Accessibility links

Әзербайжандық легионер Қазақстанға алтын әперді


Қазақстандық Нихад Рахимов әлем чемпионатында. Хьюстон. 25 қараша 2015 жыл.
Қазақстандық Нихад Рахимов әлем чемпионатында. Хьюстон. 25 қараша 2015 жыл.

Хьюстонда (АҚШ) өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан алғашқы алтын жүлдесін иеленді.

77 килограмм салмақ дәрежесі бойынша жарысқа түскен 22 жастағы Нижат Рахимов қоссайыс қорытындысы бойынша 372 килограмм штанга көтіріп, әлем чемпионы атанды.

Ол жұлқа көтеру сайысында үш мүмкіндігін де сәтті пайдаланып, 155, 160 және соңғы шыққанында 165 килограмм көтерді. Бұл сайыста оның басты қарсыластары 31 жастағы қытайлық атлет, Лондон олимпиадасының чемпионы Люй Сяоцзюнь (Қытай) 175 килограмм, Ким Квонг Сонг (Солтүстік Корея) 171 килограмм, Андряник Карапетян (Армения) 167 килограмм салмақ көтерді.

Нижат Рахимовты марапаттау сәті. АҚШ, Хьюстон, 25 қараша 2015 жыл.
Нижат Рахимовты марапаттау сәті. АҚШ, Хьюстон, 25 қараша 2015 жыл.

Ал серпе көтеруде Рахимов алдымен 195 килограмды көтеріп алды да, 200 килограмға тапсырыс берген. Бұл уақытта қытайлық Люй Сяоцзюнь үш мүмкіндігінде де 201 килограмды көтере алмай, жарысты жүлдесіз аяқтап койған еді. Қытайлық спортшының сәтсіздігінен кейін Қазақстан бапкерлері Рахимовтың тапсырысын бірден 205 килограмға көтеріп, жүлдеге таласуға шешім қабылдаған. Бұл сәтте солтүстік кореялық Ким Квонг Сонг үшінші мүмкіндігінде 201 килограмм көтеріп, қоссайыс қорытындысы бойынша 372 килограммен көш бастап тұрған.

Рахимов алтынға таласу үшін 207 килограмм көтеру керек еді. Қазақстан құрамасының бас бапкері Рахимовтың тапсырысын бірден 205 килограмнан 207 килограмға көбейтті. Ал спортшы өз кезегінде бұл штанганы көтеріп, бес-алты секунд ұстап тұрды. Төрешілер оның бұл мүмкіндігін толық есептеді. Рахимов соңғы үшінші мүмкіндігінде әлем рекордына тең 211 килограмм салмақты көтермекке талпынғанымен, бұл салмақ оның ырқына бағынбады.

Осылайша, Рахимов қоссайыс бойынша 372 килограмм көтеріп, Солтүстік Корея атлетімен тең нәтиже көрсетті. Рахимовтың cалмағы Ким Квонг Сонгтан бір килограмға жеңіл болғандықтан, ереже бойынша алтын медаль қазақтандық атлетке бұйырды. Қола жүлдені 363 килограмм (162+201) көтерген египеттік Мохамад Ихаб Юсуф Ахмед иеленді.

Хьюстондағы әлем чемпионатына 77 килограмм салмақ дәрежесі бойынша жарысқа қатысқан тағы бір қазақстандық Айдар Қазов 346 килограмм (152+194) көтеріп, тоғызыншы орынға тұрақтады.

Нижат Рахимов – этникалық әзербайжан. 2010 жылы Әзербайжан атынан Сингапурде өткен жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарында чемпион атанған. 2013 жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында күміс алды. 2014 жылы Әзербайжан ауыр атлетика федерациясы оны құрамаға қоспаған соң Қазақстан азаматтығын алып, осы елдің атынан жарыстарға қатыса бастаған.

Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Ни.
Қазақстан ауыр атлетика құрамасының бас бапкері Алексей Ни.

​Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни бұған дейін Азаттыққа берген сұхбатында “Легионерлерге де, қазақстандық спортшыларға да тең мүмкіндік беріледі. Атлет жоғары нәтиже көрсетсе, әлем чемпионатына да, олимпиадаға да барады” деген.

Хьюстондағы әлем чемпионаты қарашаның 28-і күні аяқталады. Бұл жарысқа 2014 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында алтын алған Жасұлан Қыдырбаев, күміс жүлдегер Жазира Жаппарқұл, Лондон олимпиадасының чемпиондары Светлана Подобедова мен Мая Манеза қатысады.

Ал Пекин және Лондон олимпиадасының чемпионы Илья Ильин мен Лондон олимпиадасының алтын жүлде иегері Зүлфия Чиншанло бұл әлем чемпионатына келген жоқ. Құрама жаттықтырушысы Алексей Ни осы әлем біріншілігі қарсаңында Илья Ильин мен Чиншанло Рио-де-Жанейро олимпиадасына дайындалып жатқанын айтқан.

XS
SM
MD
LG