Accessibility links

Кремльдің жаңа ұлт саясаты орыс еместерді тіксінтті


Ресей президенті Владимир Путиннің Қазанға барған алғашқы ресми сапарларының бірінен көрініс. Қазан, 24 маусым 2000 жыл
Ресей президенті Владимир Путиннің Қазанға барған алғашқы ресми сапарларының бірінен көрініс. Қазан, 24 маусым 2000 жыл
Бірнеше аптадан кейін Ресей президенті Владимир Путин жаңа ұлттық саясат стратегиясы жобасына қол қоюы тиіс.

Шағын ұлттық республика өкілдері "орыстардың ассимиляциясына ұшырап, ана тілімізден айрылып қаламыз" ба деп алаңдап отыр.

"ЖАҢА ҰЛТТЫҚ САЯСАТ СТРАТЕГИЯСЫ"

Бірнеше айдан бері Ресейде ұлтаралық жағдай ушығып тұр. Және оның әрі қарай шиеленісе түсетін түрі бар.

Мамыр айында Владимир Путин қайта президент боп сайланғаннан кейін ұлттық саясатқа қатысты жаңа стратегия жасауды тапсырған еді.

Өткен демалыс күндері таныстырылған құжат Ресейдегі шамамен 200 этникалық топты саяси, экономикалық, мәдени тұрғыда басқару принциптерін анықтайды.
Башқұрт жастары құрған "Көк бөрі" ұйымы тіл мәселесіне қатысты наразылық білдіріп тұр. Уфа, 1 желтоқсан 2012 жыл
Башқұрт жастары құрған "Көк бөрі" ұйымы тіл мәселесіне қатысты наразылық білдіріп тұр. Уфа, 1 желтоқсан 2012 жыл

Содан бері бұл процесті адыгэлерден бастап якуттарға дейін барлық шағын этникалық топтар жіті бақылап отыр.

Жоба комиссиясының жетекшісі Вячеслав Михаиловтың айтуынша, «жаңа мемлекеттік ұлттық саясат стратегиясының негізгі мақсаты – жалпыұлттық бірлік пен ұлттық келісімді нығайтуға» арналған.

"РЕСЕЙДІҢ ЖЕРТӨЛЕСІНДЕ ЖАТҚАН БОМБА ТӘРІЗДІ"

Бірақ кейбір сарапшылар құжаттағы кейбір идеялар, атап айтқанда шағын ұлттық республикаларды өзге аудандарға қосу - орыс этникалық тобының үстемдігіне соқтырып, орыс емес ұлттарды дағдарысқа ұшыратады деп есептейді.

- Мұндай стратегияны ұсыну үшін сіз ақымақ боп тууыңыз керек. Бұл құдды Ресейдің жертөлесінде жатқан бомба сияқты, - дейді уфалық тарихшы, әрі сарапшы Марат Кұлшарипов жаңа құжат жайлы.

Бұл құжат Ресейдегі өзге ұлттық республика сарапшыларын да алаңдатып отыр. Олардың ойынша, бұл аз ұлттардың ана тілі статусының жойылуына ықпал етуі мүмкін.
Тіл туралы ұран көтеріп тұрған татар белсендісі. Қазан, 1 желтоқсан 2012 жыл
Тіл туралы ұран көтеріп тұрған татар белсендісі. Қазан, 1 желтоқсан 2012 жыл

- Бұл мемлекет (Ресей) жойылмауы мүмкін, бірақ оған өте көп күш салу керек болады. Ресей бір ғана этникалық топтан тұрмайды. Бұл - көпұлтты мемлекет. Бұл таза христиандық мемлекет те емес. Олар федерацияның әрбір тұрғынының құқықтары тең болуы керектігін түсінулері керек. Тек осындай ғана саясат ұстанған кезде ғана ел аман қалады, - дейді қазандық саяси сарапшы Индус Таһиров.

Татарстанда бұған қатысты наразылық өршігеннен кейін ұлттық республикаларды өзге аумақтарға қосуға ашық шақырғандар жобадан алшақтатылды.

Бірақ сыншылардың айтуынша, бұл әререт ушыққан жағдайды түбегейлі өзгерте алмаған.

"СТРАТЕГИЯНЫҢ АЗ ҰЛТТАРҒА ҚАТЫСТЫ БӨЛІГІ ТҮСІНІКСІЗ"

Татар тарихшысы Рафаэль Мухитдинов тілдерге қатысты бөлікті мұқият қарап отырып-ақ ар жағындағы шынайы мақсатты аңғару қиын емес дейді.

- Стратегияның түсіндірмесі өте әлсіз. Түсінікті тілмен жазылмаған. Өте асығыс-үсігіс дайындала салған сияқты. Бірақ бір қызығы мәселе орыстарға келгенде бәрі түсінікті бола қалады. Стратегияда "орыс ұлты" деп және Ресейде орыс тілін білу міндетті деп жазылған. Ал әңгіменің ауаны орыс еместерге көшкенде мәтін бірден күрделі болып кетеді. Сөздердің мағынасын ұқпай қаласыз. Бұл әдейі жасалған сияқты деп ойлаймын, - дейді ол.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездесіп тұр. Қазан, 28 тамыз 2012 жыл
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) Татарстан президенті Рустам Миннихановпен кездесіп тұр. Қазан, 28 тамыз 2012 жыл

Ұлттық саясат стратегиясын дайындау кезінде Ресейде көпшілік онсыз да ушығып тұрған жағдайды шиеленестіру талпынысы деп түсінген оқиғалар жиілеп кетті.

Мысалы, Думада алғашқы оқылымда бекіген тіл туралы даулы заң жобасына сәйкес ұлттық республикадағы әрбір ата-ана балаларына ана тілін оқытпау құқығын иелене алады.

Мұндай ереже татар мен башқұрт сияқты шағын ұлттардың тілдерінің дамуына кедергі болуы мүмкін. Өйткені Ресейде орыс тілінен басқа тілде жоғары білім алуға мүмкіндік жоқ. Университеттердегі емтихан тек орыс тілінде ғана өтеді.

ҰСЫНЫСТАР

Ресейдің ұлттық саясаты әр жерде, әр деңгейде талқыланып келеді.

Шешенстанның заң шығарушы органдары Солтүстік Кавказдағы алты ұлтты ұлт атауы көрсетілмеген ортақ «Тау республикасы» аясында бірігуді ұсынған.

Дағыстандағы академиктердің бірі Абдулнасыр Дибиров Башқұртсанды - Уфа республикасы, Татарстанды - Қазан республикасы деп атау туралы ой айтқан.

Азаттық радиосының Татар қызметіне берген сұхбатында Дибиров "ұлттық республикалардың атауын өзгерту Ресейдің федералдық құрылымын жетілдірудегі алғашқы қадам болу керектігін" жеткізген.

«Егер ұлттық республикаларда Ресей құрамынан шығып, жеке тәуелсіз мемлекет болу жоспары болса ғана республика атауындағы этникалық элементті қалдыруға болады. Әйтпесе оның мәні жоқ. Егер біз Ресейдің федералдық құрылымын жетілдіргіміз келсе, қандай да бір қадамдар жасауға тиіспіз. Және бұл қадам оларды жою емес, тек республикалардың атауын өзгерту болуы тиіс» дейді ол.
Владимир Путин қайта сайланған соң бұрынғы бәсекелестерімен әңгімелесіп отыр. Михаил Прохоров - сол жақтан бірінші болып отыр. Мәскеу, 5 наурыз 2012 жыл
Владимир Путин қайта сайланған соң бұрынғы бәсекелестерімен әңгімелесіп отыр. Михаил Прохоров - сол жақтан бірінші болып отыр. Мәскеу, 5 наурыз 2012 жыл

Қазан айында олигарх, соңғы президенттік сайлауда кандидат болған Михаил Прохоров конституцияны өзгертіп, Ресейді ұлттық округтерге бөлмеу қажеттігін айтқан еді.

Татар ұлтының әлемдік конгресінің жетекшісі Ринат Закиров бұл Ресейдегі тұрақтылықты ыдырататын идея деп атайды.

- Бұл адам (Прохоров) мемлекетті ыдыратуға асығып отыр. Ұлттық республикалардың Ресейдегі тұрақтылықты сақтаудағы рөлі өте зор. Бұл адам тұрақтылыққа жаны қас адам тәрізді, - дейді Закиров.

Осы айдың басында «Петербургская политика» қоры зерттеу қорытындысын жариялап, Татарстанды Ресейдегі ең тұрақсыз аумақтар қатарына жатқызған. Қор өкілдерінің айтуынша, "Қазанды азат ету күнін" атап өту әлеуметтік-экономикалық тұрақтылыққа қауіп төндіреді.

Тілдер туралы заң жобасы осы сенбі күні Думада қаралады. Дәл осы күні Қазан және Уфа қалаларында оған байланысты қарсылық акциялары өтеді.

Егер Дума заң жобасын қабылдап жіберсе, Татарстанның аймақтық парламент мүшелері ұлттық республика өкілдеріне жиналып қарсы төтеп беру жағын ойластыруды ұсынды.

Желтоқсанның 6-сы күні Татарлардың әлемдік конгресі Қазанда бас қосады. 1992 жылы құрылған конгресс татар халқының әлеуметтік-мәдени және рухани өзегі болып саналады.

Биыл олардың саяси белсенділігі күшейіп, Ресейдің ұлттық саясатын талқылауға бірнеше мәрте шақырды.

Башқұрт тарихшысы Марат Құлшарипов ұлттық республикалар Ресейдің жаңа ұлттық саясатынан бас тартуы керек деп есептейді.

- Бұл құжат біздің мүдделерімізге қайшы келетіндіктен қабылданбауы тиіс. Онсыз да бұған дейін барлық ұлттарды совет халқына айналдыруға тырысып көрді. Біз соған қайтып келе жатырмыз. Бір ғана "орыс халқы" ұғымының болуы біздің ассимиляцияға ұшырайтынымызды көрсетеді, - дейді тарихшы.

(Мақала Азаттық радиосының Татар қызметінің материалы негізінде дайындалған, қазақшалаған - Мақпал Мұқанқызы)
XS
SM
MD
LG