«Оқулықтар макетінің сапасын бағалау порталында» интернет ресурстың білім және ғылым министрлігінің білім және ғылым саласын бақылау комитетінің «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығына қарайтыны жазылған. Порталдың бірінші бетінде «Құрметті пайдаланушы! Осы портал арқылы Сіздерге оқулықтар макеті сапасын бағалауды ұсынамыз. Портал Сізге қазақстандық оқулықтар сапасын жақсарту үдерісіне қатысуға мүмкіндік береді» деген сөйлем бар. Азаматтар «пікірлері мен ұсыныстары назардан тыс қалмайтыны» да ескертілген. Портал пайдаланушыға 2016-2017 оқу жылына арналған; қазақ, орыс, ағылшын, ұйғыр, өзбек тілдеріндегі 186 оқулықтың макетін шолып шығып, пікір қалдыруға мүмкіндік береді. Пікір қалдыру «терезесіндегі» жазба көлемі шектелмеген.
Азаттық тілшісі жаңа портал жөнінде «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы бастығының орынбасары Әділхан Дүйсебекпен сұхбаттасты.
Азаттық: - Оқулық сапасын қоғамдық талқылауға шығаруға не түрткі болды?
Әділхан Дүйсебек: - Оқулық сапасы жыл өткен сайын жақсаруы тиіс. Қазірге дейін айтылып келе жатқан сын да жеткілікті. Алайда оқулықты сынаушылар оқулық сапасын [жақсартуға] тікелей араласа алмайтын. Жаңа портал бұл тұрғыда үлкен мүмкіндік деуге болады. 2015 жылы сәуір айында білім және ғылым министрлігі оқулықтарды сараптамадан өткізу, тізімін бекіту мәселесі бойынша арнайы ереже қабылдады. Осы ережедегі екі өзгерісті айтайын. Оның бірі – оқулықтар сапасын қоғамдық бағалау жүйесін енгізу, екіншісі осы оқулықтарды өндіріске енгізер алдында қорытынды шешім шығаратын республикалық комиссияның рөлін, функциясын және құрамын кеңейту. Жаңадан ашылған портал - осы өзгерістің жемісі. Порталда мамандардың сараптамасынан өтіп, республикалық комиссияға шығар алдында тұрған жобалардың барлығының тізімі мен макеті беріледі. Қазіргі оқулықтарға көңілі толмайтын, өзі жақсы ұсыныс, идея айта алатын азаматтар енді осы порталға кіріп оқулық сапасын жақсартуға тікелей үлесін қоса алады. Бұрын мұндай сындар министрге, тіпті, парламентке дейін жазылып, ақпарат құралдарында жарияланумен шектелетін. Енді тікелей осы порталға кіріп өз пікірін жазуына мүмкіндік бар. Оқулық сапасын жақсартуға қажетті құнды пікірлер болса онда біз оны республикалық комиссия қарауына жібереміз.
Азаттық: - Идея немесе ұсыныс айтушылардың авторлық құқығы ескеріле ме?
Әділхан Дүйсебек: - Ұсыныс жазушылар пікірді анонимді түрде жазбай, аты-жөні мен өзінің байланыс деректерін көрсеткені абзал. Ондай адамдармен біз хабарласып, әрі қарай оқулықты қаншалықты жетілдіре алатыны жөнінде сөйлесуіміз қажет.
Тақырыптас мақала: Сапасы күмәнді жаңа оқулық шығатыны жарияланды
Азаттық: - Порталға қазірдің өзінде оқулықтар макеті салынған екен. Олар келер жылғы оқулықтар ма?
Әділхан Дүйсебек: - Қазір 2016-2017 оқу жылына арналған оқулықтарға сараптама жасалып бітті. Енді желтоқсан айының басында республикалық комиссия болады. Міне соған дейін жаңағы порталдағы пікірлер жиналады. Республикалық комиссия енді жүз маманнан құралып, әр пән бойынша топқа бөлінеді. Бұрын барлық ауыртпалық республикалық «Оқулық» орталығына түсіп, сараптама жасалатын. Республикалық комиссия шартты түрде ғана жұмыс істеді. Биылдан бастап оқулық сапасын жақсарту мәселесі білім және ғылым министрлігіндегі білім және ғылым саласындағы бақылау комитетіне көшті. Осы комитет бастамасымен ереже жетілдіріліп, бірнеше сатыны тыңғылықты жасау қолға алынды. Енді республикалық комиссия мүшелері шартты түрде ғана емес, арнайы 10 күнге дейін отырып оқулықтардың әр парағын қарайды.
Азаттық: - Оқулықтарды сынаушылардың көпшілігі авторлардың, сарапшылардың қалай таңдалатынын білмейтіні байқалады.
Әділхан Дүйсебек: - Оқулық шығару бәсекелестік негізде жүргізіледі. Баспалар әр пән бойынша авторлар тобын құрып, білім және ғылым министрлігі бекіткен жоспар бойынша оқулықтар әзірлейді. Сараптамаға түскенге дейін ол мәселеге мемлекеттік органдар көп араласпайды. «Баспаларға барлығын беріп, оқулық шығаруды коммерцияға айналдырды» дейтін жаңсақ пікірлер бар. Баспалар оқулық әзірлегені үшін мемлекеттен ақша алмайды. Сараптамадан өтіп, республикалық комиссия қарап, білім және ғылым министрлігі бекітетін тізімге кіргенде ғана жергілікті бюджет есебінен ақша бөлінеді де, сол ақшаға баспа дайындаған оқулықтар сатып алынады. Егер сапасыз оқулық тізімге ілінбесе баспаның ақшасы далаға кетті деп есептей беріңіз. Сондықтан сапалы оқулық жасауға баспалардың өздері мүдделі болуы тиіс.
Азаттық: - Кейбір баспалардың өкілдерімен сөйлескенімде «авторларға төленетін қаламақы мардымсыз, ол оқулық сапасына әсер етеді» деген уәж айтқандары болды. Мүмкін қаламақыны мемлекеттің өзі төлегені дұрыс шығар?
Әділхан Дүйсебек: - Қаламақыны мемлекет реттей алмайды. Өйткені ол баспа мен автордың арасындағы келісімшарт бойынша бекітіледі.Автор келіспесе, қаламақыдан бас тартуына болады. Оған басқа органдар араласа алмайды. Баспаға барып, «авторға мынанша ақша төле» деп айта алмаймыз.
Азаттық: - Қырымды Ресей аумағында көрсеткен жоғары сыныптарға арналған тарих және география оқулықтары түзелетіні туралы ресми түрде мәлімденген еді. Ол түзетулер оқулықтарға қалай енгізіледі?
Оқи отырыңыз: Қырым мектеп оқулықтарында «Ресей субъектісіне» айналған
Әділхан Дүйсебек: - Қыркүйектің 30-ы күні білім және ғылым министрі өткізген арнайы жиналыста оқулық авторлары, сарапшылар, республикалық комиссия мүшелерібұл мәселені талқылады. Оған сыртқы істер министрлігінің өкілі де қатысты. Осы жиында министрлік «Мектеп» баспасына таяу арада оқулықтардағы мәтінді жан-жақты келісіп, түзеуді тапсырды. Барлық 10 және 11-сыныптардың дүниежүзі тарихы мен география оқулықтарына қосымша қыстырма парақ беріліп, сол түзету бойынша оқытылады. Арнайы жұмыс тобын құрып, түзетулерді білім және ғылым министрлігі мен басқа да құзырлы органдарға жібердік. Түзетуде Украинаның аумақтық тұтастығы мәселесіне байланысты БҰҰ мен Қазақстан ұстанымы жазылатын болады. «Оқулықтар макетінің сапасын бағалау порталы» келешекте осындай қателіктерге жол бермеу мақсатында жасалды.
Азаттық: - Қазір порталдың ашылғанына бір аптадан асты. Алғашқы пікір, ұсыныстар түсіп жатыр ма?
Әділхан Дүйсебек: - Пікір, ұсыныстар көп түсіп жатыр. Дені - мұндай портал ашқанымызды қолдаған пікірлер. Ол ұсыныс, пікірлерді ескереміз.
Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.