Постсоветтік автократиялық режимдердегі заң шығарушы органдардың, әсіресе парламенттің жоғары палатасының «сайлауларына» жергілікті қарапайым жұрт селт етпеуді үйреніп алған. Өйткені атқарушы билік пен заң шығарушы «билік» бұтақтарының ара-қатынасы совет заманынан бері қалыптасқан дәстүрден әлі айныған емес. Ол дәстүр бойынша әуелі шенеунік «патроны» мен билеуші партияның арқасында атқарушы билік саласында «өседі». Белгілі бір уақыт өткесін «патроны» жоғары қызметтен кетіп, я партия жетекшілігі ауысқан кезде жаңа «командамен» жараса алмаған әлгі шенеунік заң шығарушы «билік» органдарының біріне, көп жағдайда сенатқа «сайланады». Бұл «сайлаудың» бір-ақ интригасы бар, оны «Облыстық әкімдіктерде ұзақ қызмет істеген ықпалды орынбасарлардың қайсысы өзін сенатқа өткізе алатындай «салмақ» жинап, сайлаудың негізгі үйлестірушісі – президент әкімшілігінің жетекшілерімен тіл табыса алды екен?» деген сұрақ ретінде бейнелеуге болады.
Сенат сайлауы атты науқан сол облыстық және ірі қалалық әкімдіктер мен Астанадағы аз ғана топтың өзі үшін де символдық мәнге ие. Ардагер, я жаңа командаға жұғымсыздау шенеунікті Астанаға алты жылдық құрметті демалысқа шығарып салу науқанын жергілікті әкімдіктер орбитасынан шықпайтын спутнигі құсаған мәслихаттары арқылы ойдағыдай шешкесін жаңа командасын алаңсыз жасақтай бастайды. Ал әкімдік құрамына кіру түгілі, мәслихатты маңайлай алмайтын аз-кем жергілікті азаматтық белсенді сенат сайлауына мүлдем мән бермейтін болған. Жабық кабинеттерде жасалып жатқан принциптері жалпыға жария, бірақ пайдасы құпия сауданы сынаудан жалыққан.
Қазанның 2-сі күні жарияланған жаңадан сайланған 16 сенат депутатының тізімін шолып отырып, бесеуінің бұған дейін облыс әкімінің орынбасары болып жұмыс істемегенін байқап қатты таңырқадым. Бірақ ол бесеудің біреуі қала әкімі болып, кейін облыс әкімінің аппаратын басқарған екен. Аппарат жетекшілерінің кейбірі бірінші орынбасардан да зор ықпалға ие болатынын ескерсек, бұл сенат депутатын да орынбасарлар категориясына жатқызуға болады. Енді қалған төртеудің үшеуі – бірден бір билеуші «Нұр Отан» партиясының белді мүшелері һәм облыстық мәслихаттың хатшысы, я белсенді депутаты ретінде «саяси сынақтан» өткендер болып шықты. Арасында бұрынғы әкімнің туған інісі де бар екен. Мұндай сенатқа өткен ардагер мәслихат хатшылары мен «салмақты» мәслихат депутаттарының көпшілігі ұзақ уақыт әкімдіктің стратегиялық әріптесіне айналған, облыс бюджетіне қомақты қаржы түсіріп тұрған жергілікті ірі кәсіпорын басшылары болып шығады. Кез-келген әкім санасуға мәжбүр мұндай алпауыттарды орынбасарлар категориясына ойланбастан кіргізуге болады.
Сонымен 16 сенат депутатының 15-інің жайы түсінікті болды. Енді қалған жалғыз адамға келейік. Бұл шенеуніктің өмірбаянына көз салсам, бар болғаны облыстық бір әкімдіктің статистика департаментінің басшысы лауазымына дейін ғана өсіпті. Не бизнесі жоқ, салыстырмалы түрде жас – 47-ге енді шыққан. Өзі – парламенттегі патриархатқа үйлесіңкіремейтін әйел жынысты. Бұл ханым «орынбасарлар кастасына» жатпаса да, барлық «тыйымдар мен табуларды талқан етіп», жоғары палатадан бір-ақ шығыпты. Міне, жаңалық!
Ханымның аты-жөнін өздеріңіз депутаттар тізімінен тауып алыңыздар. Ара-тұра олардың да кім екенін тексеріп тұруға хақыларыңыз бар емес пе?