Ресейлік студенттер Украинада тұратын замандастарынан кешірім сұрап, жаңа видео-үндеу жолдады.
Мәскеу мен Петербургтен бір топ қыз-жігіттердің Украина студенттері үндеуіне орай жолдаған әрі Ресейдің «патриот» жастарының айтқанымен үйлеспейтін видео-үндеуі де «интернет-әшкерелеуге» ұласты.
YouTube желісінде жуырда жарияланған роликте жастар өздерінің аты-жөнін атап, былай деді:
«Біз бүкіл Ресей студенттері атынан мәлімдеме жасай алмаймыз. Біз тек өз пікірлестеріміздің атынан сөйлейміз. Украина студенттері! Жолдаған үндеулерің үшін рахмет.
Біз жарияланбаған әрі көптеген отандастарымыз қатысып жатқан қылмыстық соғыс үшін ұяламыз. Біз Украинаның территориялық тұтастығын құрметтеу туралы берген уәдесінен аттап, Қырым түбегін аннексиялап алған еліміз үшін ұяламыз. Ресей түрмелерінде Украина азаматтарын заңсыз қамауда ұстап отырғаны үшін ұяламыз. Бізді кешіріңдер.
Студенттер қауымы, жастар! Бауырлас екі халықтың арасында тереңдеп бара жатқан шыңырауды жоюға дәнекер болайық. Біз сендермен біргеміз. Өйткені ақпараттық соғыста ақиқатты мойындамау – қылмыс. Біздің қоғамда өшпенділік пен агрессия күннен күнге өршіп барады. Теледидардан өтірікке толы ақпарат толассыз ағылып жатыр. Жұрттың көбі ойлануға, тексеруге, шүбә келтіруге құлықсыз.
Майдан шебінен күн сайын жаңа ақпарлар түсіп жатыр, мыңдаған адам босқынға айналды, миллиондаған отандастарымыз алдауға түсті және өшпенділік халықты біріктіретін жалғыз күшке айналып бара жатыр. Біз мұнымен келіспейміз!
Өшпенділікке өшпенділікпен жауап қайтармайық. Біз сіздердің таңдауларыңызды құрметтейміз, біз соғысты айыптаймыз, әрі балаларымыз бен немерелеріміз достық пен татулықта, ал Украина мен Ресей бейбіт өмір сүргенін қалаймыз. Бұл соғыс біреулерге тиімді болғанымен, Ресей мен Украина халқы бұл соғыстан ешқашан ұтпайды, сондықтан оны тоқтату үшін қолымыздан келгеннің бәрін істеуге тиіспіз».
Ресейлік студенттердің украиналық жастарға видео-үндеуі:
Видеоға түскен жастардың бірі әрі «Весна» («Көктем») қозғалысының 26 жастағы өкілі Антон Горбацевичтің айтуынша, Мәскеу және Петербург қалаларының бір топ қыз-жігіттері бұл видеоны «Ашық Ресей» қоры мен демократиялық «Весна» жастар қозғалысының қолдауымен түсірген. Антон Горбацевич – әділет министрлігіне қарасты Ресей құқық академиясы студенті, бірақ «роликке түскенім үшін қорықпаймын» дейді.
– Әрине, проблемалар шығуы мүмкін. Бірақ, екінші мамандыққа оқып жатқан мен үшін онша қорқынышты емес.
– Ал сенімен видеоға түскен өзге қыз-жігіттерде қорқыныш бар ма? Жастардың арасында «билік мұны елеусыз қалдырмайды» деген ой талқыланды ма?
– Видео-үндеуге қатысқан қыз-жігіттердің бәрі мұның қауіпті екенін түсінеді. Бірнеше жігіт «қазір кейбір посттарға сілтеме жасағаның үшін ғана ұстап әкетіп жатқан қауіпті заман» деген сақтықпен видеоға түсуден бас тартты. Кейбір қыз-жігіттер видео-үндеуге қатысудан тартынды. Бірақ біз оларды сөкпейміз, бұл – әр адамның жеке ісі. Біз ешкімді мәжбүрлей алмаймыз және мәжбүрлемейміз. Ал видеоға түскендер қандай қатерге бас тіккенін біледі. Әзірше тыныш, ешкім ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Әзірше бәрі оқып жүр.
– Сіздер видеода «бүкіл Ресей студенттері емес, пікірлестіріміздің атынан айтамыз» деп ескертесіздер. Ал, сіздер өздеріңізді жастардың қай бөлігіне жатқызасыздар? Сіздер сияқты ойлайтындар көп пе, әлде аз ба?
– Қатарымыз көп екеніне сенгіміз келеді. Бірақ қазіргі Ресейде жастар тым енжар, әсіресе қоғамдық-саяси көзқарасы жетілмей қалған. Белгілі бір себептермен кез келген тақырып бойынша пікірін айтудан жасқанады. Мүмкін жастардың көбі біз сияқты ойлайтын шығар, бірақ адамдар өз көзқарасын ашық айтуға қорқады.
– Бұл қызық екен. Қазір Ресейде халықтың көбі, яғни 84-86 пайызы Путиннің Украинаға қатысты саясатын қолдайды деп есептеледі. Ал сіз жастар арасында олардың аз екенін айтасыз. Шынымен солай ма, әлде бұл нақты жағдайды дұрыс бағаламау ма, жалған алданыш па?
– Мен саясатқа, әлдебір қоғамдық қозғалыстарға қатысы жоқ, ал ақпаратты интернет, теледидар арқылы алатын таныстарым мен достарым жөнінде ғана айта аламын. Тіпті олардың өздері қазір «бұл – дұрыс емес, бұл бүкіл саланы күйретеді» дегенді айта бастады. Жұрттың көбі, әсіресе жастар жағдайды біртіндеп түсіне бастаған сияқты. Меніңше, үлкен кісілерге қарағанда жастардың ақпарат алу мүмкіндігі мол. Ал үлкен кісілердің ақпарат алатын көздері, өкінішке қарай, шектеулі. Олар көбінесе федералдық арналар таратқан ақпаратты місе тұтады, бірақ олардың қандай сарындағы ақпаратты таратып жатқаны белгілі ғой.
– Бүкіл қоғамда болмаса да, өз ортаңызда Украинадағы жағдайға деген көзқарас соңғы кезде өзгере бастағанын байқадыңыз ба?
– Әрине, байқадым. «Қырым біздікі» деп ұрандатқан алғашқы айда жұрт, шынымен «Міне, керемет!» деп масаттанып, өзеуреді. Ал қазір жұрттың көбі аннексияның, Украинаның оңтүстік-шығысындағы соғыстың әсерін сезіне бастады. Тіпті алысқа бармай-ақ, рубльдің долларға шаққандағы бағамын алсақ жеткілікті. Жұрттың көбіне жаңа жылдық демалыстан бас тартуына тура келді. Осының өзі оларға жайсыз тиді. Бұл – ұзаққа созылатын, бірақ біртіндеп білінетін процесс.
– Видеоны жазу кезінде «көпшілікке қарсы шығып тұрмыз» деген ой болған жоқ па? Өз орталарыңызда бұл көзқарас бірауыздан құпталды ма?
– Меніңше, ақыл-есі дұрыс кез келген адам осылай ойлайды. Біз мына далбасалықты, мән-мағынадан жұрдай соғысты тоқтатуға шақырып, еліміздің әрекеті үшін кешірім сұрадық. Біз бар болғаны Украина жастарымен, өзіміз құралпы замандастарымызбен байланыс орнатқымыз келеді. Өйткені екі елдің арасында пайда болған шыңырау барған сайын тереңдеп барады. Біз осы шыңырауды жойғымыз келеді. Өкінішке қарай, қазір саяси себептерге байланысты екі елдің жастарына жақын араласуға, тікелей пікір алмасуға мүмкіндік жоқ. Бірақ виртуалды кеңістікте видео-үндеулер алмасу сияқты жолдармен пікірлесуге болады, - дейді Антон Горбацевич.
Украина жастарының ресейлік студенттерге үндеуі:
Горбацевич қатысқан видео-үндеуді кремльшіл блогерлер де байқаған. Роликке түскен жастардың жеке бастарын бірден тексеруге кіріскен Госиндекс сайты видеодағы қыз-жігіттер – «Украина азаматтарынан кешірім сұрағандар нағыз студенттер емес» деген қорытынды жасаған. Бірақ сайт «нағыз студенттер емес» деген уәждеріне түсініксіз дәйектер келтірген. Сайт видеодағы жастардың студент не студент емес екені туралы ақпарат берудің орнына, олардың оппозициялық қызметі жайлы немесе ағылшын тілін білетінін хабарлайды.
Жоғары экономика мектебінің оқытушысы Кирилл Мартынов видео-үндеу жолдағандардың бірі өз студенті екенін айтады:
Ертеректе Украина жастарына калинградтық студенттер де қарсы үндеу жолдаған. Оны мұқият зерттегендер олардың студент екеніне күмән келтірген.
Бәлкім, жастардың диалог орнатуға деген талпынысы біртіндеп жаңа деңгейге көтерілер.