Accessibility links

Рысқұлов халқы жанармай вагондарынан қорқып отыр


Құлан кеден бекетінде тұрған, мұнай өнімдері құйылған цистерна-вагон. Жамбыл облысы, 16 шілде 2014 жыл. (Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар қызметінен алынған сурет).
Құлан кеден бекетінде тұрған, мұнай өнімдері құйылған цистерна-вагон. Жамбыл облысы, 16 шілде 2014 жыл. (Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар қызметінен алынған сурет).

Ресейлік «Роснефть» компаниясының мұнай өнімдері құйылған бірнеше жүз вагон-цистерна төрт айдан бері Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы теміржол бекеттерінде тұр.

Тұрар Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе бекетінің тұрғыны Болат – биыл сәуірде Қырғызстанға өтіп бара жатқанда тоқтатылған, ресейлік «Роснефть» мұнай компаниясы өнімдерін құйған жүздеген вагоннан қауіптеніп отырған жергілікті тұрғынның бірі.

– Естуімше, 500-ге жуық вагон көрінеді. Соның жартысы осы жерде тұр. Бұл ауылдық жер болғаннан кейін арасына мал да кіріп кетеді. Кейде ойнап жүрген бала-шағаны да аңғарып қаламыз. Егер балалардың бірі ойнап жүріп от қойып қалса, тұтас ауыл жоқ боп кетуі мүмкін ғой, – дейді ауыл тұрғыны.

«АЛАҢДАУҒА НЕГІЗ ЖОҚ»

Азаттық тілшісі тұрғындардың қаупінен соң Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментіне хабарласып, мұнай өнімдері құйылған вагон-цистерналардың қауіпсіздігі туралы сұрады.

Департаменттің баспасөз хатшысы Нұрболат Өмірзақовтың сөзінше, ресейлік компанияның мұнай өнімдерін тиеген вагон-цистерналар қазір облыстағы Ақыртөбе, Тұрар Рысқұлов және Шу темір жол бекеттерінде тұр.

Құлан кеден бекетінде тұрған, мұнай өнімдері құйылған цистерна-вагондар. 16 шілде 2014 жыл. (Сурет Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар қызметінен алынған).
Құлан кеден бекетінде тұрған, мұнай өнімдері құйылған цистерна-вагондар. 16 шілде 2014 жыл. (Сурет Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар қызметінен алынған).

– Қандай да бір төтенше жағдайларға жол бермес үшін қаржы полициясы, кедендік бақылау, прокуратура, ішкі істер, төтенше жағдай, теміржол мекемелері және жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, қауіпсіздікті сақтаудың кешенді шаралары қабылданды, – дейді Нұрболат Өмірзақов.

Ол «қазір өңірдегі ауа райы қауіпті емес, оқтын-оқтын жел соғып тұрғанын» айта келе:

– Мұнай өнімі қоспасының ауаға бу боп тарайтын концентрациясы өрт қауіпсіздігін анағұрлым сейілтетіндігін де еске ала кеткен жөн. Сондықтан төтенше жағдайлар жөніндегі департамент облыс жұртшылығына алаңдауға негіз жоқ екенін мәлімдейді, – деді.

Ресейлік «Роснефть» компаниясына тиесілі мұнай өнімдері құйылған вагондардың Жамбыл облысындағы Құлан кеден бекетінде тоқтатылғаны биыл сәуірдің 18-інде хабарланған еді. Қазақстан кеденшілер Қырғызстанға бара жатқан 428 вагон-цистернадағы өнімдердің құжаттары дұрыс толтырылмағанын мәлімдеген.

– Бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қаржы полициясына өткізілген. Қазір іс қаралып жатыр, – деді Жамбыл облыстық кедендік бақылау департаментінің өкілі Құдайберген Рысдәулетов Азаттық тілшісіне.

Ресейдің «Роснефть» мұнай компаниясы вагон-цистерналары. (Көрнекі сурет)
Ресейдің «Роснефть» мұнай компаниясы вагон-цистерналары. (Көрнекі сурет)

Қырғызстанға мұнай өнімдерін апара жатқанда кідіріп қалған вагондарды ресейлік «Роснефть» мұнай компаниясы да іздеген. Компания президенті Игорь Сечин шілденің 31-інде Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімовке Жамбылда «заңсыз ұсталып тұрған» вагон-цистерналар мәселесін шешуін сұраған.

Қырғызстандағы мұнай сатушылар қауымдастығы да шекарада қамалған вагондар жайын Қазақстан үкіметіне айтқан. Қауымдастық елдеріндегі бензин және дизель отындарының қымбаттауына «30 мың тоннаға жуық жанармайдың Қазақстан бекетінде ұсталып тұрғаны» да себеп болғанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG