Accessibility links

Билікшіл партиялар Еуразия Одағын қолдады


"Нұр Отан" партиясының Астанадағы бас кеңсесі. Көрнекі сурет
"Нұр Отан" партиясының Астанадағы бас кеңсесі. Көрнекі сурет

Еуразия Одағы туралы келісімге қол қойылатын күн таяғанда және әлеуметтік желілерде оған қарсылық күшейген кезде «Нұр Отан» бастаған билікшіл саяси және қоғамдық ұйымдардың белсенділігі артты.

Мамырдың 19-ы күні Астанада президентшіл «Нұр Отан» партиясының ұсынысы бойынша «Қазақстан-2050» демократиялық күштерінің жалпыұлттық коалициясының мүшелері мен Қазақстан сарапшылары арнайы жиын өткізіп, «Еуразия экономикалық ықпалдастығы мәселелерін» талқылады.

«Нұр Отан» партиясының сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда «Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясының» қатарында «Нұр Отаннан» өзге Қазақстанның Коммунистік халық партиясы, «Бірлік», «Ақ жол», «Ауыл», Патриоттар партиясы және бірнеше республикалық қоғамдық ұйым бар. Жиында Еуразия Одағы туралы келісімнің негізгі ережелері талқыланды.

Сағынтаевтың сөзінше, Ресей, Қазақстан мен Беларусь президенттері бекітетін Еуразия Одағын құру туралы келісімде әлеуметтік-гуманитарлық, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік мәселелері қозғалмаған.

Вице-премьер: «Мемлекет басшыларының кездесуінде Ресей президенті Владимир Путин Еуропарламент сияқты үш елге ортақ парламент құру жөнінде сөз қозғаған. Бірақ Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық одақ құратынымызды, ешқандай ортақ парламенттің, саясаттың болмайтынын айтты» деген.
Бақытжан Сағынтаев, Қазақстанның вице-премьері
Бақытжан Сағынтаев, Қазақстанның вице-премьері


«Нұр Отан» партиясының сайтында осы форум қарсаңында Еуразия Одағын қолдау тұрғысындағы бірнеше материал берілген. Соның бірінде ұлттық экономикалық палата басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Рахым Ошақбаев: «Еуразия Одағына қосылса, Қазақстан кәсіпкерлері бәсекелестіктен ұтылмайтынын» айтады. Оның сөзінше, «дәл қазір Украинадағы жағдайға байланысты Ресейде бизнес жүргізудің қиындай бастауы Қазақстанды инвестицияға тартымды елге айналдыруы мүмкін».

Қазақстанның түгелге жуық мемлекет басқаруына көшкен ақпарат кеңістігінде Еуразия Одағын құруға қарсы пікірлер ұшыраса бермейді. Наразылардың басым бөлігі Facebook сияқты әлеуметтік желілер арқылы көзқарастарын ашық айтып, қарсылық акцияларын өткізуге мәжбүр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Еуразия Одағына маска киіп қарсы шығу

Қарсы шығушылар: «Еуразия Одағына қосылу, қосылмау мәселесі референдумға неге шығарылмады?» деген сауалды жиі қояды. Бұл сұраққа билік әзірше анық жауап берген емес.

Осыған ұқсас сұрақтардың біріне Facebook әлеуметтік желісінде парламент депутаты, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Айгүл Соловьева таяуда жауап беруге тырысқан.

Оның айтуынша, «Еуразия Одағы саяси одақ емес, экономикалық одақ, сондықтан референдумның қажеті жоқ». Соловьева «Еуразия Одағы» идеясының алғаш рет 1994 жылы айтылғанына назар аударады. Қазақстандағы жұртшылықтың содан бері бұл мәселені талқыламай, «енді тура жүзеге асар кезде оянып жатқанына таңғалатынын» айтады. Депутат Еуразия Одағы туралы келісім-шарттың мәтініне ғана қатысты сын білдіреді.

«Еуразия Одағы туралы келісім шимай-шатпаққа толып кеткен, біреуінен бірдеңені алып, екіншісіне беру дей ме, оны түсініп болғанша жындыханаға түсуің мүмкін» деп жазады Соловьева.
Кеден Одағы елдерінің басшылары Минскіде кездесті. 29 сәуір 2014 жыл. Көрнекі сурет
Кеден Одағы елдерінің басшылары Минскіде кездесті. 29 сәуір 2014 жыл. Көрнекі сурет

Ресей, Қазақстан мен Беларусь 2010 жылы құрған Кеден Одағының бірте-бірте Еуразия Одағына айналу мүмкіндігі Қазақстан қоғамында түрлі кереғар пікірлер тудырған еді. Қоғамдық белсенділер мен саясаткерлердің бір бөлігінің ойынша, «Еуразия Одағы – Қазақстанды Ресейдің қол астына өз еркімен апаратын, саяси тәуелсіздігінен айыратын одақ».

Осыған ұқсас пікірді ұстанушылар билікке қарсы түрлі сипатта қарсылық акцияларын ұйымдастырып келеді. Соның бірі биыл сәуір айының 14-і күні 500-ге жуық адам қатысқан, Алматы қаласында өткен «Антиеуразиялық форум».
«Антиеуразиялық форумға» жиналғандар «Қазақстан тәуелсіздігін жоятын одақты тоқтатуға» шақырып, «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа бұл ісі қателікке ұрындыратынын, жауапкершілік тек өз мойнына жүктелетінін қатаң түрде ескерту» туралы мәлімдеген болатын.

Қазақстанның Еуразия одағына кіруіне қоғамдық белсенділер жекелей пикет өткізіп те наразылық білдірді. Таяуда мамырдың 15-і күні Facebook әлеуметтік желісінде Еуразия Одағына наразы азаматтар «Империялық вирусқа қарсылық» акциясын бастады. Олар маска киіп суретке түсіп, бұл әрекеттерін «саяси одақ құруға мүдделі боп отырған Ресейдің империялық пиғылынан қорғану белгісі» деп түсіндірді.

Қазақстан үкіметі бұл тәрізді сынға қарсы статистикалық мәліметтер келтіріп уәж айтуға тырысады. Мысалы бүгін Астанада «Нұр Отан» партиясы өткізген форумда вице-премьер Бақытжан Сағынтаев: «Кеден Одағы құрылғалы қазақстандық тауарлардың КО елдеріне экспорты 62,7 пайызға, экспорттың жалпы көлемінде өңдеуші тауарлардың үлесі 44-тен 54 пайызға өсті» деп мәлімдеді.

Мамыр айының соңында Ресей, Беларусь және Қазақстан Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қоймақшы. Бұл келісімге сәйкес үш ел 2015 жылғы қаңтардың 1-інен бастап біртұтас экономикалық кеңістікке және бірлікке айналады.
XS
SM
MD
LG