Accessibility links

Қазақстанның екі спортшысы финалда жеңілді


Қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетовтің (81 килограмм, сол жақта) кубалық қарсыласы Хулио Сесар ла Крузден (ла Крус) ұтылған сәті. Рио, 18 тамыз 2016 жыл.
Қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетовтің (81 килограмм, сол жақта) кубалық қарсыласы Хулио Сесар ла Крузден (ла Крус) ұтылған сәті. Рио, 18 тамыз 2016 жыл.

Рио олимпиадасында Қазақстан тағы үш медаль алды. Боксшы Ниязымбетов пен балуан Манюрова екінші рет олимпиада финалына шығып, күміс жүлде иеленді.

81 килограмм салмақ дәрежесі бойынша бокстасқан Әділбек Ниязымбетов финалда кубалық Хулио Сесар ла Крузбен (ла Крус) кездесіп, үш раунд қорытындысы бойынша жеңілді. Финалдық гонгтан кейін рефери Куба боксшысының қолын көтергенде 27 жастағы Ниязымбетов бетін баса, басын төмен түсіріп өкініште тұрды. Марапаттау рәсімінде көз жасына ерік берді. Залға жиналған қазақстандық жанкүйерлер де, боксшының өзі де төрешілердің нәтижесіне шағым айтқан жоқ. Журналистерге сұхбат берген Әділбек Ниязымбетов:

Қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетов (81 килограмм, оң жақта) пен оның кубалық қарсыласы Хулио Сесар ла Крус. Рио, 18 тамыз 2016 жыл.
Қазақстандық боксшы Әділбек Ниязымбетов (81 килограмм, оң жақта) пен оның кубалық қарсыласы Хулио Сесар ла Крус. Рио, 18 тамыз 2016 жыл.

- Күміске де шүкір. Қазақстан халқы үмітін ақтамағаныма өте жаман сезімде тұрмын, Лондонда күміс алғанда мұндай жаман сезім болмаған. Іште өкініш бар. Бірақ өмір тоқтап қалмайды. Ұтылдым дей алмаймын. Бапкерлер тактикасын орындап, қолымнан келгеннің бәрін істедім. Ла Крузбен жылдам бокстаспасаң, есіңді шығарып жібереді. Бірінші, екінші раунда тең болып жатырмыз, үшінші раунд шешуші деп ойладым. Төрешілер жеңісті Ла Крузға берді, демек жеңілдім деген сөз. Мүмкін боксты қоярмын, мүмкін жалғастырамын - әлі белгісіз. Отбасымды да ойлауым керек. Бірақ кәсіпқой боксқа бармаймын, - деді боксшы.

Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың пайымдауынша, «екі рет олимпиададан жүлде алу кез келген спортшының қолынан келе бермейді».

- 81 килограмда әлемдегі ең үздік екі боксшы финалда кездесті. Бұл жүлдеге де ризамыз. Алтын бұйырмай тұр екен. Ниязымбетов Дохадағы әлем чемпионатында жеңілген соң “ол кету керек, бокстаса алмайды” деп көп жұрт сынады. Бірақ ол бұл сындарды тыңдамай олимпиадаға келді және медаль алды. Мен сендім, ол сенімді ақтады, - деді бас бапкер.

ВИДЕО: Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжановтың Әділбек Ниязымбетовтің жекпе-жегі туралы пікірі

Айтжанов Ниязымбетовтің жекпе-жегі туралы
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:08 0:00

Ал Әділбек Ниязымбетовты үшінші рет жеңген кубалық Хулио Сесар ла Крус «Ол (Ниязымбетов-ред) - өте мықты боксшы. Бірақ бүгін сәттілік менің жағымда болды. Мен карьерамды аяқтамаймын. Тағы бір олимпиаданы ұтқым келеді» деді.

38 ЖАСТА АЛҒАН ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕСІ

Еркін күрестен 75 килограмм салмақ дәрежесінде күрескен 38 жастағы Гюзель Манюрова да күміс медаль алды. Ол алғашқы екі белдесуінде венгр Жанетт Неметті және камерундық Аннабель Алиді еш қиындықсыз жеңген еді. Манюрова жартылай финалда ресейлік Екатерина Букинадан 4:8 есебімен жеңіліп жатып, соңғы секундтарда оның жауырынын кілемге тигізіп, жеңісті «жұлып» әкеткен. Алайда финалда канадалық Эрика Уибеден 0:6 есебімен жеңіліп қалды.

Гюзель Манюрова 2004 жылы Ресей құрамасы сапында Афина олимпиадасында күміс алған. Ал 2009 жылы Қазақстан азаматтығын алып, 2012 жылы Лондон олимпиадасында қола жүлдеге қол жеткізген.

Гюзель Манюрова. Рио олимпиадасы.
Гюзель Манюрова. Рио олимпиадасы.

- Барлық эмоция кілемде қалды. Олимпиадада кез келген медаль – жеңіс. Америкалық үш дүркін әлем чемпионы (Аделайн Грей – авт.) Риода жүлдесіз қалды. Бәріміз медаль үшін келеміз. Жүлдеге шамам жетеді демесең, олимпиадаға келмей-ақ қойған жөн. Лондонда қола жүлде үшін таласта жеңіске жеткен едім. Бұл жолы жеңілдім. Әрине, күміс қоладан жоғары. Бірақ күміс - өкініші көп медаль. Әр олимпиададан соң спорттан кетем деймін. Дегенмен әлі ойланамын, - деді Манюрова марапаттау рәсімінен соң.

КҮТПЕГЕН ҚОЛА ЖҮЛДЕ

Дәл осы күні еркін күрестен 63 килограмм салмақ дәрежесі бойынша кілемге шыққан 22 жастағы Екатерина Ларионова да қола медаль иеленді. Ол жарысты өте сәтсіз бастады. Бірінші айналымда Мария Мамашуктен (Беларусь) жеңіліп қалады. Ал Мамашук финалға шықты. Күрес ережесі бойынша финалға шыққан балуанға алдыңғы кезеңдерде ұтылған спортшы қола медальге таласа алады. Ларионова Мамашуктен жеңілген швециялық Хенна Йоханссонмен кездесіп, оны 4:1 есебімен жеңді.

Екатерина Ларионованың қола жүлдеге таласта қарсыласын жеңген сәті. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 18 тамыз 2016 жыл.
Екатерина Ларионованың қола жүлдеге таласта қарсыласын жеңген сәті. Бразилия, Рио-де-Жанейро, 18 тамыз 2016 жыл.

Ал қолаға таласта АҚШ атынан Риоға келген Елена Пирожковамен кілемге шықты. Пирожкова бірінші кезеңде 3:0 есебімен жеңіп жатқан. Ал екінші кезеңнің аяқталуына 30 секунд қалғанда Ларионова оны қапсыра құшақтап, мойнынан асырды да жауырынын жерге тигізді. Ларионова қарсыласын он секундтай еш қимыл жасауға мүмкіндік бермей ұстап жатты. Кілемдегі төреші алақанымен кілемді бір ұрды да Қазақстан балуанына жеңімпаз деп жариялады. Ларионова бапкерін құшақтап, кілемге аунап жеңісін тойлауды бастап кетті.

- 15 жыл еңбек далаға кетпеді. Мен жеңіліп жаттым. Соңғы әдісім тәуекел болды. Егер тәуекелге бармағанда өмір бойы өкініп өтер едім. Алғашқы қарсыласымнан (Мамашук – авт.) үшінші рет жеңілдім. Техника, физика жағынан теңбіз, бірақ ол тәжірибе арқылы жеңді. Енді жарақатымды емдетіп, мұрныма операция жасатамын. Одан кейін Токиоға дайындықты бастаймыз, - деді Ларионова Азаттық тілшісіне.

Олимпиада қалашығында Манюрова мен Ларионова бір бөлмеде тұрып жатыр. Гюзель Манюрова «біздің бөлмеде ілініп тұрған тудың жанында енді қос медаль тұрады» деп жымиды.

Эльмира Сыздықова. Рио олимпиадасы, 17 тамыз 2016 жыл.
Эльмира Сыздықова. Рио олимпиадасы, 17 тамыз 2016 жыл.

- Өзімнен гөрі Екатерина Ларионова мен Эльмира Сыздықова (ол да қола жүлдегер – авт.) үшін шын жүректен қуаныштымын. Олар үшін бұл медаль - үлкен серпіліс. Олимпиада алдында Ларионова медаль алады десе ешкім сенбес еді, - деді Манюрова.

Күрестен Қазақстан әйелдер құрамасыолимпиадаға төрт балуан әкеліп, үш медаль иеленді. Жұлдыз Ишимова қола жүлдеге жете алмай, 5-орын алды. Әйелдер құрамасының бас бапкері Қайрат Сағадиев үш жүлдені «тарихи жетістік» деп бағалады.

- Манюрова - тәжірибелі балуан. Барын салды. Канадалық қарсыласы тактикалық тұрғыдан басым болды. Ларионова мен Сыздықова Токиода жүлде алады деп болжағаньыз. Олардың жастар құрамасынан ересектерге ауысқанына көп болған жоқ. Ал олар Риода қола алды. Демек Токиода алтынға таласады. Манюрова басқаларға үлгі болды. Оның Лондон мен әлем чемпионаттарында алған жүлделері Қазақстандағы күреске серпіліс берді. Олимпиада ол - эмоция мен психология жарысы. Рейтингтегі жоғары орның көп нәрсе шешпейді. Оған дәлел - Сыздықова мен Ларионова, - деді жаттықтырушы Азаттыққа.

Қазақстандық боксшы Василий Левиттің ресейлік Евгений Тищенконы ұрып құлатқан сәті. Рио олимпиадасы, 15 тамыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық боксшы Василий Левиттің ресейлік Евгений Тищенконы ұрып құлатқан сәті. Рио олимпиадасы, 15 тамыз 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазір Қазақстанда Рио олимпиадасының 15 медалі бар. Бұл ел бірде-бір олимпиадада 13 артық медаль алмаған. Бұған дейін ауыр атлет Нижат Рахимов, жүзгіш Дмитрий Баландин, боксшы Данияр Елеусінов олимпиада чемпионы атанды. Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Василий Левит (бокс) күміс медаль еншілеген. Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Карина Горичева, Фархад Харки, Александр Зайчиков (үшеуі де - ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Элмира Сыздықова (әйелдер күресі) қола медаль иеленген. Тамыздың 19-ы күнгі мәлімет бойынша Қазақстан жалпы есепте 20-орында тұр.

Олимпиада ойындары тамыздың 21-і күні аяқталады. Қазақстан спортшылары әлі бокс, ескек есу, қазіргі бессайыс, көркем гимнастика, еркін күрес және таэквондодан жүлдеге таласады.

XS
SM
MD
LG