге тиіс біздің жастарға кері әсер етеді деп ойлаймын. Мұның бәріне уақытша нәрсе деп қарау керек, Жеке бір адамның басына арнап мейрам жасаймыз деп, жағымпаздар шектен шығып кеткен сияқты, - деді.
Журналист-жазушы Мырзан Кенжебай:
- Мұның бәрі қазіргі уақытта таңдануға болмайтын өрескел жайттар. Мен Ақтөбе жақтан келе жатыр едім, ол жақтағы жұрттың бәрі осы сияқты және кешегі «Нұр Отан» партиясының сьезінде болған жайттарға тұла бойын ашып күліп отыр, - деді.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев президентке таңылып жатқан атақ пен мадақ- марапаттардың көбейіп бара жатқаны жеке басқа табынушылықтың көрінісі деп атап көрсетеді.
- Бұл ретте Қазақстан Түркіменстанға жете қойған жоқ, дегенмен демократиялық құндылықтарды бағалай білетін, саяси дамуы Қазақстаннан әлдеқайда алға кеткен көрші Қырғызстаннан артта қалғанымыз анық, - деген саясаттанушы,- халықаралық қауымдастық Қазақстанды ара-тұра экзотикалық бастамалар көтеріп тұратын ел ретінде баяғыдан біледі,-"деп түйіндеді сөзін.
Биылғы сәуір айында Азаттық радиосының дөңгелек үстел сұқбатына қатысқан саясаткерлер мен сарапшы, тарихшылар «Қазақ ССР-інің президенті қандай жолмен Қазақстан президентіне айналды?» деген мәселе төңірегінде талқылау өткізген еді.
Онда сөйлеушілер 3 сәуір күні кезекті рет мерзімінен бұрын болған президент сайлауында қайта сайланған президент Назарбаев билігінің легитимділігі туралы мәселе тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма жылда күн тәртібінен түскен емес дейді.
Осы аталған дөңгелек үстел талқылауында 12-шақырылымдағы Жоғарғы Советтің төрағасы және 13-шақырылымдағы Жоғарғы Советтің депутаты болған оппозициялық саясаткер Серікболсын Әбділдин Қазақстандағы ең алғашқы президент сайлауы баламасыз негізде өткендіктен, ол легитимді болған жоқ деп есептейтіндігін айтқан болатын.