Accessibility links

Алматы мектептерінде терроризм туралы айтылады


Орта мектеп оқушылары салтанатты жиында тұр. Алматы, 1 қыркүйек 2012 жыл.
Орта мектеп оқушылары салтанатты жиында тұр. Алматы, 1 қыркүйек 2012 жыл.
Соңғы кездері Алматы мектептерінде терроризммен күрес жөнінде түсіндіру жиналыстары өте бастады. Науқан республика көлемінде жүріп жатыр.

Азаттық редакциясына баласы қалалық мектептердің бірінде оқитын, алматылық тұрғын Дина Құбашева хабарласты. Айтуынша, ол екі рет - сынып жиналысы мен мектептің жалпы жиналысына қатысыпты. Жиналыстарда терроризм тақырыбы қозғалған.

– Бұл сынып жетекшісі өткізіп жүрген әдеттегі жиналыстың бірі еді. Бірақ күтпеген жерден директор кіріп келіп, «Аздаған уақыттарыңызды алсам» деді. Біздің сыныпта мұсылман әйел бар. Директор сол кісіге бұрылып, «Ренжімеңіз, бірақ қазір мен сіздің көңіліңізге жақпайтын жайттарды айтамын. Не болып жатқанын өздеріңіз де көріп, оқып жатқан боларсыздар. «Атып кетіпті, жарып тастапты» дегенді теледидардан үнемі айтады. Адамдар дінге бет бұрып, террористке айналып жатыр. Сондықтан абай болыңыздар, балаларыңызды да сақтандырып қойыңыздар, кімнен, неден қауіптенуді біліп жүрсін» деді. Сөзін осылай бастады, – дейді Дина Құбашева.
Адамдар дінге бет бұрып, террористке айналып жатыр. Сондықтан абай болыңыздар, балаларыңыз кімнен, неден қауіптенуді біліп жүрсін.

Оның айтуынша, жиналысқа келген ата-аналар директордың бұл сөзінен соң біраз аңырып қалғанымен, мұқият тыңдаған. Мектеп басшысы сөзін хиджаб киіп, исламды қабылдаған қызды жоғары сыныпқа алмағанын айтып аяқтаған.

– Әлгі жиналыстан кейін тура екі апта өткенде мені тағы да жиналысқа, бұл жолы мектептің жалпы жиналысына шақырғанда қайран қалдым. Мәжіліс залында өткен жиналысқа әкімдіктен, білім және әділет департаменттерінен кісілер келіпті. Мектептің ауласы қызметтік көліктерге толы. Залға проектор қойыпты. Жиналысқа ата-аналар мен мұғалімдер шақырылды. Бірінші болып сөзді әділет департаментінің қызметкерлері алып, терроризм қатерінің өршіп келе жатқаны туралы айтып, одан балаларымызды қалай қорғауды үйретті. Сосын жиналғандардың жалпы құқық, заң мәселелері жөніндегі сұрақтарына жауап берді, – дейді ол.

«Әділет кеңес береді» деген республикалық акция аясында мұндай шаралар шынымен де көп мектептерде жүріп жатыр.

Ресми ақпарат көздері «Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы бойынша Қазақстанда 2009 жылдан бастап «Әділет кеңес береді» деген республикалық акция өтеді» деп хабарлайды. Халыққа тегін құқықтық көмек көрсету бұл науқанның мақсаты ретінде аталады.

Ресми хабарларда «Әділет департаментінің қызметкерлері білім департаменті, қалалық, аудандық әкімдіктердің қызметкерлерімен бірлесіп, үш жылда барлық мекеме, ұйымдарда, жоғары оқу орындары мен мектептерде көптеген кездесулер мен семинарлар өткізді» дейді.

«ТЕРАКТ КЕЗІНДЕ КЕРЕК ЕРЕЖЕЛЕР»

№138 қазақ гимназиясының тәрбие ісінің меңгерушісі Ақмарал Божанова әділет департаментінің қызметкерлері өткен қыркүйек айында гимназияда Алматы қаласы Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесу өткізгенін айтты.
№138 қазақ гимназиясы. Алматы, 8 қазан 2012 жыл.
№138 қазақ гимназиясы. Алматы, 8 қазан 2012 жыл.

– Біздің гимназияда әділет департаментінің қызметкерлері білім министрлігі және Бостандық ауданы әкімдігімен бірлесіп «Әділет кеңес береді» деген республикалық акциясы аясында семинар өткізді. Акцияға Бостандық ауданының тұрғындары, ата-аналар, мұғалімдер мен гимназия оқушылары қатысты. Семинар барысында аудан тұрғындары мен оқушылар өздерін мазалаған сұрақтарға тыңғылықты жауап алды. Мәселен, ата-аналар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жөнінде сұрақтар қойды, – дейді Ақмарал Божанова.

Тәрбие ісі меңгерушісінің айтуынша, гимназияда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің барлық шаралары қарастырылған. Әр қабатқа бейнекамералар орнатылған. Мектепте ішкі істер министрлігі бөлген инспектор жұмыс істейді. Бөгде жандарды мектепке кіргізбейді. Сабаққа келіп, қайтарда оқушының ата-анасынан қолхат алынады.

– Гимназияда 947 оқушы бар. Олардың әрқайсысы үшін бізге үлкен жауапкершілік жүктелген. Мына акция барысында мектептегі терроризм туралы мәселе көтерілді. Сондықтан ата-аналар да, оқушылар да терроризм қаупі төне қалған жағдайда өзін қалай ұстаудың ережелерімен танысты, – деді гимназияның тәрбие ісінің меңгерушісі.

Ақмарал Божанованың айтуынша, «Ата-аналардың да, оқушылардың да мазасыздануына негіз жоқ. Осы бағытта үлкен жұмыс істеліп жатқанда террористік қауіп-қатерден қорқудың қажеті жоқ».

– Мұндай акцияларды жиірек өткізген жөн. Дер кезінде өткізіліп отырған бұл шаралардың пайдасы көп. Бәріміз жұдырықтай жұмылып, күшімізді бағыттасақ, біздің қоғамға терроризмнен төнер қауіп жоқ, – дейді ол.

«ЖЫЛЫНА ЕКІ РЕТ КЕҢЕС БЕРЕДІ»

Алматы қаласы әділет департаменті бастығының орынбасары Зәуреш Сәтхожина:
Мектеп оқушылары лездемеде тұр. Қазақстан, 7 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Мектеп оқушылары лездемеде тұр. Қазақстан, 7 ақпан 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

– Жыл сайын өткізілетін «Әділет кеңес береді» республикалық акциясы Алматы тұрғындарының арасында халықты құқықтық ақпараттандыру мен сауаттылығын арттыру шарасы ретінде оң көзқарас туғызды, – деді Азаттық тілшісіне.

Зәуреш Сәтхожинаның айтуынша, бұл шараның мақсаты – халыққа тегін құқықтық кеңес беру. Шенеунік мұндай акциялардың барлық мекемелерде, жоғары оқу орындары мен мектептерде өткенін хабарлады. «Бұл акция әділет органдары қызметінің барлық бағыты бойынша білікті құқықтық көмек көрсетуге бағытталған. Мұндай акциялар жылына екі рет өткізілетін болады» деді ол.

Террористік әрекеттер Қазақстанда 2011 жылдың мамыр айында басталды. Рахымжан Мақатов есімді жігіт Ақтөбе облыстық ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ғимаратында өзін өзі жарып жіберді. Содан бері «терроризмге қарсы операциялардан» 70-тен астам адам қаза тапты.

Терроризмге қатысты оқиғалардың хроникасын мына картадан көресіздер:

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG