СЕГІЗ ЖЫЛ САЛЫП ЖЕТКЕН ЖҮЛДЕ
Үш қарғып секіруден 2012 жылғы Лондон олимпиадасының жеңімпазы, биыл Риодағы олимпиада ойындарында қола медаль иеленген қазақстандық атлет Ольга Рыпаковаға 2008 жылы Пекинде өткен олимпиаданың қола жүлдесі де берілуі тиіс. Бұл туралы шешімін өткен айдың соңында Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (IAAF) ресми түрде жариялаған. Қытайдағы олимпиада кезінде қазақстандық спортшы 4-орынмен шектелген еді. Бірақ сол жарыста қола жүлдегер атанған грекиялық Хрисопия Деветцидің допинг сынамасын биыл қайта тексерген кезде құрамынан тыйым салынған заттар анықталып, оның көрсеткішінің ресми нәтижесі жойылған.
Пекин олимпиадасының қола медалін допинг пайдаланғаны анықталған спортшыдан қайтарып алу және оны басқа адамға табыс ету – Халықаралық олимпиада комитетінің құзырындағы іс. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының мәлімдеуінше, бұл процесс бірнеше айға созылуы мүмкін.
Ольга Рыпакова - Қазақстан жеңіл атлеттері арасында халықаралық жарыстарда ең көп медаль алған спортшы. Қатарынан үш Азия ойындарының чемпионы, Азия мен әлем чемпионаттары және олимпиада ойындары жүлдегері атанған.
СПОРТШЫ ОТБАСЫНЫҢ ПЕРЗЕНТІ
Ерлі-зайыпты спортшылардың отбасында дүниеге келген Ольга Рыпакова (қыз кезіндегі фамилиясы Алексеева - ред.) спортты таңдауына ата-анасының ықпалы болғанын айтады.
Ольга Рыпакова
Ольга Рыпакованың жүлделері
2007 жылы Бангкокта (Таиланд) жазғы универсиадада ұзындыққа секіруден чемпион атанды.
2007 және 2009 жылдары ұзындыққа секіруден Азия чемпионы.
Үш қарғып секіруден 2010 жылы Гуанчжоуда (Қытай) өткен Азия ойындарында және Дохада жабық алаңда өткен әлем чемпионатында алтын медаль алды.
2011 жылы Тэгуде (Оңтүстік Корея) өткен әлем чемпионатында үш қарғып секіруде күміс жүлде алды.
2012 жылы Стамбулда (Түркия) өткен жабық алаңдағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
2014 жылы Инчхонда өткен (Оңтүстік Корея) Азия ойындарында үш қарғып секіруден чемпион болды.
2015 жылы Пекиндегі (Қытай) әлем чемпионатында қола медаль иеленді.
Әлемдік «Гаухар лига» жарысы кезеңдерінің чемпионы.
Жабық алаңдағы Азия ойындарының үш мәрте чемпионы.
- Әкем онсайыспен айналысқан. Сегіз жасымда ата-анам мені жеңіл атлетика секциясына берді. Тұңғыш бапкерім әкемнің алғашқы шәкірттерінің бірі Татьяна Назарова болды, - дейді атлет.
Ольга әуелгіде жетісайыс және ұзындыққа секірумен айналысқан. 2000 жылы Сантьягоде (Чили) өткен жастар арасындағы әлем чемпионаты - оның алғашқы халықаралық жарысы еді. 16 жастағы қазақстандық спортшы сол жолы ұзындыққа секіру секторында 23-орын алған.
- Чилиде бәсекелестерімнің көбі менен үш-төрт жас үлкен болды. Сол кезде ондай жарысқа қатысудың өзі мен үшін үлкен жетістік еді, - дейді Рыпакова.
2002 жылы 18 жасында жетісайыстан ересектер арасында Қазақстан чемпионы атанған Ольга сол жылы Кингстондағы (Ямайка) жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысып, жетісайыстан күміс медаль иеленеді. 2006 жылы Дохада (Катар) өткен Азия ойындарында жетісайыс бойынша чемпион атанған. Ал 2007 жылдан бастап Ольга Рыпакова ұзындыққа секіру және үш қарғып секіру жарыстарына біржола ауысты.
ОЛИМПИАДА ЖҮЛДЕЛЕРІ
2012 жылы Лондон олимпиадасында алтын медальді жеңіп алған соң ол спортта екі жыл үзіліс жасап, өмірге үшінші перзентін әкелді. 2014 жылы үлкен спортқа қайта оралған Ольга Рыпакова 32 жасында Рио олимпиадасында қола жүлдегер атанды.
- Риоға медаль үшін бардық. Алтын алуға үміт болған, бірақ бәсекелестерім өте мықты болды. Риода жанкүйерлердің қолдауын толық сезіндім. Жарыстан кейін бөлмеме келсем телефоныма 60 қоңырау түсіпті, - дейді спортшы.
Қазір оны әкесі Сергей Алексеев пен жұбайы Денис Рыпаков жаттықтырады. Күйеуі Денис Рыпаков Ольганың жеке функционері.
- Өскеменде жеңіл атлетика манежі болмаған кезде Таиланд, Түркия, Ресейде жаттығып жүрдік. Қазір Өскеменде Ольга Рыпакова атындағы манеж бар, сонда жаттығамыз. Ольганың жүлделерінің барлығы үйде сақтаулы. Әр маусым басында оларды қолға ұстап, жеңіске деген шабыт әкелетін сезімді есте ұстау маңызды. Бұл – отбасымыздың жетістігі. Лондонда алтын алғаннан кейін маған «Ольга Рыпакованың күйеуі» деген «атақ» берілді, - дейді Денис Рыпаков.
Ольга Рыпакова балаларының да спортшы болғанын қалайды. Тұңғышы Анастасия қазір волейболмен айналысып жүр.
- Анастасия әуелгіде жеңіл атлетикадан бастаған. Бірақ кейін көңілі волейболды қалап, соған ауысты. Ұлымыз да спортшы болса қарсы емеспін, - дейді ол.
Ольга Рыпакова үлкен спорттан әлі қол үзбейтінін айтады. Ол 2017 жылы Лондонда өтетін әлем чемпионатына, 2018 жылы Джакартада (Индонезия) болатын жазғы Азия ойындарына, ал 2020 жылы - Токио олимпиадасына қатысуды жоспарлап отыр.
(Мақаланы әзірлеуге Азаттық тілшісі Нұргүл Алина қатысты)