Accessibility links

Ақордаға ұнаған Путинге мадақ ән


Ресей президенті Владимир Путин. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин. (Көрнекі сурет)

Алматылық Өрікгүл Әділбекованың Ресей президенті жайлы әнін жұбайы Шәміл Әбілтай нотаға салды. Орындаушы әнді Владимир Путиннің алдында шырқауды армандайды.

Интернетте Youtube сайтында жүрген «Владимир Путин» атты әннің авторы алматылық Өрікгүл Әділбекова бұл шығарманың дүниеге келуіне 2014 жылы көктемде Украина мен Ресей арасындағы жағдайдың шиеленісуі себеп болғанын айтады.

«ОЛ – ВЛАДИМИР БАЛАСЫ»

Автор әу баста Путинге арнап ән шығарамын деп ойламағанын, бірақ телеарнадан Украинаның шығысындағы Донбаста болып жатқан қанды оқиғаларды баяндайтын хабарларды көріп отырғанда, көкейіне өлең жолдары мен ән әуені қатар келгенін айтады.

– Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кете ме деп қауіптендім. Ресей бізге әуелден жақын ел, жақсы көрші ғой. Жан-жақтан қысып жатқанда Ресей президенті Владимир Путиннің қарсы күш қолданбай, шыдамдылық танытқанына разы болдым. Бұл – бейбітшілікті насихаттауға арналған ән. Ол үшін әлдене дәмету ойымда да жоқ, - дейді ол.

Бұрын Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрдың әртісі болған Өрікгүл Әділбекова әнді күйеуі Шәміл Әбілтайдың нотаға салып өңдегенін айтты.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап «Азаттық асуы» әні мен «Қазақстан – Нұрсұлтан» күйін шығарған, Назарбаевтың сөзіне «Шұбарат» әнін жазған композитор Шәміл Әбілтайдың сөзінше, әйелінің Путинге арнаған әні өзіне қатты ұнапты.

Композитор Шәміл Әбілтаев (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде отыр. Астана, 28 наурыз 2014 жыл. Сурет akorda.kz сайтынан алынды.
Композитор Шәміл Әбілтаев (сол жақта) Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуде отыр. Астана, 28 наурыз 2014 жыл. Сурет akorda.kz сайтынан алынды.

Әнді әуелі домбыраға салып айтқан Шәміл Әбілтай «қазақша нұсқасы өз президенті бар дербес ел – Қазақстанда жарияланбайтынына кәміл сенген». Сондықтан ол әнді орыс тіліне аударуды ұсыныпты.

– Аудармада сәл ғана сәйкессіздік болды. Түпнұсқадағы: «Беу, Мәскеу, Мәскеу қаласы, Айдай туған данасы, Елі үшін ерлеген, Ол – Владимир баласы» деген шумақты орысшасында: «Ех, Москва, Москве – поклон, Как луна на небосводе, Для народа был рожден, Сын Владимира – Володя» деп жұмсартып жіберген, - дейді Шәміл Әбілтай.

Оның айтуынша, опера әншісі Талғат Күзенбаев орыс тілінде орындаған жаңа ән компакт-дискіге жазылып, былтыр Владимир Путинге поштамен жіберілген. Ән авторы Өрікгүл Әділбекова «Еуразия экономика одағы аясында табысқа жетуге» тілектестігін жазып, Кремль басшысына хат жолдаған. Ал биыл наурыз айында Ресей президенті әкімшілігінен Қазақстаннан сәлемдемені алғаны туралы жауап хат алған.

АҚОРДАНЫҢ ЖЫЛЫ ЛЕБІЗІ

Шәміл Әбілтайдың айтуынша, ол «Владимир Путин» әні жазылған үнтаспаны өзге әндерімен бірге Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да жолдаған екен. Көп кешікпей президент әкімшілігінен композиторға алғыс білдірген хат келген.

Биыл шілденің 21-інде «Айқын» газетінің сайтында «Елбасыға да, елге де ұнаған туынды» деген айдармен жарияланған «Шәміл Әбілтайдың жаңа үнтаспасы жарық көрді» дейтін мақалада Қазақстан президенті кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековтің Шәміл Әбілтай отбасына жазған алғыс хаты баяндалған. Онда: «Президент әкімшілігінің жауапты қызметкері Өтеген Оралбаев арқылы беріп жіберген өз орындауыңыздағы әндеріңіз бен күйлеріңіз жазылған компакт-дискілеріңізді алдық. Соларды мемлекет басшысына ұсынар кезде президентке өзіңіздің жеке жолдаған хатыңыз бен дискілеріңіз де келіп жетті» деп жазылған.

Ресей президентіне арнап шығарылған «Владимир Путин» әні жазылған компакт-дискі қаптамасының сырт жағы.
Ресей президентіне арнап шығарылған «Владимир Путин» әні жазылған компакт-дискі қаптамасының сырт жағы.

Шәміл Әбілтайдың сөзінше, президент әкімшілігінің жауапты қызметкері Өтеген Оралбаев арқылы Ақордаға жеткен компакт-дискіге «Владимир Путин» әні жазылған. Қазақстан президенті әкімшілігінің инспекторы, мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың кеңесшісі Өтеген Оралбаев Азаттық тілшісіне «компакт-дискі Нұрсұлтан Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойы қарсаңында мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова мен жазушылардың кездесуі кезінде берілгенін» растады.

– Мен оны президент кеңсесінің басшысы Махмұд Қасымбековке тапсырдым. Маған жеткен мәліметтерге қарағанда, әнді елбасы өзі тыңдап көрген, - дейді шенеунік.

Ол «Владимир Путин» әнін «өнер адамдарының екі ел арасындағы достық пен дипломатияға қосатын үлесі» деп біледі.

– Азаматтық белсенділік танытып жүргендер мен ашық пікірде ойлайтын азаматтар бұл әнді дұрыс қабылдамауы мүмкін, оған түсіністікпен қарау керек. Қалай болғанда, бұл ән Украина-Ресей жанжалына қатысты Қазақстанның ұстанымын өзгертпейді, - дейді Өтеген Оралбаев.

«ПУТИННІҢ АЛДЫНДА АЙТҚЫМ КЕЛЕДІ»

Азаттық тілшісімен сөйлескен «Владимир Путин» әнінің орындаушысы, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әншісі Талғат Күзенбаев бұған дейін Қазақстан композиторлары Владимир Путинге арнап ән жазбағанын айтады.

– Владимир Владимирович біздің елбасымыздың жан досы боп есептеледі, оның үстіне екі елдің бұрыннан достығы бар. Украинадағы жағдайдың артында Батыс тұр. Егер Путин туралы жаман пікірде болсам бұл әнді айтпауыма да болатын еді. Біздің елбасы жақсы көрген адамның көзқарасы жаман болмайды. Елбасының әлдында ән шырқап жүрміз, енді Путиннің алдында осы әнді айтып бергім келеді, - дейді ол.

Қазақстанның мемлекеттік әнұранын орындаушы Талғат Күзенбаев 2014 жылы Астана күні мерекесінде Шәміл Әбілтайдың Нұрсұлтан Назарбаевқа арнап шығарған «Азаттық асуы» әнін шырқаған.

ҰДАЙЫ ЖАҢҒЫРАТЫН ТІЗІМ

Қазақстанда президент Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтайтын әндер мен көркем шығармалар қатары жыл сайын жаңаларымен толығып келеді. Ондай туындылар авторларының арасында Қазақстанға танымал ақын-жазушылар, композиторлар мен әншілер де, есімдерін көпшілік ел білмейтіндер де бар.

Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Үшқоңыр» әнінің авторы, белгілі композитор Алтынбек Қоразбаев «Владимир Путин» деген әнді бұған дейін тыңдамағанын, Азаттық тілшісінен бірінші рет естігенін айтады.

Владимир Владимирович біздің елбасымыздың жан досы боп есептеледі, оның үстіне екі елдің бұрыннан достығы бар... Елбасының әлдында ән шырқап жүрміз, енді Путиннің алдында осы әнді айтып бергім келеді.
Опера әншісі Талғат Күзенбаев.

Өзінің «саясатта, Путинде шаруасы жоқ екенін» ескерткен Алтынбек Қоразбаев «ғұмыры қысқа» әндердің күрт көбейгеніне наразы екенін жасырмайды.

– Біреулер түс көріп, енді біреулер «әруақ қолдады» деп ән шығарады. Апта сайын ән жазып, күй шығаратын адамдарды білемін. Бұл – қазақ өнеріне қиянат. «Владимир Путин» деген де ән бола ма екен? Біреудің президентінің аты айтылған әнді айтқан әнші де жетіскен екен, - дейді ол.

Ресей президенті Владимир Путинге арналған әндер қатары соңғы жылдары жиі жаңарып отырады. Олардың арасында Путинді әжуалағаны да, оны әспеттеген әндер де кездеседі. Соңғыларының арасында Ресейдегі тәжік эмигранты Толибджан Курбанхановтың 2012 жылы Ресей президенті сайлауы алдында Владимир Путинді қолдап шығарған «ВВП спас страну, ВВП защищает» әні мен сол жылы күзде Путинді 60 жылдық мерейтойымен құттықтаған «Великий город Ленинград, простая мать Мария родила Владимира, не смогла даже предполагать…» деп келетін әні ресейлік ақпарат құралдарының назарына ілінген еді.

XS
SM
MD
LG