Accessibility links

Алматыда ер балаларға арналған «Әбу Ханифа» медресесі ашылды


Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісалы медресе ашылар алдында журналстер сұрақтарына жауап беріп тұр. Алматы, 10 тамыз, 2009 жыл.
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісалы медресе ашылар алдында журналстер сұрақтарына жауап беріп тұр. Алматы, 10 тамыз, 2009 жыл.

Бүгін Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы жанынан ашылған «Әбу Ханифа" медресесі ғибадат етушілердің пітір-садақасынан қаржыландырылатын болады. Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісалы болашақта мұнда жыл сайын 50-ге тарта имам білім алатындығын айтты.

"ӘБУ ХАНИФА" МЕДРЕСЕСІ ИМАМДАР ДАЯРЛАЙДЫ

Алматыда ашылған «Әбу Ханифа" медресесіндегі дәрістер алдағы қыркүйек айының бірінде басталады. Бас муфти Әбсаттар қажы Дербісалы «Бүгінге дейін 40 адамнан өтініш түсті, алайда биылғы жылы олардан іріктеп тек 25-ін ғана қабылдай аламыз» дейді.
Себебі медреседе оқығысы келгендердің бәрін бірдей жатақханамен қамтатасыз ету мүмкіндігі әзірге жоқ.
"Әбу Ханифа" медресесі. Алматы, 10 тамыз, 2009 жыл.


Алдыңғы жылдары осы сынды медреселер Астана, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Шымкент және Алматы облысында ашылған болатын. Алматыдағы бүгінгі ашылып жатқан медресе республикалық деңгейдегі оқу орны болмақ. Мұнда діни білім аламын деуші жастар 2 жыл 8 ай уақыт оқиды. Ол үшін Құранды мүмкіндігінше жатқа айтып, намаз оқи білу шарт.

«Әбу Ханифа" медресесінде білім беру жүйесі ҚР мемлекеттік білім беру стандарттарына сай жасалынған. Мұнда 60 пайыз діни 40 пайыз зайырлы пәндерден дәріс өткізіледі. Бұл республикадағы 7-ші медресе.

- Діни пәндерден – Қазақстан Мұсылмандар Діни Басқармасының қызметкерлері сабақ берсе, қалған пәндерден - Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің ұстаздары жұмылдырылмақ, – дейді Қазақстанның бас муфтиі Әбсаттар қажы Дербісалы.

Айта кету керек биылғы жаңа оқу жылынан бастап, Қазақстан мектептерінде "Дінтану негіздері" атты міндетті сабақ енгізіледі. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми өкілі Серік Ирсалиев мәлім еткен болатын.

-Биылдан бастап жоғарғы сыныптарда "Дінтану негіздері" атты сабақ факультативтік сипатқа көшеді. Егер оны бұрын оқушы өз қалауы бойынша оқыса, биылдан бастап оны еліміздегі барлық мектеп оқушылары міндетті түрде оқитын болады. Біздің пайымдауымызша, діни төзімділік негіздері балалық шақтан бастап бойға сіңірілуі тиіс, - деген еді С. Ирсалиев.

ДІНИ САУАТЫН ШЕТЕЛДЕН АШЫП КЕЛЕТІНДЕРГЕ КӨҢІЛ ТОЛА БЕРМЕЙДІ

Бас муфтидің сөзіне қарағанда, соңғы кездері Пәкістан, Египет сынды көптеген мемлекеттерге барып діни сауат ашушылар көбейіп кеткен. Мұның жақсы үрдіс емес екендігін алға тартқан бас муфти Әбсаттар қажы Дербісалы бүгінгі медресенің ашылу мақсатына былайша тоқталды.
Алматы орталық мешітінің бас имамы Құлмұхамбет Махамбет медресенің ашылуында аят оқып тұр. Алматы, 10 тамыз, 2009 жыл.


- Қазіргі уақытта түрлі ағымдар, ұйымдар бар. Дінімізді солардың ықпалынан таза сақтау үшін ерекше білімді, елін сүйетін отандық дін мамандары қажет. Алайда біздегі көптеген жастар шетелдерде әдетте өзге масхабпен білім алып келіп жатады. Мен өз басым шетелде діни сауат ашуға сақтықпен қараймын. Сондықтан, біздің елімізге осындай білім ордалары аса қажет. Ал медреседен кейін, жоғары білім аламын деушілерге Алматыдағы «Нұр Мүбарак» университеті бар -дейді Бас муфти.
XS
SM
MD
LG