Accessibility links

Шахтинск талантты жас боксшы Ермек Серіковпен қоштасуға дайындалуда


Шахтинскіде қаза тапқан жас боксшы Ермек Серіков.
Шахтинскіде қаза тапқан жас боксшы Ермек Серіков.

Қазақтың Тайсоны атанған жап-жас боксшы Ермек 11 тамыз күні түске жақын ауруханада ауыр жарақаттан қайтыс болды. Талантты спортшыны дүйсенбі күні кешкісін Шахтинск қаласында белгісіз біреулер атып кеткен.

ОҚИҒА ОРНЫНАН ТАБЫЛҒАН ЖЕТІ ОҚ

Ермек Серіков тамыздың 10-ы күні кешкісін өз достарының шақыруымен Шахтинск қаласына барған. Олар атақты спортшыны Шахтинск қаласында бір топ жігіттермен сөзге келіп қалғасын көмекке шақырған. Оқиға орнына жеткен Ермекке қарсы оқ атылған. Мұндай сыбыстарды бейресми ақпарат көздері таратты және осы сияқты болжамдар түрлі ақпарат агенттіктерінде де жазылды.

Қарағанды қаласы ішкі істер басқармасының баспасөз хатшысы Гүлнұр Құдайбергенованың айтуынша, мұның көбі алыпқашпа сөздер болуы мүмкін. Себебі, тергеу амалдары барысында бірнеше болжамдар айтылып жатыр. Оның барлығын жария ете беретін болсақ, жұртшылық ойын сан-саққа жүгіртеміз дейді ол.

-Тамыз айының 10-ы күні кешкі сағат 8 ден 20 минут кеткенде белгісіз біреулер Ермек Серіковты Шахтинск қаласының орталық ауруханасына жаралы күйде әкеліп тастаған. Дәрігерлердің қойған диагнозы: оған тиген оқтың жамбастағы күре тамырды жарып өткендігі. Қанның көп кетіп қалуы салдарынан, Ермек Серіков есін жия алмастан 11 тамызда түскі сағат 13:05 те қайтыс болған.

Ал Ермектің жарақат алған орнына тексеріс жүргізген полиция қызметкерлері ол жерден пневматикалық қаруға ұқсас қару мен 7 гильза тапқан. Сонымен қатар ол жерде іші қанға бөккен Ермек Серіковтың «Тойота Камри» автокөлігі де болған. Оқиға Шахтинск қаласының автовокзалы маңында орын алған,- дейді қалалық ІІБ баспасөз хатшысы Гүлнұр Құдайбергенова.

ІІБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға орнынан табылған гильзалар мен қару жарақ сот-сараптамадан өткізуге жіберілген. Ал Ермектің мәйіті де медициналық-сараптамаға жөнелтілген. Қазір оқиға орынында болғандардың барлығы сұралып жатыр. Олардың кейбіреулері оқиға орнынан «Ниссан Патрол» автокөлігінің қатты жылдамдықпен қашқанын көргендерін айтқан.

Қарағанды қалалық ІІБ баспасөз қызметінің мамандары бұл тек алдын-ала тергеу амалдары екенін және оқиғаның қалай басталып, қалай аяқталғанын тергеу-тексеру жұмыстары ғана анықтайтынын айтып отыр.

ҚЫРШЫН КЕТКЕН ҚАЗАҚТЫҢ ТАЙСОНЫ

Ұстаздары мен достары Ермектің болашағынан үлкен үміт күтетін. Алғашқы жаттықтырушыларының бірі Вячеслав Титовский Ермектің қазіргі тренері Рамазан Низамбаев қазаға қатты қайғырып, қабырғасы қайысқандықтан телефонын сөндіріп тастаған, ешкіммен сөйлескісі келмейді деген ол:

-Ермек жас болса да алдына биік мақсаттар қойған, ешнәрседен тайсалмайтын жаужүрек жан еді, оны бәріміз қазақтың Тайсоны деп атайтын едік,- деп еске алады.
Қарағанды бокс мектебінің директоры Дәнияр Мыңбаев. 12 тамыз. 2009 жыл.

Ермек Серіковтың соңғы уақытта жаттығуларын өткізіп жүрген Қарағанды бокс мектебінің директоры Данияр Мыңбаев: «Қарағанды ғана емес, Қазақстан боксы орны толмас қазаға ұшырады» дейді.

- Ермек көз алдымызда өзінің таланты және жігерлілігімен талай асуды бағындырып еді. 2012 жылы Лондонда өтетін Олимпиада ойындарына бару оның арманы болатын. Жазу солай болған шығар, өкінішті әрине, топырағы торқа болсын,- дейді Қарағанды бокс мектебінің директоры Данияр Мыңбаев.

Қазақстан боксы ұлттық құрамасының жас боксшысы қарағандылық Ермек Серіков болашағынан зор үміт күттірген талантты спортшылардың бірі еді. Ол 1989 жылы туған. Өзінің спорттық жолын Шахтинск қаласының спорт мектебінен бастаған. Өмірінің 10 жылын боксқа арнаған ол 20 жасқа дейін Азияның 3 дүркін чемпионы және жастар арасында әлем чемпионы атанды.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ермек Серіков жақында Қазақстан ұлттық бокс құрама командасының мүшелігіне де қабылданған.
XS
SM
MD
LG