ОРАЗА
ЕЦ-166/5 түрмесінің 56 жастағы тұтқыны Мадан Мухлисов Аршалы аудандық сотына жолдаған арызында мұсылмандар ораза тұтуға міндетті Рамазан айында түрмеде түн мезгілінде діни жоралғымды өтеуге тыйым салды деп жазған.
"Оразаның кезекті күні алдында түнгі сағат 02:40 – 03:40 аралығында сәремді ішіп, таңғы намазымды оқуым керек болатын. Колония әкімшілігі қызметкерлері сағат 22:00-ден ("ұйқыға жату") таңғы сағат 06:00-ге дейінгі ("ұйқыдан тұру") аралықта тұтқындардың кез-келген қимылын "түрме тәртібін бұзу" деп санайды" деп жазады Мадан Мухлисов.
Құлшылық ету - өмірімнің бір бөлігі, жеке тұлғамның бір бөлігі, Қазақстанның негізгі заңында "адамның ажырамас құқығы" деп белгіленген конституциялық құқығым.
Оның сөзінше, түрме қызметкерлері оның үстінен "түрме тәртібін бұзды" деп бірнеше рет рапорт жазған, ал ораза айы кезінде түнде тұрып, мұсылмандық міндетін орындауға мұрсат беруді сұраған өтінішін елемеген.
Тұтқын Мухлисов сотқа жолдаған арызында "Құлшылық ету - өмірімнің бір бөлігі, жеке тұлғамның бір бөлігі, Қазақстан республикасының негізгі заңында "адамның ажырамас құқығы" деп белгіленген конституциялық құқығым" деп жазған.
Мадан Мухлисов 2001 жылы Алматыда банк инкассаторларына қарақшылық шабуыл жасағаны үшін 23 жылға сотталған. 2009 жылдан бері жазасын Ақмола облысы Аршалы кентіндегі ЕЦ-166/5 түзету мекемесінде өтеп жатыр.
НАМАЗДЫ ТӨСЕКТЕ ЖАТЫП ОҚУ
Адвокат Жанғазы Күнсеркиннің айтуынша, намаз оқып, өзге діни жоралғыларын өтегені үшін Мухлисовты талай жазаға тартқан, ақыры оны түрме режимінде қамауда ұстауға ауыстырған. Сондықтан ол екі жыл бұрын БҰҰ-ның адам құқығы комитетіне шағымданған. Ол жақтан жауап әлі келмеген.
Биыл бұл жағынан әлдебір өзгеріс болып, түрме тәртібінде адамның діни қажеттілігін өтеуі ескерілетін шығар деп үміттеніп едік. Дін істері министрлігінен комиссия келіп кетті, бірақ олар ештеңе шешкен жоқ.
– Конституцияға сәйкес, бұл (дін ұстану еркіндігі) – оның ажырамас құқығы. Лагерь, түзету мекемелерінде бұл жағы өте қиын. Ал "экстремистер, діни радикалдар" деп атайтын тұтқындардың көбі діни жоралғыларды өтеуді қажетсінеді, бірақ кей колонияларда олардың намаз оқуына мүлде тыйым салып тастаған. Биыл бұл жағынан әлдебір өзгеріс болып, түрме тәртібінде адамның діни қажеттілігін өтеуі ескерілетін шығар деп үміттеніп едік. Дін істері министрлігінен комиссия келіп кетті, бірақ олар ештеңе шешкен жоқ, - дейді Жанғазы Күнсеркин.
Оның сөзінше, прокуратура адам діни қажеттілігін түрмелердің режимдік талаптарына сәйкес өтеуі тиіс деген пікір ұстанады. Бірақ адвокат конституцияда адам құқығына басымдық берілген, сондықтан режимдік талаптарды керісінше, тұтқындардың діни қажеттілігі мен әлдебір мұқтаждықтарына қарай икемдеу керек дейді. Оның дерегінше, кей тұтқындар діни қажеттіліктерін бірдеңе етіп өтеуге тырысып, амалдайды. Мысалы, біреулер намазды төсекте жатып оқиды.
– Мухлисов түрмеде ұстау түріндегі алғашқы қылмыстық жазаға бос уақытында намаз оқығаны үшін тартылған. Ол кісі намаз оқып жатқанда әкімшілік қызметкері келіп, әлдебір талаптар қоя бастаған, ал ол әлгі талаптарды орындау үшін намазын үзбеген. Сол үшін оны әуелі тәртіптік жауапқа, ал кейін қылмыстық жазаға тартқан. Бәрі әкімшіліктің нақты өкілінің шешіміне байланысты. Мысалы, ол адам намаз оқып жатқан кезде "Бас киіміңді шеш немес ки" деп талап етуі мүмкін, ал тұтқын діни жоралғысын жалғастыра берсе, әрине, тұтқынның үстінен рапорт жазады, - дейді Жанғазы Күнсеркин.
Ақмола облысындағы қоғамдық бақылау комиссиясы (ҚБК) төрағасы Олжас Сыздықовтың Азаттыққа айтуынша, түрмелерде тұтқындардың ұйқыға жатқаннан кейін намаз оқуына, құлшылық етуіне тыйым салады, ал әлгі тыйымды орындамай, намаз оқығандарды түрлі жазаға тартуы мүмкін.
Мекеменің жарғысы еліміздің заңдарынан жоғары тұрмауы тиіс екенін түрлі деңгейдегі құзырлы орындарда талай айтып жүрміз, әзірше өзгеріс жоқ.
– Олар "мекеме жарғысына сәйкес, тұтқындар сегіз сағат үзілісіз ұйықтауы тиіс, діни жоралғыларын өтеу қалған тұтқындардың шырқын бұзады" деген уәж келтіреді. Олар көбінесе осы позицияны ұстанады. Ал мекеменің жарғысы еліміздің заңдарынан жоғары тұрмауы тиіс. Мұны түрлі деңгейдегі құзырлы орындарда талай айтып жүрміз, әзірше өзгеріс жоқ, - дейді Олжас Сыздықов.
Бұған қоса, оның айтуынша, діни жоралғылар өтейтін орындар түзету мекемелерінің ешқайсысында жоқ. Түрме әкімшіліктері мемлекеттік мекемелерде құлшылық етуге арналған бөлмелер ашуға тыйым салатын "Дін қызметі және діни бірлестіктер туралы" заңға сілтеме жасайды. Олжас Сыздықовтың пікірінше, бұл Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетін әрі дау тудыратын тыйым.
ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ КОДЕКСІНІҢ 13-БАБЫ
Ақмола облысы Аршалы ауданы прокуратурасы тұтқын Мадан Мухлисовтың шағымын қарап, қылмыстық-атқару кодексінің 13-бабының үшінші тармағына сәйкес, "діни жоралғыны өтеу кезінде түзету мекемесінің ішкі тәртібі ережелері орындалуы тиіс" деген жауап жолдаған.
Әлгі ережені 2014 жылғы қарашада Қазақстан ішкі істер министрлігі бекіткен. Онда "әр мекемеде қатаң орындалуы тиіс күн тәртібі белгіленеді" деп жазылған. Әлгі кестені тұтқындардың құрамымен жұмыс істеу, жыл мезгілі және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып түрме бастығы бекітеді. Прокуратураның хабарлауынша, ол тәртіп бойынша тұтқындар сегіз сағат ұйықтауы тиіс, ал Мадан Мухлисов онымен де, "діни жоралғыларды өтеу тәртібімен" де танысқан.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне қарасты дін істері комитетінің Азаттыққа хабарлауынша, "тұтқындардың діни жораларды өтеуіне тыйым салынбайды, ал қылмыстық-атқару кодексінің 13-бабы бойынша тұтқындардың дін еркіндігі мен ұждан құқығына кепілдік беріледі".
Діни жоралғы жазаны атқару мекемесі немесе органының ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес өтеледі...
"Алайда діни жоралғы жазаны атқару мекемесі немесе органының ішкі тәртіп ережелеріне сәйкес өтеледі (Қазақстан Республикасы әділет министрінің 2001 жылғы желтоқсанның 11-індегі №148 бұйрығы). Мысалы, Қазақстан Республикасы қылмыстық-атқару кодексінің 9-бабының 2-тармағына сәйкес, "сотталғандардың Қазақстан Республикасының конституциясы, қылмыстық кодексі және өзге заңдарында белгіленген шектеулер аясында қарастырылған құқығы, еркіндігі және міндеттері бар" делінген Азаттыққа келген жауапта.
Шенеуніктер пікірінше, "сотталғандардың құқықтары мен міндеттері және олардың құқығын шектеу жазаның нақты түрiн немесе қылмыстық-құқықтық ықпал етудің өзге шараларын атқарудың тәртiбi мен жағдайларын негiзге ала отырып жоғарыда аталған кодексте белгіленеді". Бұған қоса, дін істері комитеті өкілдерінің айтуынша, бұл талаптар Қазақстанның қазіргі заңдарының конституциялық нормалары негізінде қабылданған.
Аршалы кентіндегі түрме басшылығынан комментарий алу мүмкін болмады.