Accessibility links

Билік өкілдері "бала зорлау" дерегін жоққа шығарды


Шарипа Батырбекова мен немересі. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 13 наурыз 2018 жыл
Шарипа Батырбекова мен немересі. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 13 наурыз 2018 жыл

Оңтүстік Қазақстан облысында "зорланған" 7 жасар баланы туыстары тәуелсіз мамандарға көрсеткілері келеді. Білім мекемелері басшылары зорлау болғанына дәлел жоғын айтады. Полиция қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.

"ТӨРТ АЙ БОЙЫ АРЫЗЫМДЫ АЛМАДЫ"

Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында 7 жасар ұлды 7-8 сыныптарда оқитын ересек оқушылардың "ұрып, зорлағаны" туралы дерек бойынша наурыздың 14-і күні Шымкентте өткен арнайы брифингте Сарыағаш аудандық білім бөлімінің бастығы Бауыржан Майрихов бұған дейін жүргізілген "сараптама қорытындысы зорлау оқиғасының болмағанын анықтаған" деп мәлімдеді.

Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында тұратын Шарипа Батырбекова 7 жасар жиенін өткен жылғы тамыз айынан бері жоғарғы сынып оқушылары бірнеше мәрте "ұрып, зорлағаны" туралы жергілікті полицияға дер кезінде шағымданғанымен, тек үшінші рет барғанда ғана арызын қабылдағанын айтады. Жасы алпыстан асқан зейнеткердің сөзінше, алғаш рет жиеніне өткен жылы тамыздың 28-і күні әлімжеттік жасалған.

Абай ауылы тұрғыны Шарипа Батырбекова. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 13 наурыз 2018 жыл
Абай ауылы тұрғыны Шарипа Батырбекова. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 13 наурыз 2018 жыл

- Сол күні аулада ойнап жүр еді. Бір уақытта жоқ болып кетті. Іздеп едік таппадық. Екі сағаттан соң үсті-басы шаң-шаң боп, өңі қашып келді. Не болғанын сұрап едім, көршінің екі баласы "ұрып, қараусыз қалған үйге алып барып зорлады" деп айтты. Дереу полицияға бардық, бірақ арызымызды қабылдамады, - дейді әйел.

Шарипа Батырбекованың айтуынша, оқиғадан соң "оған қатысы бар" ағайынды балалар оқитын мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары мен учаскелік полиция қызметкері үйіне келіп, "кешірім беруін, ол туралы шулатпауын" өтінген. Бірақ кейін әлгіндей жағдай тағы бірнеше рет қайталанды дейді тұрғын әйел.

Олар арызды бірнеше рет қабылдамай қойған. Зорлық туралы арызды қабылдамаудың өзі қылмыс болып саналады

- 8 қыркүйекте баламды тағы да зорлаған. Үсті-басы шаң болып, мұрны мен екі құлағынан қан ағып келді. Немерем әлгі балалар "мектеп әжетханасында аузын байлап, зорлағанын" айтты. Полицияға сараптама тағайындау үшін арыз жазуға барып едік, тағы қабылдамады, - дейді ол.

Шарипа Батырбекованың сенімді өкілі Құрманғазы Мүсірдің сөзінше, кез-келген адам полицияға арыз жазғанда құқық органы оны қабылдап, тіркеп алуға міндетті, кейін шағым иесіне қылмыстық құрамы бар-жоғын хабарлауы керек.

- Олар арызды бірнеше рет қабылдамай қойған. Зорлық туралы арызды қабылдамаудың өзі қылмыс болып саналады, - дейді Азаттыққа Құрманғазы Мүсір.

Абай ауылындағы Шарипа Батырбекова тұратын екі қабатты барак үй. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 13 наурыз 2018 жыл
Абай ауылындағы Шарипа Батырбекова тұратын екі қабатты барак үй. Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 13 наурыз 2018 жыл

Шарипа Батырбекова әлгі ересек балалардың үй-іші мен олар оқитын мектеп басшылығына шағыммен барғанын айтады.

- Балалардың ата-анасына да, мектеп әкімшілігіне де ескерттік. Тіл алмады, ондай жағдай қазанда, қарашада тағы қайталанды. Енді зорлайтындар бұрынғыдай екеу емес, көбейген. Балам мүлде әбіржіп кетті. Оқуды жақсы оқитын жиенімнің мұғалімі қазан айында "сабағы нашарлап кетті, есте сақтау қабілеті нашар" деп шағым айтты. Тағы арыздана бастадық, ешкім тыңдамады. Соңғы рет биыл 12 қаңтарда "ұрып, зорлады" деп келді, содан бері сабаққа жібермей үйде қарап отырмыз, - дейді баланың әжесі.

Ол жиенінің құлағы мен көзіне зақым келгенін, шошымалды болып қалғанын айтады.

- Тамыз айынан бастап баланың мінезі өзгерді. Асығыс сөйлейді, ашушаң, түн ортасында шошып оянып, "келе жатыр" деп есікке қарай қашатын болды. Дірілдеп қоя береді, - дейді баланың нағашы әпкесі Әзиза Батырбекова.

Жүсіп Баласағұн атындағы жалпы орта мектеп. Абай ауылы, Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 13 наурыз 2018 жыл
Жүсіп Баласағұн атындағы жалпы орта мектеп. Абай ауылы, Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы. 13 наурыз 2018 жыл

Шарипа Батырбекова Сарыағаш қаласынан 30 шақырымдай қашықта орналасқан Абай ауылындағы қос қабатты барақ үйдің бірінші қабатында сіңілісі, бір қызы және 7 жасар жиенімен бірге тұрады. Ол қазір Алматыда жұмыс істейтін екінші қызының ұлын кішкентайынан қарап, бағып отырғанын айтады.

- Қызым тұрмысқа шығып, екі айдан соң ажырасып кетті. Жиенім әкесін көрмеген, күйеу бала қызым босанғанда да келмеген. Қызым баланы маған аманаттап, Алматыға жұмыс істеуге кеткен соң өзім тәрбиеме алғам. Алты жасқа толғанда Жәнібеков атындағы мектеп-гимназияға оқуға бердім, сабақты жақсы оқыды, - дейді ол.

МЕКТЕП БАСШЫСЫНЫҢ УӘЖІ

Шарипа Батырбекованың Азаттыққа айтуынша, 7 жасар жиенін өзінен үлкен балалардың ұрып, зорлағаны туралы берген арызын биылғы қаңтардың 14-і күні Сарыағаш аудандық ішкі істер бөлімінің Абай ауылындағы бөлімшесі қабылдап, қылмыстық іс қозғаған, қаңтардың 19-ында Сарыағаш аудандық сот-медициналық сараптама орталығына жолдама берген.

Зейнеткер әйел "жиеніме әлімжеттік жасады" деп кінәлап отырған оқушылар білім алатын Баласағұн атындағы жалпы орта мектеп басшысымен Азаттық тілшісі наурыздың 13-і күні кездесті. Мектеп директоры Бейбіткүл Селтанова әлгі оқушыларды "сабақ үлгерімі орташа болса да тәртібі жақсы, бұзақы мінезі байқалмаған" деп сипаттады.

- "Зорлады" деген уақытта оқушылар сабақта болған. Екі мектептің арасында екі қабат қорған бар, - деді ол.

Жүсіп Баласағұн атындағы жалпы орта мектептің директоры Бейбіткүл Селтанова (сол жақтан бірінші) мен Шарипа және Азиза Батырбековалар. Абай ауылы, Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 13 наурыз 2018 жыл
Жүсіп Баласағұн атындағы жалпы орта мектептің директоры Бейбіткүл Селтанова (сол жақтан бірінші) мен Шарипа және Азиза Батырбековалар. Абай ауылы, Сарыағаш ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы, 13 наурыз 2018 жыл

Мектеп директоры ауыл тұрғыны Шарипа Батырбекованың ешбір сөзі дәлелденген жоқ дейді.

- "Тамызда болды" дегені болмаған. Оған дәлел жоқ. "Ұрып, зорлады" деп күдікке ілініп отырған ағайынды екі бала аз қамтылған отбасынан шыққан. Зорлау туралы арыздан кейін 11 наурызда әкелері қайтыс болып кетті. Мектептің атына да қара күйе жағылып жатыр. Егер дәлелденсе мәселе басқа. Бірақ сот-медициналық сараптама қорытындысы баланың зорланбағанын көрсетіп отыр ғой, - дейді Бейбіткүл Селтанова.

"ТЕРГЕУ ЖҮРІП ЖАТЫР"

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі Абай ауылындағы жеті жасар балаға қатысты дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Сарыағаш ауданындағы кәмелетке толмаған 7 жасар баланы мектеп оқушыларының ұрғаны және зорлағаны туралы дерекке байланысты Қылмыстық кодекстің 121-бабы 4-бөлігі ("Кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері") бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр" делінген хабарламада.

Облыстық ІІД бұл іс бойынша өзге ақпарат беруден бас тартқандықтан, Абай ауылының тұрғыны Шарипа Батырбекованың "жергілікті полиция бөлімшесі екі рет барғанымда арызымды қабылдамай қойды" деген шағымына қатысты түсініктеме алу мүмкін болмады.

Шарипа Батырбекованың сенімді өкілі Құрманғазы Мүсір Азаттыққа сот-медициналық сараптама қорытындысына сенімсіздік білдіретінін, сондықтан тәуелсіз сараптама жасатуға мүдделі екендерін жеткізді.

- Наурыздың 14-наурыз күні таңертең жәбірленушілердің үйіне ішкі істер бөлімінен полицейлер келіп, оларды алып кетпекші болды. Бармауға құқығымыз бар деп алып қалдық, - деді ол.

Кәмелетке толмаған баланың үй-іші қазір оны Алматыға апаруға дайындалып жатыр. Абай ауылындағы жайттан хабардар болған кей қоғамдық ұйымдар мен белсенділер кішкентай ұл мен әжесінің Алматыға барып-қайтуын және баланы мамандарға қарату шығынын көтеріп алатындарын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG