Accessibility links

Футбол мамандары ҚФФ-ны ашықтыққа шақырады


Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы. (Қазақстанның футбол федерациясы сайтындағы сурет)
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы. (Қазақстанның футбол федерациясы сайтындағы сурет)

Қызметтен кеткен футболдан Қазақстан құрамасының бас тренері Мирослав Беранекті сынаушылар футбол федерациясынан «танымал, әрі білікті бапкерді ашық түрде таңдап алуды» талап етеді.

Қаңтардың басында Қазақстанның футбол федерациясы (ҚФФ) ұлттық құраманы жаттықтырған чехиялық маман Мирослав Беранекпен келісім-шартын тоқтатты. Футбол фанаты Ардақ Шарапов Беранектің қызметтен кетуін көптен күткенін айтады. Ол чех маманының үш жыл ішінде Қазақстан құрамасының ойынын айтарлықтай жақсарта алмағанына наразы.

«Есте қалар керемет жеңісті көре алмадық. Қазақстан тек өзімен деңгейлес Фарер аралдары, Қырғызстан, Молдова мен Грузия сияқты құрамаларды жеңді. Беранектің кезінде қазақ футболында өсу болған жоқ. Енді оның орнына ұтымды тактика қолдана алатын шетелдік танымал білікті маман келу керек» дейді футбол жанкүйері.

«ҚОЛЫНАН КЕЛГЕНІН ЖАСАДЫ»

Мирослав Беранек футболшы кезінде Праганың «Славия» командасында ойнаған. Кейін Чехияның жастар құрамасын жаттықтырып, 2002 жылы ол жаттықтырған құрама жастар арасындағы Еуропа чемпионатын жеңіп шықты. 2004 жылғы Португалиядағы Еуропа чемпионатына Чехия құрамасының бапкерлер құрамында барып қайтты. 2011 жылы Қазақстанға шақырылған маман жаттықтырған ұлттық құрама 2014 жылғы әлем чемпионатының іріктеуіне қатысып, Еуропа аймағындағы С тобынан келесі кезеңге өте алмады.

Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Мирослав Беранек. (ҚФФ сайтындағы сурет)
Қазақстан құрамасының бұрынғы бас бапкері Мирослав Беранек. (ҚФФ сайтындағы сурет)
Бірақ Беранекті жақтаушылар да бар. Жергілікті футбол маманы, жаттықтырушы Бауыржан Сәрсекенов: «Беранек қолында бар мүмкіндігін пайдаланды. Қолынан келгенін жасады» дейді.

Ал ҚФФ-ның бірінші вице-президенті Саян Хамитжанов қаңтардың 9-ы күні Алматыда өткен баспасөз мәслихатында: «Біз Беранектің ұлттық құрамамен үш жылда істескен жұмысына ризамыз. Ол алға қойылған міндетті орындап, Қазақстан құрамасы 2014 жылғы футболдан әлем чемпионатына топтық іріктеу ойындарында бесінші орын алды» деп мәлімдеді.

Бір айта кетерлігі Қазақстан құрамасы «бесінші орын алған» іріктеу тобында бас-аяғы алты команда ойнаған еді.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы құрылған 1992 жылдан бастап команданы 11 бапкер жаттықтырған. Салыстыру үшін айтсақ, Германия құрамасында 1928 жылдан бері 11 бас бапкер жұмыс істеген.

«БАПКЕР ТАҢДАУДА БӘРІ ҚҰПИЯ»

Қазақстан футбол құрамасының бапкерлерінің ауысу жиілігі ғана емес, «құпиялығы» да жиі сыналатын жайт. Спорт шолушысы Елдос Сапарғали ҚФФ-ның құрама бапкерін тағайындау кезінде жанкүйерлерге ылғи «күтпеген сый жасайтынын» айтады.

«Қазақстанда бапкер тағайындаумен тек футбол федерациясы айналысады. Жанкүйерлер мен мамандардың пікірін тыңдап жатқан ешкім жоқ. Жанкүйерлер талай уақыттан бері Беранектің кетуін талап етіп, стадионға арнайы баннерлер де жасады. Оған федерация тарапынан еш реакция болмады. Бапкердің жалақысын білу мемлекеттік құпиямен бір. Бапкер тағайындауда ашықтық жоқ» дейді сұхбаттасымыз.

Бапкер таңдауда ашық саясат жоқтығын айтып қынжылған жанкүйер Ардақ Шарапов құраманы «шетелдік екінші сортты бапкерлерге тапсыруға» қарсы.

Алматы қалалық балалармен жасөспірімдер лигасының жетекшісі, жаттықтырушы Бауыржан Сәрсекенов. Алматы, 17 сәуір 2012 жыл.
Алматы қалалық балалармен жасөспірімдер лигасының жетекшісі, жаттықтырушы Бауыржан Сәрсекенов. Алматы, 17 сәуір 2012 жыл.
Ал Бауыржан Сәрсекеновтің ойынша, Қазақстан құрамасын жергілікті маман жаттықтыру керек. Футбол маманының бұл пікірін қолдайтын жанкүйерлердің аз емес екені әлеуметтік желілердегі талқылаулардан байқалып тұрады.

Бірақ бұл пайыммен келіспейтіндер де баршылық. Солардың бірі Абай Отар – Қазақстан құрамасы жайлы зерттеу мақалалар жазып жүрген спорт журналистерінің бірі. Оның ойынша, Қазақстан құрамасын жаттықтыруға әлемдік деңгейдегі бапкерлердің бірі келу керек.

«Беранектің ұлттық құрама бапкерлігі қызметінен кеткені дұрыс болды. Бастапқыда чех маманы біздің футболға жаңа леп әкелгендей көрінген. Алайда, көп ұзамай-ақ ұлттық құрама баяғы ойын мәнеріне қайта түсті. Амал не, ұлттық құрама сапына Ресейдің ортаңқол ойыншылары Қазақстан азаматтығын алып, ене бастады. Беранек ұлттық құрамамен қатар бір клубты да («Астана» командасы – ред.) жаттықтырады. Бұл – дұрыс емес. Өйткені негізінен бір клубтың ғана ойыншылары құрамаға алынды. Бізге мықты, танымал бапкер керек» дейді спорт шолушысы.

Айтылған сын-ескертпелерге қатысты ҚФФ-нан комментарий алу әзірше мүмкін болмады. Қазақстан құрамасына тағайындалатын жаңа бапкердің кім болатыны белгісіз.

2014 жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу жарысы аясындағы Қазақстан - Германия ойынына келген қазақ жанкүйері. Астана, 27 наурыз 2013 жыл.
2014 жылы Бразилияда өтетін әлем чемпионатына іріктеу жарысы аясындағы Қазақстан - Германия ойынына келген қазақ жанкүйері. Астана, 27 наурыз 2013 жыл.
Тек жанкүйерлер мен спорт журналистерінің арасында ұлттық құрамаға Италияның бірнеше белгілі клубтарында бас бапкер болған Луиджи Дельнери, «Рубин» клубын жаттықтырған Курбан Бердыев, қарағандылық «Шахтердің» бапкері Виктор Кумыков, ресейлік бапкерлер Александр Бородюк пен Юрий Красножан, сербиялық Славалюб Муслин сияқты мамандардың бірі келеді деген сыбыс бар. Ал ҚФФ жаңа бапкердің есімін жақын арада жариялайтынын мәлімдеді.

Қазақстан құрамасы енді 2016 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеуіне қатысады. Іріктеу турнирінің жеребесі алдағы ақпанның 23-і күні тартылады. Ал іріктеу турнирі биылғы қыркүйекте басталады. Қазақстан ұлттық құрамасы ФИФА рейтингінде 128-орында тұр.
XS
SM
MD
LG