Accessibility links

Тәртібі қиын балалар өзге өңірлердегі арнайы мектептерге жіберіледі


Теміртаудағы қаңғыбас балалар. (Көрнекі сурет)
Теміртаудағы қаңғыбас балалар. (Көрнекі сурет)

Теміртаулық тәртіп бұзған, қылмыс жасаған жасөспірімдерді Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласындағы арнайы мектепке жібере бастады. Құқық қорғаушы мұндай әрекеттің соңы жақсылыққа ұласпайды деп есептейді.


АРНАЙЫ МЕКТЕП ЖАЗАЛАУ МА, ӘЛДЕ ҚҰТҚАРУ МА?

Теміртаудағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия 15 жасар қызды Оңтүстік Қазақстан облысындағы арнайы мекемеге жібермек болып отыр. Қыздың қамқоршысы мұндай шараға қарсы еместігін айтады, өйткені «немерем жүгенсіз кетті» дейді.

№27 орта мектеп директорының құқықтық тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары және кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшесі Наталья Комарова бұл қыз үйінен қашып кетіп, қалаған жерінде қыдырып жүреді дейді.

- Оқығаннан гөрі жұмыс істегенді артық көреді. Біз жүргізген рейд барысында әкпесімен ұрсысып қалып, оған пышақ ала жүгірді. Біз оны арнайы мектепке бермек болып отырмыз, - дейді Наталья Комарова.

Оның айтуынша, бірнеше гараж бен машинаға ұрлыққа түскен тағы бір теміртаулық мектеп оқушысын да осындай жағдай күтіп тұр. Ол әзірге қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жетпегендіктен Тараздағы айырықша режимдегі арнайы мектепке барады дейді Наталья Комарова. Оған қоса бұл баланың анасын өзге балаларына қатысты аналық құқынан айырмақ. Алайда баланың анасы комиссия келген кезде бұған көнбейтінін айтқан.

- Ұлымды арнайы мектепке бермеймін, оны ешкім таба алмайтын жаққа жіберемін. Оған баратын, сәлемдеме жіберетін ақшаны қайдан аламын? – дейді баланың анасы.

Оның 15 жасар ұлы да арнайы мекемеге баруға қарсы, "бәрібір ол жақтан қашып кетемін" дейді. Есесіне өзге бір теміртаулық оқушы өзін арнайы мектепке жіберуін сұрап жүр. Ол балалардың құқын қорғау жөніндегі комиссияға осындай өтініш жасады.

- Менің анам үнемі ішеді, сондықтан бұл үйде тұрғым келмейді. Бірақ ол мұны дәл қазір білмеуі керек, - деді рейд кезінде 15 жасар бала.

Теміртау қаласының жасөспірімдер ісі жөніндегі аға инспекторы бұл өтініштің әзірше қаралып жатқанын айтты. Бұл мәселеге қатысты ата-аналардың пікірлері екі жарылды. Біреулері арнайы мектеп баланы жөнге салады десе, екіншілері арнайы мекеме баланың өмірін одан ары қиындатып, ата-анасына да әуре болады деп, тәрбиенің мұндай түріне үзілді-кесілді қарсы болды.

Қазір кәмелетке толмаған екі жасөспірімді арнайы мектептерге жіберу жөніндегі екі материал даяр. Оның біреуі Қарағанды облысындағы Керней кентіне, екіншісі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласына жіберілмек. Полиция қызметкері Диана Ширяеваеың айтуынша, материалдар алдымен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияда қаралып, содан соң талап арызбен бірге сотқа жолданады. Оның айтуынша, биылғы жылдан бастап сот жасөспірім тарапынан жасалған қылмыстық істі қараған соң оны шартты түрде соттамай, түзелуге арнайы мектепке жіберуі де мүмкін.

Теміртау қалалық Ішкі істер басқармасының кәмелетке толмаған балалар ісі жөніндегі аға милиция инспекторы Диана Ширяева. Теміртау, 2010 жыл.
- Наурыз айында Теміртаулық қыздар бірінші болып арнайы мектепке жіберілетін болар. Екі қызға қатысты материалдар қаралып жатыр. Тағы бір қызға қатысты материал даярлануда, - дейді Азаттық радиосына кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аға инспектор Диана Ширяева.

КОЛОНИЯҒА БАЛАМА РЕТІНДЕ

Енді осы мәселеге қатысты кейбір деректерді келтіре кетейік. Қазір Теміртауда кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекцияда 260 тұрмысы төмен отбасынан шыққан 350 жасөспірім есепте тұр. Статистикалық деректерге қарағанда, жасөспірім қылмыскерлердің саны артып келеді. 2010 жылы Теміртау қаласында кәмелетке толмаған 85 бала қылмыстық жауапкершілікке тартылған (2009 жылы – 74 бала). Оларға ұрлық, қарақшылық шабуыл, бопсалау жасады деген айыптар тағылды. Теміртауда шартты түрде сотталған балалардың өзі – 23 адам.

Жасөспірімдерді колонияға жібермес үшін Теміртаудың полицейлері оларды Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Керней кентіндегі арнайы мектепке орналастырады. Бұл арнайы мектепке 15-17 жастағы жасөспірімдер қабылданады. Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы арнайы мектепке тек ұл балалар ғана жіберіледі. Бұл арнайы мектептерге өзге жастағы балалар мен қыз балалар жіберілмейді.

- Әдетте арнайы мектептерге тұрмысы нашар отбасылардан шыққан балалар түседі. Колонияға балама ретіндегі арнайы мектепке түскен жасөспірім бұдан соң заң бұзамын десе, жүз рет ойланатын болады, - деп есептейді Теміртау қаласының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Диана Ширяева.

Диана Ширяеваның айтуынша, енді арнайы мектепке тіпті 11 жасар балаларды да жіберетін болады, сонымен бірге «тәртіпсіз» қыздардың да ол жаққа түсіп қалуы әбден мүмкін.

Жасөспірімдерді қайта тәрбиелеумен Оңтүстік Қазақстан облысының Кентау қаласындағы арнайы мектеп-интернат айналысады.

КЕНТАУДЫҢ АРНАЙЫ МЕКТЕБІ ЖАҢА КЕЛГЕНДЕРДІ ҚУАНА ҚАРСЫ АЛАДЫ

Азаттық радиосының тілшісі осы мекеменің басшылығымен хабарласқан еді. Жасөспірімдерді бұл жерге орналастыру соншалықты қиын емес көрінеді. Бірақ сот шешімінде жасөспірім дәл осы Кентау қаласындағы арнайы мектепке жіберіліп отыр деп көрсетілуі керек екен. Облыстық арнайы мектеп-интернат директорының тәртіп жөніндегі орынбасары Нұрлан Ошақбаевтың айтуынша, қазір Кентауда Қазақстанның жеті облысының балалары, оның ішінде Теміртаудың да балалары бар көрінеді.

- Біз 11 мен 18 жас аралығындағы ұлдар мен қыз балаларды қабылдаймыз. Олар бізде бір айдан бір жылға дейін болады. Біз кәсіптік білім бермейміз, тек орта білім береміз. Егер балалар 9 немесе 11-сыныптарды осында бітіретін болса, онда аттестаттарын алып кетеді. Егер мерзімдері мамыр айында бітер болса, біз оқу жылы біткенше олардың мерзімін созу жөнінде сотқа өтініш береміз, - дейді Нұрлан Ошақбаев.

Кентау қаласындағы арнайы мектеп-интернат 150 адамға арналған. Қазір ол жерде 60 адам бар. Арнайы мектеп директорының орынбасары Нұрлан Ошақбаевтың айтуынша, бұл қатаң тәртіп пен режимге бағынатын жабық типтегі мекеме. Күн тәртібі қатаң кестеге бағынған: таңғы сағат 8:30-дан 13:30-ға дейін сабақ, 14:00-де түскі ас, содан соң 17:00-ге дейін жасөспірімдер әлдебір жұмыспен айналысады (мысалы, қыздар тігін тіксе, ұлдар ағаш ұсталығымен айналысады). Бұдан соң демалыс уақыты белгіленген.

- Балалар арнайы мектептің ауласында футбол ойнай алады, сенбі күндері біз оларды спорт мектебіне кезекпен алып барамыз, ал жазда бассейнге барады. Орталық кітапханаға балаларды қызметкерлер алып барады. Олар түрлі жарыстарға қатысады. Бұл жерде талантты балалар жеткілікті, - дейді Нұрлан Ошақбаев.

Оның айтуынша, осыдан бірнеше жыл бұрын балалардың мектептен қашу оқиғалары болған. Ол кезде балалар арнайы мектепке сот шешімімен емес, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның шешімімен жіберілетін болған.

- Қазір мектеп-интернаттан қашу оқиғалары жоқ. Бізге үшінші рет түсіп жатқан балалар мен қыздар бар. Олар өтініш жазып, өздері келеді. Біреулері мерзімдерін оқу жылы аяқталғанша созуларын сұрайды. Сондықтан, біз өзге балаларды да қабылдай аламыз, бос орын көп. Әдетте бізге қаңғыбастыққа салынған, мектепке бармай қойған балаларды жібереді. Сонымен бірге қылмыс жасаған балаларды да жібереді. Мысалы қазір бір қыз ұрлық жасағаны үшін отыр. Алдымен оған шартты жаза берген, бірақ сот оларды бізге жіберді, - дейді Кентаудағы арнайы мектеп директорының орынбасары Нұрлан Ошақбаев.

ҚОҒАМДАСТЫҚ ҚАРСЫЛЫҚ БІЛДІРЕДІ

Азаттық радиосының тілшісі аталған мәселеге қатысты түсініктеме алу үшін Алматыдағы балалар құқын қорғау жөніндегі үкіметтік емес ұйым жанындағы жұмысшы тобының үйлестірушісі Роза Ақылбековаға хабарласқан еді.

Оның айтуынша, кәмелетке толмағандарға қатысты сот әділдігі жөніндегі БҰҰ-ның стандарттары және балалардың құқықтары жөніндегі конвенция бар. Атқарылуы міндетті болып табылатын бұл заңнамалық құжатты қазақстандық мемлекеттік органдардың білгені өте маңызды екен.

- Менің ойымша, баланы үйінен алыс жаққа алып кетіп, оның туыстарымен араласуына шек қоюға болмайды. Бұл осы салада жұмыс істеп жатқан мамандардың кәсіпқой еместігін байқатады. Олар балалардың мінез-құлқын түзейміз деп оларды бір жаққа жібереді. Мұндай әрекеттің ешқандай пайда әкелмейтіндігін ересек сотталғандардың мысалынан-ақ байқауға болады. Менің байқағаным, жарты жылдан соң-ақ балалар түрме сөзімен сөйлесе бастайды. Оны қалыпты өмірге қайта әкелу, ел үшін оның маңызды екендігін түсіндіру өте қиын болады, - дейді құқық қорғаушы.

Роза Ақылбекова Адам құқықтары жөніндегі Қазақстандық бюро директорының міндетін атқарады. Ол арнайы мектептерге де балама болуы керек деп есептейді. Совет кезеңіндегі қоғамдық күштерді пайдаланғанды мысал етеді. Ол кездері кәсіпорындар шалыс басқан балаларға кепіл болатын. Қоғамдастық белсенділік танытып, мемлекет Еуропа мен Америка елдерінің тәжірибелеріне сүйеніп мұндай балалар үшін жағдай туғызуы керек деп есептейді ол.

- Жергілікті деңгейде атқарушы органдар азаматтық қоғаммен бірлесе отырып әр өңірде ресурстық орталықтар құруына болады, - дейді Роза Ақылбекова. – Жасөспірімнің қылмыс жасағаны жайында полиция хабарлаған сәтте кәмелетке жасы толмағандар жөніндегі комиссия бұл балаға кепіл болуға көмектесіп, оның отбасының материалдық жағдайын, мысалы бұл баланың ұрлық жасауына не себеп болғанын анықтауы керек.

Егер оның ата-анасы жұмыс таппай жүрсе, олардың жұмысқа орналасуына көмектесіп, бұдан соң баланы бақылауға алу қажет, бірақ бұл ақпаратты жария етуге болмайды.

- Мысалы, мектептен кейін бос уақытында ол ұйымға келіп, оншалықты қиын емес тапсырманы орындаса болады. Бұл кешенді шаралар, әрине, мемлекеттің есебінен жасалуы керек, - деді Азаттық радиосының тілшісіне Роза Ақылбекова.

Шалыс басқан жасөспірімдерді қатаң режимді арнайы мектептерге жіберуге қатысты сыни пікірді Теміртаулық мұғалім де айтты.

- Жалпы алғанда мен қайта тәрбиелеудің мұндай тәсіліне қарсымын. Бірақ әрбір нақты оқиғаға байланысты жекелеген шаралар қабылдануы қажет. Өйткені кейбір жасөспірімдердің тағдырлары онсыз да тәлкекке түскен, енді келіп арнайы мектепке түскен соң бұл баланың жүйкесі бұзуы мүмкін. Енді өзге біреулері үшін бұдан өзге жол болмауы да мүмкін, - дейді Мария Рейбандт.

Құқық қорғаушы Роза Ақылбекованың айтуынша, ата-аналары балаларын өз үйлеріне жақын арнайы мектепке ауыстыру туралы арнайы мектептің бастығына өтініш жазуына болады. Мұндай өтінішті беруге баланың өзінің де құқы бар.
XS
SM
MD
LG