Кейбір сарапшылар 1992 жылдан бастап Татарстанда орыс тілімен қатар мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болған татар тілі төңірегіндегі оқтын-оқтын дау-дамайлар «Ресейдегі татар проблемасының» шиеленісе түскенін байқатады деп санайды.
«ЛАТЫН ӘЛІПБИІ – БАЛАМА НҰСҚА»
1930 жылдары қолданыста болған латын әліпбиіне қайта көшу мәселесі Татарстанда алғаш рет 1990 жылдардың бас кезінде көтерілді. Осыған орай Татарстан парламенті 2001-2011 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылдап, оны президент Мінтемір Шәймиев бекіткен еді. Алайда татарлардың бұл ұмтылысына Ресей мемлекеттік думасы заң жүзінде тыйым салғаннан кейін, бағдарлама да аяқсыз қалды.
Маусымның 29-ында латын әліпбиі жөніндегі заң жобасын парламентке апарған Татарстан ғылым академиясының ғалым хатшысы Дания Заһидуллина Азаттық радиосы татар қызметінің тілшісіне айтқан әңгімесінде «латын әліпбиін ғылым саласында қолдана отырып, шетелдік ғалымдармен ой-пікір алмасу мақсатында ғана пайдалануды» көздеп отырғандарын жеткізді.
Яғни, латын әліпбиі жаппай қолданысқа енгізілмей, тек ғылым саласында ғана балама нұсқа ретінде пайдаланылмақ. Кейбір сарапшылардың айтуына қарағанда, Татарстанның бұл қадамы татар тілін сақтап қалудың кезекті амалдарының біріне ұқсайды.
Азаттық радиосы қазақ қызметі тілшісінің осы орайдағы сауалдарына жауап берген, бірақ аты-жөнін көрсетуді қаламаған Татарстан ғылым академиясының жас ғалымы Татарстанда орыс ұлтшылдығы қаулап келе жатқанына жаны ауыратынын, белгілі бір күштердің орыс картасын ойнату арқылы елді екіге жаруды көздеп отырғанын және ең жаманы осы әрекетке орыстардың оң қабақ танытып отырғанын айтады.
«БАСҚЫНШЫЛАРҒА ТАТАР ЖЕРІНДЕ ОРЫН ЖОҚ!»
Таяуда REGNUM ақпарат агенттігі Қазан қаласындағы «ТНВ» («Татарстан Новый Век») телеарнасының қызметкері маусымның 9-ы күні республика парламентінің алдына орыс тілін қорғауға арналған пикетке жиналғандармен жанжалдасып қалғанын хабарлады.
Бұл ақпаратқа қарағанда жиналғандардың алдына өз бетімен шығып сөйлеген «Татарстан хабарлары» бағдарламасының жүргізушісі Эльмира Исрафилова орыстарды «басқыншыларға» теңеп, ал «басқыншыларға
республикада орын жоқ» деген көрінеді. Ол аз болса «татар тілі үшін кез-келген адамды бауыздауға дайынмын» деген журналист қыздың сөзі Татарстанды «бағзыдан қалған ата жұртым» деп санайтын орыс қоғамының кейбір өкілдерінің наразылығын туғызған көрінеді.
Алайда REGNUM агенттігі осынау шетін жайтты тек орыстар ғана емес, татар қоғамының өз өкілдері де айыптап отырғанын айтады.
– Бүгінде орыс халқына ділі жағынан да, түрі жағынан да татардан жақын ешкім жоқ. Мәселен, мына менің түрім орыстан аумайды, орысша да мүлтіксіз сөйлеймін. Әйелім - орыс, әйелім орыс болғандықтан балам да жартылай орыс, қандай жақсы?! – дейді Эльмира Исрафилованың әріптесі Жаудат Абдуллин есімді журналист.
Татар ақпарат құралдары осы оқиғадан кейін Эльмира Исрафилованың дереу қызметінен босатылғаны, наразы топтың оны «ар-ождандарын аяққа таптап, ұлт араздығын қоздырғаны үшін» жауапқа тартуды көздеп отырғаны жөнінде хабар таратты.
«Татар, оян!» тәуелсіз газеті Эльмира Исрафилованың қызметінен кетірілуіне орай ашу-ызасын білдірген бір топ татар жастарының үндеуін жариялады. «Татарстанда тұрып татар тілі мен татар халқын ғайбаттауға болады және ол үшін ешкім жауапқа тартылмайды. Ал біздің тілімізді біреу қорғай қалса жаза да дайын тұрады. Сонда татар мен татар тілі Татарстанда екінші сорт па?» дейді үндеуге қол қойғандар.
Татарстанның «Азатлық-инфо» тәуелсіз ақпарат агенттігі Қазан қаласына маусымның 26-сы күні Ресей, Армения және Әзербайжан президенттері келер қарсаңда Татар жастар одағының журналист Эльмира Исрафилованы қорғауға арналған пикет өткізуге тырысқанын, бірақ ұйым жетекшілерінің тұтқынға алынғанын баяндады.
ТАТАР ТІЛІНІҢ ҚАЗАҚ АРАСЫНДАҒЫ ЫҚПАЛЫ
«Ресейдегі «татар проблемасы» деген ұғымды терминге айналдырып, 1894 жылы ғылыми санатқа енгізген Қазан діни академиясы студенттері: «Уақыт өткен сайын татардың ықпалы күшейіп барады. Дәл қазір біз Ресейдегі «татар проблемасына» тіреліп тұрмыз. Біздің газеттер поляк
проблемасын, неміс проблемасын, тіпті фин проблемасын да жазады, бірақ күн санап үдеп келе жатқан татар проблемасын көрмейді» деп жазған еді.
Қазан діни академиясының жанындағы миссионерлік курстың бағдарламасы бойынша оқитын студенттердің ғылыми еңбектерінде Сібірде, Еділде, Орталық Азияда, Қырым мен Кавказда татар мұсылмандар ықпалының өсіп бара жатқаны баяндалады.
Күлік шайқасынан кейін біртіндеп Ресей қол астына кіріп, ең ірі мұсылман ұлыстардың біріне айналған татар халқы, әсіресе 19-ғасырдың екінші жартысынан бастап өзге түркі мұсылман халықтарына, соның ішінде қазақ халқына діни-ағартушылық мәселесі бойынша орыс билігінен гөрі өтімдірек болған еді.
Татар ықпалын тоқтату үшін патша үкіметі 1874 жылдан бастап қазақ даласындағы барлық мектептер мен медреселерді халық ағарту министрлігінің қарауына алды. Ресей халық ағарту министрі граф Толстой 1876 жылы императорға жазған есебінде орыс билігі мен қазақтардың арасындағы жалғыз қатынас құралы татар тілі екенін айтады.
Осыдан кейін Ресей үкіметі іс қағаздарында татар тілінің орнына қазақ тілін, араб графикасының орнына орыс графикасын қолдану, татар аудармашыларды біртіндеп ығыстырып, қазақ аудармашыларды дайындау мәселесін алға қойды.
Алайда арада 30 жыл өтсе де, жағдай өзгере қоймағанын қазақ даласындағы орыс-православ миссионерлігі жетекшілерінің бірі Николай Остроумовтың: «Қазақ жеріндегі қаптаған мұсылман медреселер мен мектептерді қадағалау керек. Біз сөз сапырып жүргенде, татар ісін бітіріп те қояды» деген сөзінен байқауға болады.
19-ғасырдан бастап татар баспагерлерінің арқасында түрікмен, өзбек, құмық, қарақалпақ және тағы да басқа түркі мұсылман халықтарының тілдерінде тасқа басылған мұқабалы кітаптар көптеп тарады. Татар
кітаптанушы ғалымы Әбрар Каримуллин кітап баспасының өнімдері арасында татар кітаптарынан кейін саны мен тиражы жағынан екінші орынды қазақ кітаптары алғанын жазады.
«ОРЫС ТІЛІ МЕН ҒЫЛЫМЫ СОНШАЛЫҚТЫ ӘЛСІЗ БЕ?»
Татарларды жаппай шоқындыру әрекеті белсенді жүргізілсе де, Ресейдегі «татар проблемасы» шешіле қоймады. Орыс (кириллица) жазуы негізіндегі татар тіліндегі алғашқы әліппені 1862 жылы Николай Ильминский құрастырып шығарды. 1864 жылы Қазанда ашылған шоқынды татар мектебінің үлгісімен көптеген жаңа мектептер пайда болды.
«Орыс әліппесі шоқынды татарларды олардың мұсылман бауырларынан бірден бөліп тастады. Егер татар тіліндегі христиан кітабы араб әрпімен жазылса, олар қайтадан ислам дініне өтіп кетуі мүмкін еді» деп жазады Николай Ильминский.
Патша шенеуніктері мен миссионерлерінің татар тіліне тосқауыл қою әрекеттеріне орай Исмаил Гаспралы «Империядағы өзге тілдердің есебінен қорғайтындай орыс тілі мен ғылымы соншалықты әлсіз бе?» деген сауалды қоғам алдына шығарған еді.
«Русское мусульманство», «Русско-восточное соглашение» деп аталатын еңбектердің авторы, қырым татары Исмаил Гаспралы секілді жәдидшілдердің Ресей мұсылмандары мен орыс халқының арасындағы ымыралы қарым-қатынастың келешегі жөніндегі пікірлері екі тараптан бірдей сынға ұшырады.
Отаршылдық саясат барысында Ресейдегі «татар проблемасы» басы бүтін өзгеріске ұшырап, біртіндеп Татарстан автономиялы республикасының аумағында «татар тілін сақтап қалу проблемасына» айналды. Қазіргі уақытта, жалпыға бірдей түсінікті болу үшін татар мешіттеріндегі діни уағыздар да орыс тілінде айтылатын болды.