Accessibility links

Мәскеуге Алматы казактары атамандарын шақырмады


Алдыңғы қатардың сол жақ шетінде отырған - өзін «Жетісу казактары одағының» атаманы санайтын Владимир Шихотов. Алматы, 3 қараша 2015 жыл.
Алдыңғы қатардың сол жақ шетінде отырған - өзін «Жетісу казактары одағының» атаманы санайтын Владимир Шихотов. Алматы, 3 қараша 2015 жыл.

Бүгін Мәскеуде басталатын Ресейдің шетелдегі «отандастарының» дүниежүзілік 5-конгресіне Қазақстандағы ықпалды бірнеше казак атаманын шақырмаған болып шықты.

Ресейдің шетелде тұратын «отандастарының» дүниежүзілік 5-конгресі қарашаның 5-і күні Мәскеуде - халық бірлігі күні мерекесінің ертеңінде басталады.

Конгреске қатысатын қазақстандық делегаттардың есімдерін білуге тырысқан Азаттық тілшісінің әрекеті сәтсіз аяқталды. Алматыдағы кейбір орыс белсенділері «қатарымызда ырың-жырың көп әрі Мәскеуге баратын делегаттар тізімін алалап құрды» деп қынжылады.

ШАҚЫРЫЛМАҒАНДАР

Қазақстандағы орыс қауымы жетекшісі Юрий Бунаков. Алматы, 13 қазан 2011 жыл.
Қазақстандағы орыс қауымы жетекшісі Юрий Бунаков. Алматы, 13 қазан 2011 жыл.

Қазақстандағы орыс қауымы жетекшісі Юрий Бунаковтың Ресейдің шетелде тұратын «отандастары» конгресіне шақырылмағандардың арасында болуы белсенділердің көбі үшін күтпеген жаңалық болды. Ал Бунаковтың өзі мұны күтпеген жаңалық санамайтынын айтады. Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен кезде ол мұның себебін «Ресейдің Қазақстандағы елшілігімен аразбын» деп түсіндірді. Оның айтуынша, ол басқаратын қауымның ондаған мың мүшесі бар.

ҰҚК-ге (ұлттық қауіпсіздік комитеті) қарасты шекара қызметінің отставкадағы полковнигі, ал қазір казактардың атаманы әрі өзін Қазақстан казактары жоғарғы атаманының бірінші орынбасары деп атайтын Сергей Машканцев те конгресс делегаттары тізіміне ілікпеген.

Ресейдің халық бірлігі күні мерекесіне арналған шаралар кезінде Машканцев Азаттыққа «конгреске ол ғана емес, тіпті Қазақстан казактарының жоғарғы атаманы Юрий Захаров та шақырылмағанын» хабарлады. Машкенцев бұған конгресс делегаттарына арналған квотаны бөлумен айналысты деген болжаммен кеңсесі Алматыда орналасқан «Шетелде тұратын ресейлік отандастардың дүниежүзілік үйлестіру кеңесін» кінәлайды. Сондықтан оның айтуынша, Қазақстан казактарының басшылығы конгреске шақырылмаған.

Машканцев шетелде тұратын ресейлік отандастар конгресінен Қазақстан казактарының әлдебір атамандарының «лампастарын» көретін шығармыз дейді. Оның айтуынша, конгреске Қазақстанның оңтүстігінен үкіметтік емес ұйымдарға жетекшілік қана ететін екі «жалған»атаман кеткен.

Өзін «Жетісу казактары одағының» атаманы санайтын Сергей Машканцев.
Өзін «Жетісу казактары одағының» атаманы санайтын Сергей Машканцев.

Соңғы жылдары Қазақстан казактары қауымында «шын» және «жалған» атаман деген терминдер қолданылып жүр. Машкенцевпен әңгімеміз қызған тұста біздің жанымыздан өзін «Жетісу казактары одағының» «шын» атаманы санайтын «жалған» казак атаманы Владимир Шихотов өтті. Ертеректе Владимир Шихотовтың атаман мәртебесіне қатысты дау туып, сот процесінде Сергей Машканцев екеуі қарсылас болған. Әлгі сотта Владимир Шихотов жеңген.

Өзін «Жетісу казак әскерлері» атаманы деп санайтын Владимир Овсянников те Мәскеуге бармайтын болып шықты. Бұдан ертеректе казактар қолдап дауыс берген Овсянников конгресс делегаттары тізіміне ілінбей қалған. Ол мұны Азаттық тілшісіне ренішпен хабарлады:

- Қазанның 25-і күні Никольский ғибадатханасында кездескен кезде Қазақстандағы ресейлік отандастар кеңесі төрағасы Всеволод Лукашёв маған «әлгі дауыс беру дегеніміз сандырақ болып шықты, енді сенің орныңа өзге біреу баратын болды» деген. Мен бұлай қорлайды деп күтпеген едім. Бұлай алдайтындай бала-шаға емеспіз ғой. Оның әлгі сөзінен кейін төрт күн бойы есеңгіреп жүрдім, - дейді Владимир Овсянников.

Владимир Овсянников өзін конгресс делегаттары құрамына қоспау себептерінің бірін өзінің Лукашёвке белгілі «сиымсыз мінезінен» көреді. «Лукашёв менен конгресте Қазақстандағы ресейлік отандастар кеңесі жұмысын сынайды деп қорыққан шығар» деп болжайды Овсянников.

Өзін «Жетісу казактары одағының» атаманы санайтын Алматы тұрғыны Владимир Шихотов.
Өзін «Жетісу казактары одағының» атаманы санайтын Алматы тұрғыны Владимир Шихотов.

Ресейдің халық бірлігі күні мерекесіне арналған шаралар кезінде Азаттықпен сөйлескен Қазақстандағы Ресей консулдығының өкілі Ирина Переверзева «Конгресс делегаттары тізіміне байырғы казак атамандары не себепті ілінбей қалған?» деген сұраққа жауап бермеді. Ол әлгі тізімді құрумен шетелде тұратын ресейлік отандастар кеңесі айналысқанын, сондықтан конгреске баратын қазақстандық делегаттардың есімі түгілі санын да білмейтінін айтады.

Телефон арқылы хабарласудың сәті түскен Қазақстандағы ресейлік отандастар кеңесі төрағасы Всеволод Лукашёв қазір Ресейде жүргенін, шаруалары тығыз болғандықтан, тіпті ең қысқа сұрақтарға да жауап бере алмайтынын мәлімдеді. Ол телефон арқылы екі тәуліктен кейін ғана сөйлесе алатынын айтты.

ЛАВРОВ «ОРЫС ӘЛЕМІ» ТУРАЛЫ

Ал оның Алматыда - үйде қалған әйелі Галина Лукашёваның уақыты бар болып шықты. Ол Азаттыққа конгреске күйеуінен бөлек, «Шетелде тұратын ресейлік отандастардың дүниежүзілік үйлестіру кеңесі» төрағасы Алексей Лобанов (Алматыдан) пен орыс мәдени орталығының Алматы облыстық филиалы төрайымы Наталья Белик (Талдықорғаннан) кеткенін хабарлады.Галина Лукашёва конгрестің өзге делегаттарының кім екенін білмейтін болып шықты.

Шетелде тұратын ресейлік отандастардың бесінші дүниежүзілік конгресі Ресей сыртқы істер министрлігінің қолдауымен өтеді. Конгреске ведомство басшысы Сергей Лавров төрағалық етеді деп жоспарланған. Ол ақпарат құралдарына бірнеше сұхбат беріп үлгерді – оның бірі қарашаның 2-сі күні «Российская газета» басылымында жарияланған.

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.
Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

Әлгі сұхбатында Сергей Лавров «Шетелде тұратын орыс әлеміне барынша көмек көрсету - Ресей сыртқы саясатының даусыз басым бағыты, ол Ресейдің сыртқы саясаты концепциясында белгіленген. Президент Владимир Путин талай айтқандай, біз халықаралық құқық талаптарына сай келетін барлық құралдарды пайдалану арқылы отандастарымыздың құқығын әлі де бар жігерімізбен қорғай береміз» деп мәлімдеген.

Оқи отырыңыз: Ресейдің «отандастарын» қолдау саясаты

Сергей Лавров «орыс әлемін» біріктіру механизмдері қатарында отандастар құқығын қолдау және қорғау қоры, шетелдегі орыс тілді баспасөзбен ынтымақтастық қоры сияқты түрлі қорлар мен жыл сайын өтетін тақырыптық форум, конференция, слеттерді, оқу-ағарту сапарларын атаған.

Түрлі дерек бойынша, шетелде Ресеймен байланысы бар 18-25 миллион адам тұрады.

Шетелде тұратын ресейлік отандастардың дүниежүзілік 5-конгресі өтетін тұста Қазақстанда жұрт ресейшіл санайтын әлеуметтік желі белсенділеріне қатысты екі сот процесі басталған. Әлеуметтік желіде Шығыс Қазақстанды Ресейге беру жайлы сауал қойғаны үшін Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласында блогер Игорь Сычев сотқа тартылды. Жамбыл облысы Қордай ауылында жұрт ресейшіл әрі путиншіл блогер деп санайтын Ермек Тайчибековтің соты басталды. Екеуін «ұлтаралық араздықты қоздырды» деп айыптайды.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG