Accessibility links

Жаңа оқу жылы басталды, Қостанайдың кейбір мектептерінде жөндеу жұмыстары әлі жалғасуда


Жаңа оқу жылы басталуда, ал кейбір мектептерде жөндеу жалғасуда. Қостанай, 25 тамыз, 2009 жыл
Жаңа оқу жылы басталуда, ал кейбір мектептерде жөндеу жалғасуда. Қостанай, 25 тамыз, 2009 жыл

Әдетте жаңа оқу жылы да басталмастан бұрын, тамыз айының 20-на дейін барлық мектептердің дайындығы және жағдайы тексерістен өтеді. Қостанай облысындағы кейбір мектептерде жөндеу жұмыстары алғашқы қар түскенше жалғасуы мүмкін. Бірінде қаржы жетпесе, екіншісіне қаржы кеш түскен.

Конституция күні мерекеленіп жатқан тамыз айының соңғы күндерінде де көптеген мектептерде қызу жұмыс жүріп жатты, олардың біразында ақтау, сырлау, бояу секілді жұмыстар аяқталмай қалды.

Қостанай қаласындағы оқу орындарын қабылдау комиссиясының төрағасы Евгений Терентьевтің сөзіне сүйенсек, оқу басталғаннан кейін мектептерде жөндеу жұмыстарын жүргізуге болмайды, өйткені, білім сапасына, оқушылардың сабақ кестесіне нұқсан келеді.

Қостанай облысында биылғы оқу жылы қарсаңында төрт жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл құрылыстар үшін мемлекет тарапынан үш миллиард теңге қаржы жұмсалған. Дағдарысқа қарсы шара есебінде өмірге енген «Жол картасының» бағдарламасы бойынша облыс аумағында орналасқан 15 мектепке 1 миллиард 294 миллион теңге қаржы бөлінген.

Қамысты ауданының орталығында ашылған 300 орындық жаңа қазақ мектебіне 620 миллион теңге мемлекет қаржысы жұмсалса, мұның сыртында аудан мектептерін жөндеу барысында 530 миллион теңге игеріліп, жергілікті кәсіпкерлерден 200 миллион теңге тартылған. Облыс орталығындағы коррекциялық мектеп-интернатты күрделі жөндеуден өткізу үшін 695 миллион теңге қаражат берілсе, алты мектеп аудандық және қалалық бюджет есебінен күрделі жөндеуден өткен. Бұған дейін сынға жиі ұшырап келген, ана тілінде тәлім-тәрбие беретін оқу ордаларының жағдайына айрықша көңіл бөліне бастаған секілді. Биылғы жылы Қостанай ауданындағы Семенов елді мекенінде және Қашар қаласында жаңа қазақ мектептері салынып, пайдалануға берілді.


Алайда, жағдай барлық жерде бірдей емес. Мәселен, Сарыкөл ауданындағы Шоқан атындағы орталау мектепке биылғы жылы күрделі жөндеу жүргізілуге тиіс болатын. Ол жүзеге аспай қалған. Мектеп қажетіне деп «Иволга» компаниясы бөлген 50 мың теңге жетпегендіктен, мектеп дирекциясы ақтау және сырлау жұмыстарына оқытушылардан ақша жинауға мәжбүр болған. Облыс орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балалар мектебі биыл күрделі жөндеуден өтті. Жөндеу жұмыстарына 560 миллион теңге қаржы жұмсалды. Бірақ, жаңартылған мектептің құрал-жабдықтары мен жиһазын ауыстыруға ақша жетпеді, сондықтан да олар тозығы жеткен ескі мүлікті пайдаланып отыр.

Қостанай қаласындағы 22-ші мектеп, Наурызым ауданының орталығы Қарамеңді ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектеп, Денисов ауданы орталығындағы және Қамысты ауданындағы Мамыркөл орта мектептерінде де Жол картасы есебінен жөндеу жүргізілуге тиіс болатын. Соңғы көрсетілген екі мектептің әрқайсысына 85 миллион теңге мөлшерінде бөлінген қаржы әлі толық игерілген жоқ.

Денисов ауданы білім бөлімінің бастығы Светлана Ждамирова мектепке бөлінген қаржы кеш түскенін, сондықтан оны игеру оңай болмайтынын, яғни, оқу жылы басталып кеткеннен кейін де жөндеу жұмыстары жүретінін тілге тиек қылды. Ал Қамысты аудандық білім бөлімінің бастығы Жұмакүл Жүсіпованың сөзіне қарағанда, мектепте акт залы, спорт залы, асхана жоқ. Жоғарыда аталған себептер салдарынан мұндағы жөндеу жұмыстары да қар түскенше созылуы ықтимал.

Қостанай қаласындағы 22-ші мектептің директоры Ирина Сердобинцеваның айтуынша, отыз жыл бойы күрделі жөндеуден өтпеген білім ордасына қажетті қаржы «аспаннан түскендей» болған. Қазақстанның оңтүстік облыстарының бірінде игерілмей қалған қаражат аталған мектептің жобалық-сметалық құжаттары дайын тұрғандықтан, аяқастынан осы мектепке берілген, бірақ, мектеп қажетіне деген 35,5 миллион қаржыны пайдалану туралы шешімді облыстық мәслихат 17 тамызда ғана бекіткен.

Алайда, осы уақытқа дейін жергілікті бюджеттен ағымдық жөндеуге 600 мың теңгені жылағандай болып әзер сұрап алған директор сол қаражаттың келіп түскеніне дән риза.

«Қандай қиындық болса да, бір жағынан оқушыларды оқытып, екінші жағынан жөндеу жұмыстарын жалғастыра береміз» – дейді ол.
XS
SM
MD
LG