Accessibility links

Виктор Ковтуновский Жовтиске шығарылған үкімді өзгертуді талап еткен акция өткізді


Саясаттанушы Виктор Ковтуновский құқыққорғаушы Евгений Жовтиске шығарылған сот үкіміне наразылық білдіріп тұр. Алматы, 9 қыркүйек 2009 жыл. Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро қызметкерлері түсірген сурет.
Саясаттанушы Виктор Ковтуновский құқыққорғаушы Евгений Жовтиске шығарылған сот үкіміне наразылық білдіріп тұр. Алматы, 9 қыркүйек 2009 жыл. Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық бюро қызметкерлері түсірген сурет.

Сәрсенбі, қыркүйектің 9-ында Алматының Арбат алаңында саясаттанушы Виктор Ковтуновский құқыққорғаушы Евгений Жовтиске шығарылған сот шешімін өзгертіп, әділ соттың жүргізілуін талап етті.Оған қазақстандық халықаралық тарих-құқық орталығының төрайымы Барета Ерғалиева да қатысты.

20 минутқа созылған наразылық акциясында саясаттанушы өзінің сот шешіміне деген наразылығын жеткізді. Оның пайымдауынша, билік Жовтисті темір торға тоғыту арқылы одан кек алып отыр.

- Жовтиске 4 жылды жайдан - жай бере салған жоқ. Келер жылы ЕҚЫҰ төрағалық етуде оны алшақтату үшін 4 жылға жапты. Осылайша оның принциптік көзқарасы мен құқыққорғаушы ретіндегі қызметі үшін билік кегін қайтаруда, – дейді В. Ковтуновский.

"БАҚАНАСТАҒЫ СОТТА ТҮСІНІКСІЗ ЖАЙТТАР ОРЫН АЛҒАНЫН ҚӨЗІММЕН КӨРДІМ"

Айта кету керек, аталған пикетке саясаттанушы әрі журналист Виктор Ковтуновскиймен бірге «Демократия және құқық» атты қазақстандық халықаралық тарихи-құқық орталығының төрайымы Барета Ерғалиева да қатысып, өз көзқарасын білдірді.
Саясаттанушы Виктор Ковтуновский және адам құқығын қорғаушы Барета Ерғалиева Евгений Жовтиске шығарылған сот үкіміне наразылық білдіріп тұр. Алматы, 9 қыркүйек 2009 жыл.


- Мен Бақанаста өткен сотты басынан аяғына дейін бақылаумен болдым. Онда бірқатар түсініксіз жайттар орын алғандығын өз көзіммен көрдім. Мәселен алғашқы күні жауап берген куәгер екінші күні мүлдем басқаша жауап берді. Бұл дегеніңіз – шикілік. Сондықтан мен бұл істің әлі де болса жіті тергеліп-тексерілуін талап етемін, – дейді құқыққорғаушы Ерғалиева.

Барета Ерғалиеваның пайымдауынша бұл істе саяси астардың бар-жоғы туралы сөз қозғау әлі ертерек.

- Меніңше бұл істе әлі де шикі тұстар көп. Басын ашып, мән-жайды анықтау қажет. Екі жақты анықталуы тиіс. Қазір бұл іске саяси әлде саяси емес деп баға беру әлі ерте. Өйткені, екі жақ та зерттелмеген, – дейді Б.Ерғалиева.

Осылайша Алматының Арбат аталып кеткен алаңына келіп өз пікірлерін білдірген саясаттанушы Виктор Ковтуновский мен құқыққорғаушы Барета Ерғалиеваға Алмалы ауданының прокуроры Кенжалы Үсіпбаев пен өзін әкімшілік өкілімін деп таныстырған Айнұр Бекжанова келіп, «бұл шараның заңсыз» екендігін ескертті.
Алматының Алмалы ауданының прокуроры Кенжалы Үсіпбаев, 9 қыркүйек 2009 жыл.


Алайда плакат ұстаушылар «өз көзқарасын білдіруге конституциялық құқығының бар екендігін» алға тартқаннан кейін соңғылары шетте тұрып, тек сырттай бақылаудан басқа амалдары қалмады.

Осылайша бас-аяғы 20 минутқа созылған пикет айқай-шусыз өтті.

Қыркүйектің 3-інде Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі қазақстандық халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис кісі өліміне себепкер деген айыппен 4 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
XS
SM
MD
LG