Accessibility links

ҰБТ жүйесі туралы дау көп


Емтихан тапсырып отырған оқушылар. (Көрнекі сурет)
Емтихан тапсырып отырған оқушылар. (Көрнекі сурет)

Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) жүйесі жайлы қарама-қайшы пікірлер жиі айтылады. Оны қолдаушылар «бұдан сәтті жүйе жоғын» айтса, қарсылар «тест оқушының біліміне дәлел емес» дейді.

Өзін Бауыржан деп таныстырған азаматтың ойынша, «тест жүйесі оқушыларды робот сияқты тәрбиелеп жатыр – бұл жүйе енгелі оқушылардың өз ойын жеткізуі, түсіндіруі атымен жоғалып барады».

– Гуманитарлық сабақтардың мән-маңызын [тестіде] берілген сұрақтар аша алмайды. Мысалы, «1950 жылмен салыстырғанда 1960 жылы коммунистер саны неше есе артты?» деген қитұрқы сұрақтар тәуелсіз заман баласына не үшін керек? Ал төрт сағатқа 25 сұрақ есеп оқушыға өте ауыр. Кодтау деген шпорлар интернетте кеңінен сатылады. Оның кем дегенде 21-інен көбінің дұрыс жауаптары сәйкес келеді. ҰБТ-да сабаққа жақсы дайындалған емес, шпорға дайындалған балалар жоғарғы балл алып жатыр, – дейді Бауыржан.

Бауыржанның пікірінше, «тест жүйесінен жақсы оқитын балалардың әбден көңілі қалды – тестті алып тастап, дәстүрлі емтихан жүйесі енгізілсе, құба-құп болар еді».

«ҰБТ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ МӘСЕЛЕЛЕР – ӨНБЕС ІС»

Алматы қаласындағы №81 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Гүлнұр Пірімбетова «тест жақындаған сайын үрей мен қорқыныш билеп, жынды болып кете жаздап жүрміз» дейді. Ол ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесінен соң мектепті ауылдан бітірген оқушыларға кейбір мамандықтар бойынша арнайы квота бөлгенге наразы екенін айтты.

– Менің ойымша, емтихан тапсырсақ, жақсы оқитындар әділ бағасын алар еді. Әрі оңтайлы болатын сияқты. Тарих пәнінде даталық сұрақтар тым көп. Тест әділетсіз түрде өтеді, біреулер сатып алады. Жақсы оқитындар түсе алмай қалады. Қаланың баласы мен ауыл баласы бірдей балл алып тұрса, ауылдан келген бала грантқа түсіп кетіп жатады, – дейді Гүлнұр Пірімбетова.

Ал Гүлнұрдың сыныптастары Досжан мен Нұртас «пайдасы аз болғанымен ҰБТ-ны қолдайтындарын» айтады.

– Себебі емтиханға қарағанда жеңіл, әрі әр түрлі тәсілдермен берілген жауап нұсқаларының дұрысын таңдауға негіз бар, – дейді олар Азаттық тілшісіне.

ҰБТ туралы сауалымызға №81 мектеп-гимназиясының директоры Роза Болатаева «үкімет қолдап отырған жүйеге қарсы ештеңе істей алмаймыз» деп жауап берді.

– Осы кезге дейін жоғарғы жаққа талай айттық, ештеңе шыққан жоқ. ҰБТ
Ұлттық тестілеу орталығы өкілі Қамет Нағашыбек. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
Ұлттық тестілеу орталығы өкілі Қамет Нағашыбек. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
төңірегіндегі мәселелер – өнбес іс. Артық айтсақ, бізге де жоғарғы жақтан ескерту болуы мүмкін, – деп сөзді келтесінен қайырды мектеп директоры.

«ҰБТ – СӘТТІ ТАҢДАЛҒАН ЖҮЙЕ»

Сәуірдің 12-сі күні Саяси шешімдер институтында ҰБТ төңірегіндегі дау-дамай талқыланды.

Ұлттық тестілеу орталығы ғылыми-методикалық лабораториясы Алматы қалалық филиалының меңгерушісі Қамет Нағашыбектің айтуынша, «баланың сөйлеу, таным-түйсігіне тест жүйесінің еш әсері жоқ, бұл – тікелей мектептердің кінәсі».

Ол ҰБТ-ға байланысты бірнеше ерекшелікті де (квота арқылы ауыл мектептері түлектерін қабылдайтынын, Қазақстандық оқу орындарына түскісі келетін шетелдік ұлты қазақ азаматтарды бір жыл дайындық курсында оқытып, келесі жылы басқа азаматтармен тең дәрежеде емтиханға қатыстыратынын - ред.) айтты.

– Егер біз ауылдан және шетелден келген қандастарымызды оқуға түсіруге мүмкіндік жасай алмайтын болсақ, мұндай тестілеудің қажеті не? Осы қалыптасқан жағдайда ҰБТ – жоғарғы оқу орындарына қабылданудағы ең сәтті таңдалған жүйе. Болашақта форматы, түрі өзгеруі мүмкін, – дейді Қамет Нағашыбек.

Республикалық «Ар-намыс» оқытушылар мен мұғалімдер ұйымының төрайымы
«Ар-намыс» ұйымының төрайымы Ғалия Әміртаева. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
«Ар-намыс» ұйымының төрайымы Ғалия Әміртаева. Алматы, 12 сәуір 2012 жыл.
Ғалия Әміртаева ҰБТ-ны оқушылардың өздері оқыған мектепте тапсырғандарын жөн көреді. Оның ойынша, «бұл стрестік күйден арылуға септігін тигізеді».

– Бірқатар жоғарғы оқу орындарына сауалнама жүргіздім. Еш адам бұл тестілеудің түрін жақсы деп айтпады. Менің бүгінгі тестілеу жүйесіне қарсылығым жоқ. Бірақ аудандық, аймақтық, облыстық рейтингті алып тастауымыз керек. Әкімдердің рейтингісінің көлеңкесінде кейбір жақсы оқитын балалар қалып жатыр, – дейді ол.

«ОДАН ЖАҚСЫСЫН ЕШКІМ ТАПҚАН ЖОҚ»

Математик Асқар Жұмәділдаевтың пікірінше, «тест тапсыру дұрыс емес, алайда одан жақсысын ойлап тапқан ешкім жоқ. Балалардың санасына кері әсерін тигізіп жатыр – деген бос сөз».

– Америкада оқуға түсу қиын емес, оқу бітірген – қиын. Мәселен, бірінші курсқа мың адам түссе, келесі курсқа жартысы өтеді. Бізде де осындай болса, жақсы
Математик-ғалым, академик Асқар Жұмаділдаев. (Жеке қордағы сурет).
Математик-ғалым, академик Асқар Жұмаділдаев. (Жеке қордағы сурет).
болар еді. Советтік кезеңде де емтихан парақорлықпен өтетін. Бұл тест жүйесінің бір жақсысы – парақорлық мөлшері аз болуында, – дейді ғалым.

2011 жылы ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына 126 мың 168 үміткер (мектеп бітірген оқушылардың 79 пайызы) қатысты.

Былтыры емтихан тапсырған түлектердің арасынан 30 бала ең жоғары ұпай – 125 балл, 32 мың 681 оқушы (сынақ тапсырушылардың 25,9 пайызы) 100 балдан артық жинады.
XS
SM
MD
LG