Accessibility links

Орыс ұлтшылы және «Ызалы қазақ»


Орыс ұлтшылы Александр Белов-Поткин "Орыс маршында" тұр. Мәскеу, 4 қараша 2013 жыл.
Орыс ұлтшылы Александр Белов-Поткин "Орыс маршында" тұр. Мәскеу, 4 қараша 2013 жыл.

Ресейде ұлтшылдар қозғалысы жетекшілерінің бірі Александр Белов-Поткинді «Қазақстан билігін құлатуға тырысты» деген айыппен сотқа тартып жатыр.

Наурыздың 15-і күні Мәскеудің Мещан аудандық сотында Ресей ұлтшылдар қозғалысы жетекшілерінің бірі Александр Белов-Поткиннің ісіне қатысты сот тыңдауы қайта басталды. Қазақстандық банкир Мұхтар Әблязовтың қылмыстық жолмен тапқан ақшасына экстремистік топ құрды деген айыппен қамауда отырғанына бір жарым жылға жуықтаған Белов-Поткин айыпты мойындамайды әрі қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды. Сейсенбі күні өтетін сот отырысында айыптаушы тараптың куәгерлерінен жауап алынады деп жоспарланған.

Орыс ұлтшылы және «Ызалы қазақ»
please wait

No media source currently available

0:00 0:06:33 0:00
Жүктеп алу

Ресейде тыйым салынған «Заңсыз миграцияға қарсы қозғалыс» пен «Орыстар» қозғалысы үйлестірушісінің үстінен қылмыстық іс бір жарым жыл бұрын қозғалған. Александр Белов-Поткинді Қазақстанның БТА Банкі салымшыларының 5 миллиард долларын жымқырды деген айыппен 2014 жылдың 15 қазанында ұстаған. Кейін бұл айыптауға экстремизмге қатысты тағы бірнеше айып қосылған. Тергеу болжамынша, БТА Банктің бұрынғы басшысы, «қомақты қаржының иесі әрі Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын құлатуды көздеген» қазақстандық бизнесмен Мұхтар Әблязов «Қазақстандағы саяси жағдайды ушықтыру үшін» экстремистік топ құруды ұсынып, Александр Беловтің көмегіне жүгінген.

Бұдан бөлек, тергеушілер Александр Белов-Поткин орыстар мен қазақтар арасында ұлтаралық араздықты қоздыруды көздейтін екі жоба – интернетте ұлттық мәселелер бойынша референдум өткізуге шақырып, «Ызалы қазақ» жобасын ұйымдастырған. Тергеу болжамынша, Әблязовтің жоспарларын іске асыру үшін орыс ұлтшылы БТА Банктен жымқырған ақшаны пайдаланған.

Александр Белов-Поткиннің адвокаты Иван Миронов «клиентім жазықсыз, ал оның үстінен қозғалған қылмыстық істің саяси астары бар» деп мәлімдейді.

Оған Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын өзгертуді көздеген халықаралық экстремистік топ құрды деген айып тағып отыр.

– Оған Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымын өзгертуді көздеген халықаралық экстремистік топ құрды деген айып тағып отыр. Айыптаушы тараптың пікірінше, бұл әрекеттерді Жаңаөзен оқиғасының жылдығына арналған наразылық акциясын өткізу арқылы ұйымдастыру жоспарланған. Қаралы іс-шаралар кезінде Назарбаев режимін құлатуға ұласатын оқиғалар тізбегін іске қосатын әлдебір арандатушы әрекеттер ұйымдастырылуы тиіс болған-мыс. Мұны қисын тұрғысынан түсіну өте қиын, өйткені бұл – сандырақ айыптау. Экстремистік топ деп әдетте рөлдері бөлінген, қаржыландырылатын құрылымдық бөлімшені айтады. Мұнда мұның бірі жоқ. Мына іс бойынша тек екі адам – экстремистік топ жетекшілері Александр Белов пен қазір іздеу жарияланған саясаттанушы Петр Милосердов қана айыпталады. Тергеу болжамынша, екеуі «Ызалы қазақ» және «16 желтоқсанға арналған болжамды іс-шаралар жоспары» деп аталатын екі жоспар жазған. Әлгі экстремистік сипаттағы қылмыстың мәні осы жоспарларда көрсетілген. Істе тергеу болжамын растайтын бұдан өзге материалдар, куәгерлердің түсініктері жоқ. Тек «Қазақстандағы орыс қауымы өкілі – казак атаманының» жастарды Ресейде шыққан жаңа қару-жарақпен таныстырғысы келетінін айтып, Александр Белов келіп кетті деген жалаң сөзі ғана бар. Енді оны Қазақстанның конституциялық құрылысын құлату жоспары болғанын дәлелдейтін айғақ ретінде көрсеткілері келеді. Александр Белов Қазақстанға не үшін барған? Ол шындығында, саяси күрес бойынша тәжірибе алмасу үшін, Қазақстан оппозициясына азаматтық құқықтарын қанды қақтығысқа жол бермей, өркениетті жолмен қалай қорғауға болатынын үйрететін семинар өткізу үшін барған. Олар енді әлгі семинарлардан Белов қазақстандық оппозицияны полицияға қалай қарсы тұрып, көшедегі арандату шараларын қалай ұйымдастыруға үйреткен деп ілік іздеп отыр, – дейді адвокат Иван Миронов.

Александр Белов-Поткиннің адвокаты Иван Миронов.
Александр Белов-Поткиннің адвокаты Иван Миронов.

Иван Мироновтың айтуынша, Александр Белов-Поткин тергеу сатысында түсінік беруден әрі Мұхтар Әблязов екеуінің ара қатынасы жайлы сұрақтарға жауап беруден бас тартқан. Белов өз позициясын сот тергеуі кезінде мәлімдемек.

52 жастағы банкир әрі Қазақстанның бұрынғы энергетика министрі Мұхтар Әблязов БТА Банктегі қаржылық заң бұзушылықтарға қатысты айыппен 2013 жылы Францияда ұсталып, әлі сол жақта қамауда отыр. Қазір оны экстрадициялауды Ресей мен Украина сұрап жатыр.

Қазақстандық саясаттанушы, «Тәуекелдерді бағалау тобы» орталығының директоры Досым Сәтпаевтың айтуынша, Қазақстанда Мұхтар Әблязовты ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси қарсыласы санайды.

– ...Кезінде оны (Мұхтар Әблязовты) тұтқындаған. Кейін ол президенттен кешірім сұрап, түрмеден босап шыққан. Сосын біраз уақыттан кейін Қазақстанға оралып, қаржы саласындағы қызметпен қайта айналысып, БТА Банкті басқарған. Бірақ 2009 жылы Қазақстан билігімен жаңа жанжал шығып, Қазақстаннан кетіп қалғаннан кейін ол ел басшылығы мен бизнес-элитаның кей өкілдеріне қарсы белсенді ақпараттық соғыс жүргізе бастады. Мұхтар Әблязов Қазақстанда кейбір қоғамдық қозғалыстарды, мысалы тіркелмеген «Алға» партиясын қаржыландырған. Мұнайшылар мен полиция арасында үлкен қақтығыс болған 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғаларынан кейін ол партияны «қақтығысты ұйымдастырушы» деп айыптаған, – дейді Досым Сәтпаев.

Саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Ол «Әблязовтың немесе онымен байланысы болған деп болжанатын адамдардың үстінен қозғалған істердің саяси астары бар» деп біледі.

– Әлгі істердің қай тұсында саясат басталып, қай тұсында юриспруденция аяқталатынын білмейсің. Қазір Ресейде болып жатқан жайттар мен мына сот процесіне Қазақстан жұртының да назары қатты ауып отыр. Бұл іс бойынша елде Әблязовтың атынан әрекет еткен ресейлік адаммен байланыста болған деген күдікпен Қазақстанда қоғамдық қайраткерлердің кейбіріне қатысты тексеру жүргізілгенін білемін. Меніңше, сот аяқталмай әлдебір қорытынды жасауға ерте сияқты. Әйтеуір Қазақстанда біз айсбергтің төбесін ғана көреміз. Ал арғы жақта не болғанын немесе не болып жатқанын ешкім айта алмайды, – дейді қазақстандық саясаттанушы Досым Сәтпаев.

«Сова» ақпараттық-сараптамалық орталығы сарапшысы Наталья Юдинаның пайымдауынша, Александр Белов-Поткинді бір жылдан аса қамауда ұстау Ресей құқық қорғау органдарының оның ісіне қаншалықты мән беретінін байқатады.

– Александр Белов – ұлтшылдар қозғалысында танымал тұлға. Меніңше, Александр Беловтың іс-әрекеті баяғыда назарға ілігуі тиіс еді. Оған небәрі екі жыл бұрын ғана назар аударғаны біржақтылықты байқатады. Бірақ Беловтың Әблязовпен ынтымақтасқаны өтірік емес сияқты. Әблязов – қазақстандық оппозиция тұлғаларының бірі ғана емес, Францияның құқық қорғау органдары да айыптайтын адам. Сондықтан Белов баспасөз жазған арандату науқанын ұйымдастыруы мүмкін деген сөздің де жаны бар. Мұндай сипаттағы арандатушылық, ақпараттық шабуыл – Белов талай жыл басқарған әрі экстремистік деп танылған ДПНИ («Заңсыз иммиграцияға қарсы қозғалыс» – ред.) мен «Орыстар» қозғалысының жаршысы болған сайттың фирмалық стилі. Бір жағынан ол әзірше сотталған жоқ, бірақ талай айдан бері қамауда отыр. Бұл істі қарауда процессуалдық заң бұзушылықтар болды ма, жоқ па – оны айта алмаймын, бірақ оны қамауда әдеттегіден гөрі ұзақ ұстады, – дейді Наталья Юдина.

Александр Белов-Поткин тағылған айыпты мойындамайды. «Рапси» агенттігі оның 4 наурыз күні Мещан аудандық соты алғашқы отырысында мәлімдеген сөзін жариялады. «Ешқандай нақты ілік жоқ, сондықтан кейде маған тергеушінің тілін түсіну үшін тәржімеші қажет сияқты көрінеді. Экстремистік топты ұйымдастырушы кім екені де түсініксіз – Әблязов па, әлде мен бе? Мен Ресейдің де, Қазақстанның да конституциясын оқып шықтым, сондықтан «конституциялық құрылымды» өзгерту ниеті экстремизм емес» дейді ол.

Александр Белов-Поткинның адвокаттары мен серіктерінің болжамынша, ол тағылған айыптар бойынша жеті жылға дейін сотталуы мүмкін.

Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы ықшамдалып аударылды.

XS
SM
MD
LG