Accessibility links

Жатақханада тұру қымбаттағанымен, «ремонт сапасы өзгермеген»


Жатақхана жанында отырған алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)
Жатақхана жанында отырған алматылық студенттер. (Көрнекі сурет)

Жаңа оқу жылында кейбір ЖОО-лар жатақханада тұру бағасын күрт қымбаттатқан. Каникулдан оралған студенттердің кейбірі үйлерінен қосымша қаражат алдырып жатқандарын айтады. Ал ЖОО өкілдері студенттерге «жатақханаларды жөндеу шығыны көбейгенін» ескерткен.

Биылғы жаңа оқу жылында Алматы мен Астанадағы кейбір жоғары оқу орындары (ЖОО) жатақханаларында тұру бағасын қымбаттатқан. Бұл туралы ақпарат берген студенттердің бәрі қысымнан қорқып аты-жөндерін жарияламауды өтінді.

Студенттердің жатақханада тұруы қымбаттаған
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:57 0:00
Жүктеп алу

ҚазҰУ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің (ҚазҰУ) аты-жөнін жарияламауды өтінген студенті жазғы демалыстан «жатақханаға жылдағыдай 30 мың теңгедей төлеймін» деген оймен келгенін айтады. Бірақ университетке келген соң ол жатақхана құнының үш еседен аса қымбаттағанын біліп, «ата-анасынан қосымша ақша салып жіберуді сұраған».

- Былтыр жатақханаға 28 мың теңге төледік. Оқу жылы аяқталғанда қосымша үш мың теңге тағы төлегенбіз. Биыл келсек, [жатақхана бағасын] үш есеге өсіріп жіберіпті. Екі кісілік бөлмеге [кісі басы жылына] 95 мың теңгеден (281 доллар), үш кісілік бөлмеге - 85 мыңнан (250 доллар), төрт кісілік бөлмеге 75 мың теңгеден (222 доллар) төлейтін болып кеткен. Бірақ жатақхананың іші сол қалпы өзгермеген. Жөндеу жұмыстары жасалмаған. Қабырғаларды ақтаған, басқа өзгеріс жоқ, - дейді ҚазҰУ студенті.

Жатақхананың тұрмыстық бөлмесінде тамақ әзірлеп тұрған студент. (Көрнекі сурет)
Жатақхананың тұрмыстық бөлмесінде тамақ әзірлеп тұрған студент. (Көрнекі сурет)

Осы университеттің аты-жөнін жарияламауды сұраған тағы бір студенті жатақханаға 95 мың теңге төлеп орналасқанын айтты. Ол «жатақхана бағасы жылда өсетін, бірақ бірден үш есеге қымбаттайды деп ойламағынын» айтады.

- 1-курсқа келгенде 18 мың теңгедей төледік. Жыл сайын екі-үш мың теңге қосылатын. Бірақ биыл жатақхананың бағасын пәтерақы сияқты төлемге көшірген. Екі адамдық бөлмеге 95 мың теңгеден төлейміз. Баға қымбаттаса да жатақхана бәрібір жетпей жатыр. Жатақханада тұрғысы келетіндер көп. Бірақ пәтерде тұрсақ, шығын 95 мың теңгеден көп болады, - дейді ол.

Педагогикалық ЖОО-лар

Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің есімін жарияламауды сұраған студенті де университет жатақханасы қымбаттағанын айтады.

- Ақылы бөлімде оқимын. Былтыр жатақханаға 40 мың теңге төледік. Биыл 45 мың теңгеге (133 доллар) көбейді. Жыл сайын бес мың қосылып жатыр. Бірақ былтырғы жатақхана сол жатақхана. Іші өзгермеген. Жиһаздары да сол күйі. Орын ала алмай жүргеніме бірнеше күн болды. Ректорат «орын болады, күтіңдер» деген соң, күнде жатақхана алу кезегін күтіп жүрміз, - дейді ол.

Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің студенттері де жатақхана бағасының 25 мың теңгеден 30 мың теңгеге (88 доллар) көтерілгенін айтты.

ЕҰУ

Тамақтанып отырған студенттер. (Көрнекі сурет)
Тамақтанып отырған студенттер. (Көрнекі сурет)

Ал Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аты-жөнін айтқысы келмеген студенті сегіз адам тұратын бөлмеге 40 мың теңге (118 доллар) төлегенін айтады.

- Былтыр 35 мың теңге төлегенбіз. Ол кезде де бір бөлмеде сегіз адам тұрған едік. Әзірше сегіз адамдық бөлмеде екі адам жатырмыз. 40 мың теңгеден төледік. Тағы адам келетін шығар деп ойлап отырмыз, - дейді 2-курс студенті.

ЖОО-лар жауабы

Жоғарыда аталған жоғары оқу орындарының басшылығы жатақхана бағасының қымбаттауына қатысты Азаттыққа қандай да бір комментарий бергісі келмеді. Азаттық тілшісі ҚазҰУ мен Еуразия ұлттық университеті ректораты мен факультет басшылықтарына бірнеше рет хабарласқанымен, нақты жауап алу мүмкін болмады.

ҚазҰУ ректоратында өзін «хатшы» деп таныстырған әйел «жатақханаға жауапты адамдардың барлығы жаңа оқу жылы басталғандықтан қарбалас жұмыс жасап жатқанын, олардың тек қыркүйектің 20-сына таман қолдары босайтынын» айтты.

Бірақ Азаттық тілшісіне сұхбат берген осы университеттің студенті «басшылық жыл сайын жөндеуге кететін материалдар қымбаттаған соң, жатақхана бағасын да өсіргендерін айтты» дейді.

Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дің бас ғимараты. (Көрнекі сурет)
Алматыдағы Абай атындағы ҚазҰПУ-дің бас ғимараты. (Көрнекі сурет)

Аталған ЖОО-лар басшылары ішінде Азаттық сауалдарына жауап беруге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің проректоры Ғани Тұрабаев қана бейіл танытқанымен, ол «біз көп көтермейміз, көтерсек сәл ғана көтереміз» деп қысқа қайырды.

Статистика комитеті дерегі бойынша, Қазақстанда 459 мыңнан астам студент бар. Оның 358 мыңы (70 пайызы) ақылы бөлімде оқиды. Бұл елде жаңа оқу жылы басталғанда студенттерге жатақханадағы орындар үнемі жетпей жатады. Мәселен, Қазақстандағы 15 мыңнан астам студент оқитын ҚазҰУ тек алты мыңдай студентті ғана жатақханамен қамтамасыз ете алады. Алматы қаласы әкімдігінің дерегі бойынша, қаладағы 12 университетте жатақхана жоқ.

Қазақстан университеттерінде грантта оқитын, ата-анасынан айырылған және көпбалалы отбасыдан шыққан студенттерге бірінші кезекте жатақхана беріледі. Ондай студенттер университетке көпбалалы отбасыдан шыққанын, ата-анасынан айырылғанын дәлелдейтін анықтама алып келуі керек. Ал ақылы бөлімдегі студенттерге жатақханадан орын артылса ғана беріледі.

XS
SM
MD
LG