Accessibility links

Дариға Назарбаева: "Әлі де опера әншісімін"


Дариға Назарбаева Мәскеудің халықаралық музыка үйінде ән шырқап тұр. 3 маусым 2008 жыл.
Дариға Назарбаева Мәскеудің халықаралық музыка үйінде ән шырқап тұр. 3 маусым 2008 жыл.

Мамырдың 9-ы күні Дубайлық Khaleej Times газетіне Қазақстан парламентінің депутаты Дариға Назарбаеваның сұхбаты шықты. Тілші одан президенттік сайлауға түсер-түспесі туралы сұраған.

Тілші Суреш Паттали сұхбаттың алдында Дариға Назарбаеваны дубайлық оқырманға таныстыратын кіріспе берген. Оны автор Дариға Назарбаеваның Қазақстандағы түнгі клубқа келгенін суреттеумен бастайды.

Паттали кіріспесін сатиралық стильмен жазған және Дариға Назарбаеваның карикатурасын да жариялаған. «Жұрт «салтанат иесін» күтіп тұрды. Көзілдірікті ханым келгенде журналистер, дипломаттар, көмекшілер мен университеттерден таңдап алынған студенттер «Маргарет Тэтчер мен Индира Гандиға ұқсағысы келетін ханымға» барынша жақындауға таласты, бәрі бұралып биледі, ән шырқады, «қасиетті ханшайымның» күзетшілері бәрін бақылап тұрды» деп жазады автор.

Автор «Жо-жоқ, біз Қытай ханшайымы, ғажайып сопрано, халықаралық сенсацияға айналған Пэн Лиюань (Қытай басшысы Си Цзиньпиннің әйелі – ред.) туралы айтып отырған жоқпыз. Бұл - Дариға Назарбаева» деп жалғастырады.
Дариға Назарбаеваның Khaleej Times газетіне шыққан карикатурасы. Скриншот.
Дариға Назарбаеваның Khaleej Times газетіне шыққан карикатурасы. Скриншот.

«Ол - опера әншісі, саясаттану және тарих ғылымдарының докторы. Қазақ, орыс, ағылшын, итальян – 4 тілде сөйлейді. Ол - саяси партия құрушы, депутат. Ол – медиамагнат, аймақтық, халықаралық медиа ассоциацияларымен байланыс орнатқан. 2002 жылы Еуразия медиа-форумының негізін қалады. Түрлі қайырымдылық қорлармен де жұмыс істейді. Оның жетістіктерін санап шығу мүмкін емес, мұның бәрі сіз оның Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы екенін түсінгенше ақылға сыйымсыз болып көрінуі мүмкін» дейді Паттали.
Оның Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы екенін түсінгенше барлық атақ-дәрежесі мен жетістіктері ақылға сыйымсыз болып көрінуі мүмкін.

«Доктор Дариға тақ мұрагері саналып келді. Бірақ бір қолайсыз жағдайлардан соң саясат сахнасынан ығыстырылды. Ол 2011 жылы саясатқа оралып, парламент сайлауына қатысты. Бірақ сарапшылар «Дариғаны әкесінің мұрагері деуге әлі ерте» деген пікір айтады. Ал кейбір ақпарат көздері әкесінің үлкен қызына сенім арта бастағанын хабарлайды» дейді автор.

Суреш Паттали «Дариға Назарбаева қолайсыз сұрақтарға қитұрқы жауаптар беріп, үнемі тұйықтан шығып кетеді» дейді.

Паттали Дариға Назарбаеваға «Сопранодан саясатқа қалай ауысқанын, өнер мен саясаттың қайсысы жанына жақын екенін» сұраған. Оған Назарбаева «әлі де опера әншісі екенін, өмірін әнсіз, қайырымдылық шараларынсыз, саяси қызметсіз елестете алмайтынын, ән айтудың оған осы күрделі өмірде алға ұмтылуға көмектесетінін» айтқан. «Сенесіз бе, мен үшін осының бәрін қатар алып жүру қиын емес. Таңғы 9-дан, кешкі 6-ға дейін парламент мүшесі ретінде жұмыс істеймін. 6-дан кейін 2-3 сағат опера әншісі ретінде жаттығамын. Қалған уақытты балаларыма арнаймын» деген.

Zakon.kz сайтынан алынған Дариға Назарбаеваның фотоскриншоты. Бұл кезде ол парламент сайлауына қатысып жатқан. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.
Zakon.kz сайтынан алынған Дариға Назарбаеваның фотоскриншоты. Бұл кезде ол парламент сайлауына қатысып жатқан. Алматы, 12 қаңтар 2012 жыл.

Суреш Патталидің «Қазақстанда әйелдер құқығына қаншалықты жағдай жасалған?» деген сұрағына Дариға Назарбаева «Қазақстанда қазір шағын және орта кәсіпкерлердің көбі - әйелдер. Үкіметтік емес ұйымдарда да, мемлекеттік қызметте де әйелдер көп істейді. Бізде қорғаныс министрінің орынбасары әйел адам болған. Парламент мүшелерінің 20-25 пайызы - әйелдер. Әйелдер қоғамдық өмірде күннен-күнге ықпалдарын күшейтіп келеді» деп жауап берген.
Үнемі президенттік сайлауға түсетін-түспейтінім туралы сұрайсыздар. Бұларыңыз біртүрлі қызық, бірақ мен бұл сұрақ сіздерге өте маңызды екенін түсінемін.

Осы жерде тілші әңгімені Дариға Назарбаеваның жеке басына бұрып, «Бірақ президент әйел әлі болған жоқ қой. 2005 жылы сіз өзіңіздің президенттік сайлауға болашақта қатысатыныңыз туралы емеурінмен айтып қалған едіңіз» деп сұрайды. Бұл сұраққа Дариға Назарбаева «Журналистер менен үнемі президенттік сайлауға түсетін-түспейтінім туралы сұрайды. Бұлары біртүрлі қызық, бірақ мен бұл сұрақ сіздерге өте маңызды екенін түсінемін» деп жауап берген.

Алайда тілші сұхбаттасынан нақты жауап алу үшін «Сіз өзіңізді келесі президент ретінде елестетесіз бе? Ал егер халық қалап жатса ше?» деген сұрақ қояды. Дариға Назарбаева «Жоқ. Мен өзімнің осы қалпымда бақыттымын. Ол - өте қиын жұмыс. Сүйікті істеріме уақытым болмай кетеді ғой» деп жауап берген.

Аун Сан Су Чжи

Аун Сан Су Чжи - Мьянма саяси жүйесін демократияландыруға шақырғаны үшін 15 жыл үйқамақта отырған саясаткер. Бостандыққа 2010 жылы шықты. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне қарағанда, Мьянмада мұсылман-рохинждер (діни-этникалық азшылық) қуғын-сүргінге ұшырап отыр. Олар «парламент депутаты Аун Сан Су Чжи мәселемізге назар аудармады» дейді.

Журналист Назарбаеваның діни экстремизмге қатысты пікірін сұраған. Бұған «Біз экстремизмнің саяси немесе діни түрі болсын, барлық түріне қарсымыз. Экстремизм өзінің құбыжық басын Қазақстанда көтере бастағанда оны жөргегінде тұншықтыру үшін ұтымды шаралар қолдандық. Бірақ адамдардың шетелден діни білім алуын, қазақ иммигранттарының қайта оралуын тоқтатпаймыз. Бұл - демократиялық процесс. Бірақ біз экстремизмнің кез-келген түрімен қатаң күресе береміз» деген жауап айтылған.

Khaleej Times тілшісі «Мьянмадағы халық құрметтейтін Аун Сан Су Чжи өз елінде этникалық қуғын-сүргін басталғанда демократияны жақтап, бір ауыз үн қатпады. Бұған қалай қарайсыз?» деп сұраған.

Дариға Назарбаева бұл сұраққа «Жалғыздың үні шықпас» деген мақал бар. Бірақ елге үлгі болған тұлғалар қоғамға ықпал етеді. Ізгі мұраттар үшін күрескен тұлға миллиондаған адамдарды шабыттандыра алады. Аун Сан Су Чжидің күресі нәтижесін береді деп сенемін» деп жауап берген.

Парламент сайлауында "Нұр-Отан" партиясының жеңіске жету құрметіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (солдан санағанда - екінші) пен оның қызы Дариға Назарбаева (төртінші) ән айтып тұр. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл.
Парламент сайлауында "Нұр-Отан" партиясының жеңіске жету құрметіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (солдан санағанда - екінші) пен оның қызы Дариға Назарбаева (төртінші) ән айтып тұр. Астана, 16 қаңтар 2012 жыл.
Дариға Назарбаева сұхбатта өзінің үлгі тұтатын адамы ретінде әкесі - Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты атап, ары қарайғы әңгімесін былай өрбітеді: «90-жылдары жағдай өте қиын болды. Халықтың жартысы орыс ұлтының өкілдері еді. Сол кезде қоғамды біріктіруге, Қытай мен Ресей мемлекеттерімен қарым-қатынасты жақсартуға көп күш-жігер жұмсалды. Біздің саясаттағы достарымыз бізге миллиондаған қаржыны әскери салаға емес, әлеуметтік салаға жұмсауға мүмкіндік берді. Осы тұрғыдан біз аймаққа үлгі бола аламыз. Қазір Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы немесе Ауғанстандағы соғыс сияқты ғаламдық дағдарыстарды реттеу мәселелері бойынша келіссөздер өтетін жерге айналды. Әлемдік діндер съезі, Дүниежүзілік экономикалық форум мен Еуразиялық медиа-форум Қазақстанда өтеді. Еуразиялық, кедендік интеграция идеялары Қазақстаннан шықты. Біздің президентіміз - барлық интеграциялық идеялардың авторы. Біз тіпті аймақтық держава мәртебесіне ұмтыла аламыз».
XS
SM
MD
LG